ШҚО-да шекара заставасының басшысы айыпталуда

0

ШҚО тұрғыны шекара қызметінің лауазымды тұлғасы ұлымды ұрып өлтірді деп отыр. Ол содан бері бір жыл өтсе де, қылмыстық істің аяқталмағанына наразы. Кейуананың сөзінше, ұлының мәйітін қайта қазып алып тескергенде, күдіктінің ұрып-соққаны дәлелденген екен.

Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаға сілтеме жасап хабарлайды. 

«Балықтыбұлақ» шекара заставасының басшысын кінәлаған кейуана оның ұлын ұрып өлтіргенін айтады. Оның сөзінше, баласын шекара шендісі шекара тәртібін бұзды деп соққыға жығыпты. Содан бері тергеу ұзаққа созылып, тіпті, жалған куәгерлік еткендер де болған. Сондықтан елордадан келген мамандар мәйітті қыс ішінде қайта қазып алып тексерген екен. 

«Өздері «жасанды тыныс беруден қайтыс болуы мүмкін емес» деп күдіктеніп, содан кейін тексерді. Басынан 7 соққы алған, қабырғалары, төс сүйегі сынған», — дейді марқұм Олжас Бақтыновтың анасы Гүлнар Бақтынова.

Күні кеше өткен сотта прокурор да жәбірленушілердің сөзін қолдады. Ол күдіктінің кінәсі толық дәлелденгенін айтып, бір емес, бірнеше бап бойынша 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Сонымен қатар әскери шенінен айырып, марқұмның туыстарына 18 млн теңгеден астам моральдық және материалдық шығын өтеуі керектігін айтты.

Ал айыпталушы соңғы сөзінде марқұмды бір-ақ рет ұрғанын айтып, кінәсізбін дегеннен танбады. Қорғаушысы да тергеудің біржақты жүргізілгенін айтып, судьядан істің қайта қаралуын сұрады.

«Шекара аумағынан алып келген кезде әскери қызметкерлер өрескел қателіктер жіберген. Және бұл оқиғаның болу себебі – солардың жіберген қателігінен», — дейді айыпталушы.

Айта кетейік, марқұм шекара тәртібін бұзды деп ұсталғанда жанында тағы 6 адам болыпты. Олар қашып кеткен екен. Айыпталушы олардың бәрі құрт теру үшін барып, заңды бұзды дейді.

stan.kz