ШҚО-да өз үйінің ауласынан жоғалып кеткен 2 жасар бала әлі табылған жоқ
Баланы екі тәуліктен бері 200 адам іздеп жатыр
НҰР-СҰЛТАН, 18 тамыз — Sputnik. Шығыс Қазақстандағы Средигорное ауылында із-түзсіз жоғалып кеткен екі жасар баланы іздеу жұмыстары жалғасып жатыр.
Полицейлер, құтқарушылар, жергілікті орган қызметкерлері мен еріктілер баланы екі тәуліктен бері іздеп жатыр. Оқиға орнында 200-ге жуық адам жүр.
«Құтқарушылар жақын маңдағы аумақты түгел тексеруде: тоғай, шұңқыр, жерқойма, қираған құрылыстарды қарап шығып жатыр. Бала тұрған үйден 20 метр жердегі Березовка өзені қауіп тудырады», — деп хабарлады облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.
©
Photo : ШҚО ТЖД баспасөз қызметі
ШҚО-да із-түзсіз жоғалып кеткен баланы іздеу жұмыстары жалғасып жатыр
Өскеменнен арнайы кинологиялық құтқарушылар тобы келіп жеткен. Аспаннан іздеу жұмыстары квадракоптердің көмегімен жүргізілуде.
«Кеше жедел құтқару тобының сүңгуірлері өзен арнасын екі топпен қарап шықты. Квадракоптермен Березовка өзенінің аумағын жоғарыдан зерттеп жатырмыз. Өзен жағалауының маңында Средигорное селосынан 5 шақырым жерде мобильді топ құрылды», — дейді құтқарушылар.
Еске сала кетейік, Әлихан есімді бала өз үйінің ауласынан жоғалып кеткен болатын. Анасының айтуынша, ол аулада 6 жасар әпкесімен ойнап жүреді. Бұл уақытта анасы үлкен қызымен асханада тамақ пісіріп жатқан. Үйге қызы жалғыз кіреді, інісін шақырып келуге кеткен үлкен қызы оны ауладан таба алмайды.
©
Photo : ШҚО ТЖД баспасөз қызметі
ШҚО-да із-түзсіз жоғалып кеткен баланы іздеу жұмыстары жалғасып жатыр
sputniknews.kz