ШҚО-да халық санының күрт төмендеуінің себебі неде — Қазақстан жаңалықтары

0

Шығыс Қазақстан облысында шекаралық аумақтағы Марқакөл деген аудан кезінде Күршім ауданымен қосылып, бүгінде біраз ауылы бос қалған. Жергілікті халық Марқакөл ауданын қайта құру туралы да ұсыныстарын жеткізген. Дегенмен билік ауданды қайта құрғанның орнына, шекаралық аумақтағы ауылдарды дамытатын 5 жылдық бағдарламаны ұсынып отыр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

марқакөл

Жалпы, шекаралық аудандардың мәселелері әбден қордаланғаны шын. 
Бұрынғы Марқакөл ауданындағы іргелі елді-мекендердің бірі Мойылды болған. Болған дейтін себебіміз, қазір мұнда төрт-ақ отбасы тұрады. Қалғандары басқа жаққа көшіп кеткен. Қаңырап бос қалған ауылдағы үйлердің көбі қирап, жермен жексен болды. 

Аудан мәртебесінен айрылғаннан бері тұрғыны көшкен, тізімнен өшкен 8 ауыл ресми түрде жабылып қалды. Ертеде аудан орталығы болған елді-мекеннің бұрынғы және бүгінгі жағдайын қаңырап бос қалған көп қабатты үйлердің қаңқасына қарап-ақ білуге болады. 

«Балабақша деген екі жерде болған. Студгородок та болған. Бәрі де болған. Қазір ештеңе жоқ, бәрін бүлдірді. Мына үйлердің бәрінде бұрын адамдар тұрған. Осыған кейбіреулерді қолы да жетпеген үйлер болған, кезінде», — дейді Марқакөл ауылының тұрғыны Жаңыл Сәттібаева. 

Марқакөл өңірі бұған дейін де аудан мәртебесінен екі рет айырылыпты, бірақ көп ұзамай қайта құрылып, тұрғындар тіршілігін жалғастыра берген. Ал үшінші шешім 23 жылға созылып кететінін ойламадық дейді мұндағы жұрт.

Ширек ғасырға жуық уақытта бұрынғы аудан орталығында тұрған 23 мың адамнан 9 мыңға жуық адам ғана қалды. 

«Халық неге кетіп жатыр десеңіз – жұмыссыздық. Әркім өзін-өзі қамтып жатыр, асырап жатыр дегенмен, жұмыссыздық дегенді жоқ деп қойды. Ал шын мәнінде бәрі жұмыссыз жатыр. Бір сиыры барды, бір сиырымен жан сақтап жатыр дейді», — дейді Марқакөл ауылының тұрғыны Абзалбек Мұхамеджанов.

Жергілікті халық Марқакөл ауданын қайта құруды ұсынып отыр. Алайда, облыстық әкімдіктің есебінше, ол үшін кемінде 9 млрд теңге қажет. Атқарушы билік бұл ақшаны ауданды қалпына келтіргеннен бұрын, сол жақтағы халықтың өмір салтын жақсартуға жұмсаған абзал деп есептейді. Шекаралық аймақтағы аудандарды дамыту үшін кешенді бағдарлама да әзірледі. Осы жоба аясында тек биыл Марқакөл өңіріне бюджеттен 1 млрд 800 миллион теңге бөлінеді. Жалпы, 5 жылда ауданға 57 млрд теңге көлемінде қаржы беріледі деген жоспар бар.

 «57 млрд-тың 30 млрд-тан астамы көпір құрылысын салуға жұмсалады. Қалған 10 млрд Марқакөл ауданына, 10 млрд Күрішім ауданының дамуына жұмсалады деген жоспар бар », — дейді Күрішім ауданы әкімі орынбасары Ерлан Шораяқов.  

Бұқтырма су қоймасының үстінен көпір салуды Күрішім халқы көп жылдар бойы күтіп жүр. Халықтың көпірден өту қияметі мыңдаған адамның осы өңірден көшіп кетуіне бірден-бір себеп болғаны рас. Паромға симаған көлік жүргізушілері қырық пышақ болып қырқысып, жаға жыртысуы бұл жерде үйреншікті жағдай. Күзде мұз қатпай жатып, көктемде мұз еріген жоқ деп төте тартқан талай адам суға да кетті. Көпір салынса Күрішім ауданында туризм саласын дамытуға мүмкіндік мол, өйткені бұл жақтың тұмса табиғатын, әдемі өзен-көлін, талай саяхатшы көргісі келеді. Шекараның арғы жағындағы Қытайдың Ханас өңірі бүгінде миллиондаған турист келетін орталыққа айналған. Жалпы, Марқакөл өңіріне біраз ауыл шекараның тура шебінде тұр, кейбір жерде екі ортаны темір тормен бір өзен ғана бөліп жатыр, жел соққанда арғы бетте қызыл тудың желбіреп тұрғаны анық көрінеді.   

«Николаевка ауылының арғы жағына алып келіп үлкен қала салып тастады. Аржағында Қызылашы деген өңірдің тұсына үлкен фабрика салып тастады. Не өндіретінін білмеймін. Жалаңаштың бергі жағына үлкен елдімекен салып тастады. Ал біз Жалаңаштан кетіп бара жатырмыз», — дейді Марқакөл ауылының тұрғыны Қабдуали Аманжолов.

Ел іргесі күзетілгенмен, шекараны халық қорғайды. Бірақ сол шалғайдағы ауыл халқы ұзын елдің еріне, қысқа елдің қиырына кетуі көңілге кірбің түсіреді. Марқакөлдіктердің ауданды қайта құру туралы ұсыныстары осындай ойдан туындағаны анық. Дегенмен, кешенді бағдарлама бойынша ақшаның бөлінгенін, сосын жолдар мен әлеуметтік ғимараттардың жөнделгенін күтпей-ақ, туған өңірге оралып жатқан жастар қазір де бар. 

«Неге ауылдан кетеміз, керісінше осында қалып, оны көркейтуімізге үлесімізді қосуымыз керек. Мен ойлаймын әрбір адамның туған жері өзіне ыстық және де оның көркеюіне үлесін қосуға міндетті», — дейді Гүлжаз Шарипова ағылшын пәнінің мұғалімі. 
Марқакөл өңірі мал шаруашылығымен де айналысуға өте қолайлы. Осыны төрт отбасы ғана қалған Мойылды ауылындағы Жомарт Тоқбаев жақсы біледі. Сондықтан ол бұл жаққа қаладан қайтадан көшіп келіп, қазір асыл тұқымды ірі-қара малын өсіріп жатыр.

«Қалада жеңіл емес екен. Ауылға қайта оралдық, мал өсірейік, өзіміздің ауылды көркейтейік деп. Жастарға айтатыным, ауылға қайтса дұрыс болар еді, адам көбейсе, ауданды құру оңай болады», дейді ауыл тұрғыны Жомарт Тоқбаев.

Жалпы, ел шекарасының 13 пайызы Шығыс Қазақстан өңірінде. Соңғы 20 жылда облыстың Қытаймен  көршілес жатқан аудандарында халық саны 2-3 есеге азайды. Бұған әлемдік үрдіске айналған урбанизация, қалаға шоғырлану, жаһандану жағдайлары да әсер етті. Дегнмен, жұрттың туған ауылын тастап, бақытты алыстан іздеп кетуіне басқа факторлар аз болмады. Шекаралық аймақты дамытуға арналған бағдарлама қазіргі жағдайды қаншалықты өзгертетінін уақыт көрсетер. Бұл аудандарда бұған дейінде талай бағдарлама жүзеге асқан, алайда арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар.  
 

stan.kz