ШҚО-да атқа мінген ауыл әкімі қасқырдан құтқарып қалды
Оқиға былай болыпты. Аудан тұрғындары Павел Лигостаев жұбайы Салауат Табысбаева және досы Бекболат Текеневпен бірге Ново-Поляковка ауылынан 20 шақырым жердегі омартаға барып, бір қонып, таңертең жаяулап жолға шығады. Алтайдың ауа-райының күрт құбылатынын білсе де, ештеңеден сезіктенбей алаңсыз келе жатады. Арада бір жарым сағаттай уақыт өтер-өтпесте боран соғып, үшеуі адасып кетеді. Қолдарында балта мен ұялы телефонннан басқа түк жоқ. Дегенмен ұялы телефондары кәдеге жарап, ақ түтектің арасында 112 нөміріне қоңырау шалып, адасып кеткен жерді шамалап айтып үлгереді. Адасқандарды іздеуге Ново-Поляковка ауылының әкімі Сержан Байбосынов, ауылдық округтің маманы Асхат Рахимов, жүргізуші Дамир Әубәкіров, учаскелік полиция қызметкері Радмир Бұтабаев, фельдшер Наталья Даркимбаева және Огнево ауылының тұрғындары Айтқазы Құстыбаев пен Серік Алтынов аттанады. Қысқасы, олар адасқан үшеуді түнгі сағат 1 шамасында бір-ақ табады. «Кешкі сағат алтыларға қарай жел саябырсыды. Қараңғы түсіп, қар жауды. Бізді қасқыр торуылдап жүр екен. Шошыту үшін қатты айғайлап, жақындап қалған кезде қолшамның жарығын түсіріп отырдық. Ең бастысы, бізді іздеп табады деген үмітімізді үзбедік. Әсіресе жұбайымды қатты уайымдадым. Ол барынша шыдауға тырысты, бірақ бізді тауып алуға бір сағаттай уақыт қалғанда қалжырап, ұйқысырап кетті. Бағымызға орай, іздеуге жергілікті жерді жақсы білетін, бұған дейін де талай адамдарды құтқарып жүрген Айтқазы Құстыбаев шығыпты. Ново-Поляковка әкімі Сержан Байбосынов, Айтқазы Құстыбаев және Серік Алтынов үшеуі атпен жүр екен, бізді бірінші тапқан солар. Дәл сол кезде ұялы телефонымыз да сөнді. Азаматтарға айтар алғысымыз шексіз», — дейді бір ажалдан аман қалған Павел.
Естеріңізге сала кетейік, осы жылы көктемде болған су тасқыны кезінде Зырян ауданы әкімінің орынбасары Жанна Асқарқызы тұрғындарды құтқару үшін өз өмірін қатерге тіккен болатын.
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»
Шығыс Қазақстан облысы, Катонқарағай ауданы