ШҚО-да әйелдің киімін киген ер адам шағын несиелік ұйымды тонап кетті

0

Шығыс Қазақстан облысында әйелдің киімін киген ер адам шағын несиелік ұйымды тонап кетті.

Бұл туралы облыстық полиция департаменті хабарлады.

Департаменттің баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға 21 наурызда Риддер қаласында болған. Сағат 11.30 шамасында қала тұрғынынан қоңырауы түскен. Ол микроқаржы ұйымдарының бірінің кеңсесінде тонау болғанын мәлімдеді. Оның үстіне жәбірленуші шабуылдаушы «қыз» болды деп сендірді. Бұл туралы Stan.kz жазды.

«Оқиға орнына жедел тергеу тобы, сондай-ақ криминалдық полиция қызметкерлері жіберілді. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері шабуылдаушы жақын маңдағы аулаларда бой тасалап, қашып кеткенін анықтады. Жедел іздестіру барысында «қыз» ұсталды. Ұрлық жасаған Риддер қаласының 45 жастағы тұрғыны болып шықты. Ол бұрын ауыр қылмыс жасағаны үшін сотталған», — деп хабарлады полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Күдіктінің дәл осы қаржы ұйымын тонауды көптен бері жоспарлап келгені белгілі болды.

«Ол әйелдің киімін киіп, өкешесі бар аяқ киіммен ұрлыққа барған. Шашына парик киіп, орамал таққан және маскада болған. Кеңсеге кірген ол қарумен қорқытып, ақшаны алып кеткен», — деп толықтырды полиция.

Қазіргі уақытта аталған факт бойынша Қылмыстық кодекстің 191-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.