«Шовинизм, кейде діни тұрғыдағы қысым»: Ресейлік қазақ Астрахан облысындағы қандастарымыздың өмірі туралы әңгімеледі — Қазақстан жаңалықтары

0

Данияр Имашев, Астрахан облысының қазағы, Енотаевка ауылында туып өскен. Данияр — имам, сонымен қатар “Астрахан облысы қазақтары” қазақ мәдениетін сақтау және дамыту аймақтық қоғамдық ұйымның жетекшісі. Ол қазақ тілін үйретеді және балаларын өз дәстүрін біліп, құрметтейтін нағыз қазақ етіп тәрбиелейді. Stan.kz-ке берген сұхбатында Данияр Ресейдегі қазақтардың тұрмыс-тіршілігі, онда қазақтарға қалай қарайтынын және қазақ болғанына не себепті мақтанатыны жайлы айтып берді. 

— Данияр мырза, қазіргі уақытта немен айналысасыз?

— Мен діни кездесулер, қоғамдық шаралар ұйымдастыру, Құдай жолдар өткізумен айналысамын. Баланың туылғанынан бастап, неке арқылы үйлендіріп, соңғы сапарға жанама намаз арқылы шығарып салуға дейінгі салт-жоралғылардың барлығын қазақи дәстүрмен жасаймыз. Жалпы АМУ-дың (Астрахан мемлекетік университеті) Ресей тарихы кафедрасында аспирантураны бітірдім, жақында 2012 жылдан бері жұмыс істеп жатқан “Астрахан облысының қазақтары” қоғамдық ұйымның жетекшісі қызметіне тағайындалдым. Бізде қазақ тілін дамытуға арналған жобалар көп. 


— Рухани жолда қызмет етуге не түрткі болды?

— Негізгі мамандығым бойынша инженермін, кейін рухани бағытқа қарай ауысқанымда туған-туыстарым мені айыптаған болатын. 19 жасымда алғаш рет намазға тұрдым, сөйтіп ата-бабалар жолымен кетуді шештім. Мен әрдайым қазақтарды ояту керек, ой-санасына әсер етіп, оларды сонау Абай, Шәкәрім, Исатай сияқты келешегі үшін барын салуға дайын азаматтар ретінде өсіру керек деп санадым. Бұл мен үшін маңызды. Бүгінде халық имамдарды аса жақтыра бермейді, айыптайды. Кішкене ағаттық кетсе, сөгеді. Оның әрбір іс-қимылын аңдып, бағып отырады. Меніңше, рухани салада жұмыс істетйіндермен ауызбіршілікте болып, оларға түсіністікпен қарау керек. 

— Сіздің аймақта имамдардың жалақысы қандай? 

— Имамдардың жалақы мөлшері жергілікті жерге және әлеуметтік жағдайға байланысты белгіленеді. Біздің аймақта имам болу сұранысқа ие емес. Менің ресми жалақым 12000 рубльден сәл астам (70 113 тенге) болды, сонымен бірге мал ұстайтынмын, оны ақшаға аударатын болсақ, жалпы 27 000 рубль (157 806 тг) алатынмын. 

Қазақстанда имамдар қанша табатынынан хабарым жоқ, бізде олар шамамен 20 мың рубль алады. Ал негізінен көп имамдарға жалақы төленбейді, адамдардың бергенімен күндерін көреді. 

Ауыл әкімшілігінің басшысы қандай жалақы алса, имамға да сондай көлемде жалақы төленуі керек деп санаймын. Ол бизнеспен, өзін-өзі жарнамалаумен айналыспауы керек, өйткені имам — рухани дүниенің адамы, адамның жүрегімен, жанымен жұмыс істейтін адам, ол бар ынтасын соған бағыттауы тиіс. Оның үстіне, имам бір жағынан мұғалім де, тәлімгер де және дәрігер, белгілі дәрежеде ағартушы және уағыздаушы.

— Instagram-дағы парақшаңызда қазақ тілін үйретуге бағытталған айдар жүргізесіз, кім үшін? 

— Жергілікті қазақтарға, балаларға қазақ тілін үйретемін. Whatsapp-та екі үлкен топ бар, онда 500-дей адамға қазақ тілін үйретемін. Сондай-ақ, Facebook, ВКонтакте, Одноклассники желілерінде қазақ тіліндегі арнайы айдарым бар “Бүгінгі күннің сөзі” деген. Бұл — менің хоббиім, өзіме ұнайды. Екінші жағынан, тілді ұмытпау керек. Оны сақтау, дамыту менің борышым санаймын, практикалық сабақтар ұйымдастыруды бағытында жұмыс істеп жатырмыз.

— Тарихи отаныңызға деген махаббат, қазақ тілді үйренуге деген ынта қайдан пайда болды?

— Әкем жеткіншек кезімде қайтыс болды. Мені өгей әкем тәрбиеледі, менің ана тіліме, тарихыма деген махаббатымның оянуына сол кісінің әсері көп болды. Өзім қазақтар аз қоғамда өстім. Шешендердің ана тілінде сөйлегендеріне аузымнан суым құрып қарайтынмын. Сонда “Неге мен өз ана тілімде сөйлемеймін?” деген сұраққа жауап таба алмай, ата-әжелеріміздің қазақ тіліндегі бір-екі ауыз сөзін естіп мәз боп жүретінмін. Дәл осы кезде қазақ тілін үйренемін деп шештім.

— Ресейдегі қазақтардың тұрмыс жағдайы қандай?

— Қазақтар бұл аймаққа Жәңгір хан тұсында қоныстана бастаған. Соңғы алпыс жылда көбейе бастады. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін аштық кезеңінде Атырау, Маңғыстау облысында тұратын қазақтар Ресейге көшті. Ресейдегі қазақтар ең көп қоныстанған аймақ — Астрахан облысы. Қазақстанда тұратын қазақтармен салыстырғанда жергілікті тұрғындардың сөйлеу мәнерінде айырмашылықтар бар. Мұнда қазақтар жұмсақ сөйлейді. Мысалы, “Жоқ” дегенді “Жөқ”, “Жақсы” дегенді “Жәқсі” деп айтады. Мұның себебі көрші татар мен ноғайлардың сөйлеу мәнері әсер етсе керек.


— Астрахандық қазақтар қандай әдет-ғұрыптарды сақтайды, өзге ұлт өкілдерімен неке құра ма?

— Қазақтар көбіне қазақтармен отбасын құрады. Соның ішінде шамамен 5 пайыз, яғни әрбір 20-қазақ өзге ұлтпен некеге отырады деуге болады. Бұл тек Астрахан облысына қатысты.

Мұнда соңғы ресми деректер бойынша 150 000 адам тұрады. Алайда біздің пайымдауымызша, қазақтардың саны аталған ресми деректе көрсетілгеннен екі есе көп. Қазақтар арасында діни жоралғылар жақсы сақталған.  Біздің рухани және дінге деген беріктігіміз мәдени құндылықтарды сақтауға сеп болады, себебі мұндағы қазақтар өз тарихын білгісі келеді. Біздің аймақта қалмақтар, шешендер, дағыстандықтар тұрады. Қалмақтар тұратын аймақта да, қазақтар баршылық. Қалмақтар қоныстанған аймақтағы қазақтар арасында аралас некедегілерді кездестіруге болады.

Ұлттық тағамнан бауырсақты жиі пісіреміз, әрбір жұма сайын деуге болады. Бала кезімнен бауырсақтың иісінен оянатынмын. Бауырсақ, бешбармақ, қуырдақ — әрбір қазақ отбасының дастарханынан ойып тұрып орын алатын тағамдар. Ұлттық тағамдар, әсіресе, Ораза мен Құрбан айтта жиі жасалады. Алайда біз жақта Наурыз мейрамына қарағанда, Көрісу күні кең тойланады. 

— Ресейліктер қазақтарға қандай көзқараста?

— Меніңше, отанында тұратын қазақтар қолда бардың қадірін білмейді: Алланың оларға берген сыйын — қазақ болып туу бақытын сезінбейді. Біз ресейлік қазақтар тарихи отанның қадірін шетте жүргендіктен түсінеміз. Жырақта жүріп, түрлі қиын жағдайларды, кейде шовинизм, кейде діни тұрғыдағы қысымды бастан өткереміз, әрине мұның бәрі ашық түрде орын алмайды және заң жүзінде бұған тыйым салынған. Мысалы, жұмысқа тұрғанда және пәтер жалдағанда тек славяндарды алатындар болады. Кейбіреулер ашық түрде орыстардан басқа ұлт өкілдеріне пәтер бермейміз деп айтады. Осыдан бірнеше жыл бұрын біздің қазақтың Тлеуқабылдары Анатолий, Серікжандары Сергей, ал Сағындықтар — Александр болып есімін өзгерткен. Сонда соған ызаланып, әдейі оларды қазақша есімдерімен атайтынмын. 

— Балаларыңызға қазақ тілін үйретесіз ба? Олар қазақтың дәстүрі мен мәдениетін біле ме?

— Балаларымды “қазақсың” деп қана емес, “мұсылмансың” деп тәрбиелеймін. Рухани құндылықтарды сақтаудағы ең үлкен құлшыныс беретін нәрсе — сенім. Біздің ата-бабаларымыз діни сенімдегі адамдар болғандықтан, Алланың бергенін: ұлт, мәдениет, дәстүрді сақтап қала алған. Ұлтқа деген сүйіспеншілік ұлтшылдыққа ұласып кетпеуі керек, әрине. Алайда өз ұлтын әр адам сүйіп, құндылықтарын дәріптеп, дәстүрін, тілін сақтап, дамытуы тиіс. Себебі бұл бізге Алладан берілген аманат. Балаларымды қарсы алдыма отырғызып, оларға ислам, дін, сенім жайлы айтып, қазақ тілін үйретемін. 

— Қазақстанға соңғы рет қашан келдіңіз? Тарихи отаныңызға оралу жоспарыңызда бар ма? 

— Мен бұл жайлы жиі ойланамын. Біріншіден, Қазақстанда не істеп, не қоятынымды білмеймін. Жаңа ел — жаңа өмір, жаңа қарым-қатынас. Екіншіден, мұнда менің кішкене болсын пайдамды келтіремін, қазақ тілін дамытуға, сақтауға үлесімді қосамын. Алайда, ертең не болатынын ешкім білмейді. Мен Қазақстанға 3-4 рет бардым. Жұбайым — Жаңаөзен қаласының тумасы, оның туыстарына барған уақытта қазақ тілінде сөйлеу жақсы тәжірибе болды.

Қазақстанға жиі бармасам да, әрдайым ұлтымды, елімді ойлап жүремін. Салт-дәстүр, мәдениетімнің, рухани құндылықтар мен тарихымның және ең бастысы тілімнің ертеңіне алаңдаймын. 

Имам ретінде рухани салада жұмыс істеймін, бірақ сонымен бірге қоғамдық жұмыстармен айналысамын. Шынын айту керек, мұндағы адамдар қазақ мәдениеті мен тілінің тағдарына алаңдаушылық танытпайды, сондықтан бізге тарихи отанымыз тарапынан осы аймақта қазақ мәдениетін сақтап, дамытуға көмек көрсетілсе деген де тілек бар. 

— Әңгімеңізге рақмет, ісіңіз алға бассын! 
 

stan.kz