Шоумен Зеленский президенттікке кандидат ретінде ұсынылды

0

«Халық қызметшісі» партиясы украиналық шоумен Владимир Зеленскийді Украина президентігіне кандидат ретінде ұсынды. Бұл туралы Азаттықтың Украин қызметі хабарлады.

Шешім 21 қаңтарда партияның кезектен тыс съезінде қабылданған. Владимир Зеленский президент сайлауына кандидат ретінде қатысатынын былтыр 31 желтоқсанда, жаңа жылға бірнеше минут қалғанда мәлімдеген.

Ал «Схема» программасының журналистері Ресейдегі «Грин Филмс» компаниясын Кипрдегі компаниялар арқылы шоумен Зеленский басқаратынын мәлімдеген. Әуелде бұл ақпаратты «жалған» деген Зеленский «Схемаға» берген сұхбатында Ресейдегі бизнесі туралы айтудан бас тартқан. Бірнеше күннен соң «Грин Филмстің» акцияларына иелік етінін мойындаған және «жақын арада Кипр компаниясынан шығам» деп уәде берген.

Зеленский «Квартал 95» компаниясы «Сваты» телесериалы үшін Ресейден әлі күнге ақша алатынын, бұл сериал 2014 жылы Ресей Қырымды аннексиялап, Донбастағы соғыс басталғанға дейін түсірілгенін айтқан.

Зеленский қазір Украинадағы «1+1» телеарнасында шығатын «Слуга народа» сериалында президент рөлін ойнайды. Украина ақпарат құралдары шоуменді «1+1» телеарнасының қожайыны, қазіргі президент Петр Порошенкомен арасы салқын миллиардер Игорь Коломойскийдің жақын серіктерінің бірі деп атайды.

Украдинада сайлау кампаниясы ресми түрде 31 желтоқсанда басталған. Президент сайлауы 31 наурыздаі өтеді.

Дереккөз: Азаттық