Шоу-бизнес өкілдері анасының қандай өсиет айтқанын айтып берді
Отандық шоу-бизнес жұлдыздары жетістікке жетудің формуласын жалпақ жұртқа жариялауды жөн көрді. Бүгінде танымалдылыққа ие болған әртістердің дәл осылай даралануына ата-анасының әрдайым демеуі мен рухани жәрдемі зор септігін тигізген. Stan.kz тілшісіне сырын ақтарған әнші қауымының құпиясы назарларыңызда.
Мәселен, Мөлдір Әуелбекованың анасы қиын кезеңдерде әрдайым қызының қасынан табылады. Әнші өмірінде түрлі сәтсіздікке тап болса да, жабырқаулы жанын ең жақын адамының жылы сөздері емдейді және рухани қолдауы көмектеседі.
«Ең бірінші мені анам сабырға шақырады. Ашумен асығыс шешім қабылдауға болмайды деп әрдайым айтады. Өйткені, менің анам өте сабырлы адам. «Сабыр – ақыл серігі», «Сабыр түбі сары алтын» деп айтып отырады. Адам сабырлы болса, көп проблемадан алшақтайды екен. Ашуға берілмейді.
Мысалы, сабырсызданып ренжісіп қалған кезде, ашумен бір нәрсе айтып қоясың. Сондай жағдайда сабыр сақта дейді. Менің анам көбіне мақалдап та сөйлейді. Көп ақылын мақалдап айтады. Мен анаммен көп сөйлесемін. Арамызда ешқандай құпия жоқ. Біз әрдайым өте ашық сөйлесеміз», — дейді Мөлдір Әуелбекова.
Мәдина Сәдуақасоваға да әлемнің жарығын сыйлаған жанның жиі өсиетін айтып отыратынын бөлісті. Анасының тілегі — Қазақстанға танымал қызының өмір мен өнер жолында адамдықтан аттамауы.
«Анам маған өсиетін өте жиі айтады. Күні бүгінге дейін үйретеді, өзінің ақылын аяған емес. Ең бастысы, кім болсаң да, адам бол! Танымал әнші болсаң да, биікке ұшып кетсең де, құлап қалған жағдайда да үнемі адам бол қызым» деп отырады. Ешқашан да өзіңді басқа адамдардан биік ұстама, ол жас па, үлкен болсын мейлі, оның мамандығы, мансабына қарама. Бәрімен тең бол» деп отырады. Менің анам бәрімен бірдей араласып, бірдей сөйлескенімді талап етеді», — дейді Мәдина Сәдуақасова.
Динара Сұлтанды да анасы қаршадайынан өнерге баулып, әлі күнге дейін жігерлендіруден жалыққан емес. Көптің бірі болмауын әрі әрдайым биікте жүруін қалайды. Бүгінде бес баланы дүниеге әкелген әнші бикеш санасына сіңіріп өскен өсиетті өзінің ұл-қыздарына айтып, өмірлік кәдесіне жаратып жүрсе керек.
«Анам мені кішкентайымнан өнерге жетелеген. Әрдайым маған айтатыны: Динара, әрқашан алға, ешқашан мойыма! Өнер мен өмірде өз биігіңді ұста дейді. Мәселен, қазір әртүрлі жанрда, әртүрлі ән көбейіп жатыр ғой. Мен сол өзімнің деңгейімді ұстауға тырысамын. Ал өмірде әр ананың айтатын өсиеті: ұрлық жасама, өтірік айтпа, адамдарға көп көмектес. Ашық бол, ең бастысы, адал бол деп отырады. Мен өз балаларыма да дәл солай күн сайын айтып жүремін», — дейді Динара Сұлтан.
Жұлдызды сауалнамада Сара Амангелді де сырын ақтарды. KeshYou тобының экс-әншісі отандық эстрадада анасының арқасында жүргенін жасырмайды. Өйткені қызын өнерде қолдап, қоштайтын продюсері де сол кісі. Бүгінгі таңда әлі тұрмысқа шықпаған ару мен анасы арасында келешекте жар таңдауда жаңылмау туралы тақырып жиі талқыға салынады.
«Жақында мамама қатты риза болдым. Бұрындары әдемі жігітке тұрмысқа шығамын деп айтатынмын. Сол кезде мамам ақылын айтты. Қызым, ең бастысы сенің амандығың, сенің денсаулығың және сенің бақытың. Қазір ақша болмаса, ешкім емессің ғой. Бірақ ата-анам үшін ақша маңызды емес. Әртүрлі аналар болады ғой. Осындай жігітке шығу керексің, материалдық жағдайына қара деген сияқты. Оның ешқандай құпиясы жоқ. Өмір ғой. Ал менің анам үшін ешқандай дүниесі жоқ жігіт кездессе де, ең бастысы, менің бақытты болғаныма шүкірлік етеді», — дейді Сара Амангелді.
Анасының өсиеті жайлы сауалнамаға отандық эстраданың тек нәзік жандылары емес, ер қауымы да барынша атсалысты. Бүгінде хитке айналған «Опмай-опмай» орындаушылары үшін жарық дүниені сыйлаған жанның әрбір сөзі мен айтар ақылы құнды.
«Маған анам әрдайым абай бол дейді. Анамның жиі айтатын ақылы осы. Өйткені, мен өте сенгіш адаммын. Соны жиі байқайтын болу керек. Сен алаңғасарланып біреуді көрсең жабысасың да қаласың, соған құдайша сенесің дейді. Сол қашанда алданып қалмауымды сұрайды. Өйткені шектен тыс ақкөңіл екенімді біледі. (Күледі.) Есейіп кетсем де, анамның дәл бұлай алаңдауы орынды. Енді әрбір ата-ана қорқады ғой баласы үшін», — дейді «Азия» тобының әншісі Ербол Шәріпов.
Ескерту! Эксклюзив материалды көшіріп басу үшін редакцияның хат түріндегі рұқсаты қажет! Хат түріндегі рұқсат берілген жағдайда, эксклюзив материалды жарияланған уақытынан 24 сағаттан кейін ғана көшіруге рұқсат беріледі
stan.kz