Бір адамның жағдайы ауыр: Шорнақ ауылында не болып жатыр?
Түркістан облысы Кентау қаласы маңындағы Шорнақ ауылында жаппай төбелестен үш адам жарақаттанған, көзі жарақаттанған бір адамның жағдайы ауыр. Бұл туралы 23 шілде күні Азаттыққа облыстық денсаулық сақтау басқармасы хабарлады. Полиция «бұзақылыққа қатысы бар» деген күдікпен төрт адамның ұсталып, тергеу басталғанын хабарлады.
Түркістан облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, Шорнақ ауылында «ер адам мен ауылдастарының арасында түсінбеушілік болып, соңы бұзақылыққа ұласқан». Полицияның айтуынша, «жәбірленушінің үйіне көлікпен келген бірнеше адам оның және көршілерінің үйіне тас лақтырған». Оқиға орнында үш адам жарақаттанған. Оқиға орнына барған учаскелік полицей де лақтырылған тастан жарақаттанған.
Әлеуметтік желіде тараған видеолардың бірінде полиция формасын киген ер адамның иегі мен кеудесінде қан бары көрінеді. Оның жанында тұрған тұрғындар «тас лақтырғандардың әрекетін» айыптайды. Департамент мәлімдемесінде полицейдің тұрғындардың қару қолдануына жол бермегені де жазылған.
Азаттық тілшісі мән-жайды анықтау үшін Шорнақ ауылдық округінің әкімдігіне хабарласты. Телефон тұтқасын көтерген әкімдік қызметкері оқиғаға байланысты тек полиция департаменті ақпарат беретінін, ауылдық округтің әкімі ауыл ақсақалдарымен шығып кеткенін жеткізді.
23 шілдеде әлеуметтік желіде тараған видеолардың бірінде ауылда әскерилер жүргені, ауыл тұрғындарының мектепке ұқсас ғимарат маңында жиналып тұрғаны көрінеді.
Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасының айтуынша, Шорнақ ауылының үш тұрғыны Түркістан қалалық орталық ауруханасының жарақат бөліміне 21 шілдеде жеткізілген. Басқарма 1998 және 1997 жылы туған екі тұрғын орташа дәрежеде жарақат алғанын, өміріне қауіп жоқ екенін айтады. Ал 1998 жылы туған тағы бір тұрғын ауыр көз жарақатымен ауруханаға жатқызылған.
Шамамен 11 мыңнан астам тұрғыны бар Шорнақ ауылында қазақтар мен этникалық өзбектер тұрады.
azattyq.kz