Шорнақтағы қазақ-өзбек қақтығысы: Сот үкімі шықты

0

Ұлтаралық мәселеге келгенде биліктің сақтықпен қимылдайтыны, қара халықтан көп нәрсені бұғып қалатыны  жасырын емес. Биыл шілдеде Түркістан облысы Кентау қаласына қарасты Шорнақ елді мекенінде болған бұзақылық әрекеттер жергілікті атқарушы органдарды, құзырлы органдарды аяғынан тік тұрғызды. Президент Тоқаев әкімдерге шұғыл тапсырма берді. Жағдайды ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев бақылауына алды. Карантиннің сылтауымен аталған елді мекенге блокпосттар қойылды. Облыс әкімі Шөкеевтен бастап ауыл әкіміне дейінгі аралықтағы атқамінерлер Шорнақты торауылдады. Ауыл тұрғындарымен әңгіме жүргізілді. Алайда көпшілік қазақ-өзбек отбасылары араласып қоныстанған Шорнақта нақты не болғанын білген жоқ. Бірақ ел арасында, әлеуметтік желіде  «қазақтар мен өзбектер төбелесіпті» деген сөздердің таралғаны рас. 

Жуырда Кентау қалалық соты осы жәйт бойынша үкім шығарды. Мән-жайды осы үкім бойынша сабақтасақ.

Оқиға 21 шілдеде түнгі уақытта Қосмезгіл ауылының тұрғыны Ифтихар Жұмадуллаевтың жеке көлігімен келе жатып, ауыл дүкені жанында өзінің бұрыннан білетін танысы А.Төлбасиев деген азаматты масаң күйде жолықтыруынан басталады. Бұл істе И.Жұмадуллаев  басты айыпталушы болып табылады. Үкімде 32 жастағы жігіттің ауылда мектеп мұғалімі болып істейтіні жазылған. Ұлты өзбек.

Дүкен алдында  кездескен жігіттердің сөздері жараспаған. Ақыр аяғында И.Жұмадуллаев А.Төлбасиевтің бір ұрып құлатып, үйіне кетіп қалған. Арада біраз уақыт өткенде бір топ жігіттер И.Жұмадуллаевтың үйіне келіп, тас атқылап,  терезелерді қиратқан. Түн ішінде болған сұмдық жәйттан көпшілік құлақтанып, ауыл іші  у-шу болған… Өз алдына бөлек қаралған бұл жайтқа біз кейнірек тоқталамыз.

Қылмыстық істің екінші айыпталушысы Мадамин Жұмадуллаевтың жасы 43-те. Ифтихар Жұмадуллаевтың туған ағасы. Үкімде оның Өзбекстан азаматы екендігі жазылған. Яғни,  інісі Қазақстан, ағасы Өзбекстан азаматы.  Мадамин Жұмадуллаевтың көрші елдің азаматтығын қандай жағдайда алғаны, карантин кезінде Қазақстанда не шаруамен жүргені белгісіз. Үкімде оның әлдебір жеке фирмада жұмыс істейтіні жазылған.  Мадамин інісінің үйінде болған жәйтты анасынан естіп, тез арада көлігімен аталған жерге  барады.  Жалғыз ол емес,  оқиға орнында ағалі-інілі төрт Жұмадуллаев-Мадамин, Зульфикар, Жалил және Ифтихар  бас қосқан.  Ойрандалған үй үшін олар енді есе қайтаруға кіріседі.

Ашу-ыза кернеген Мадамин мен Ифтихар шектен шыққан. Олар бауырларымен бірге көше бойындағы адамдар тобынан оқшауланып тұрған  А.Төлбасиев пен М.Қордабайды нысанаға алады. Мадамин алдымен қолындағы арматурамен М.Қордабайды ұрады. Ол қорғанып жатқан кезде Ифтихар А.Қордабайдың басына таспен соққы береді. Ағайындылар А.Төлебасиевке де тас атқылаған. Тастардың бірі оның аяғына тиген. Төлбасиев осыдан кейін ауылдағы дүкен алдында учаскелік полиция қызметкері Н.Құралбаевты жолықтырып, оған мән-жайды айтады. Оқиға орнына барған полицей М.Қордабайды Жұмадуллаевтардың тепкісінен ажыратып алған.

Бұл кезде Төлбасиев көмекке басқа жігіттерді де шақырып үлгерген. Оқиға орнына Н.Орал, Т.Ералы, М.Сембек, Е.Әбдіхадыр, О.Дүйсебек және М.Мұсабек келген. Алайда ағайынды Жұмадуллаевтар полицейдің тоқтатуды талап етуін тыңдамастан бұзақылық әрекеттерін одан әрі жалғастыра береді. Алдымен Мадамин мен Н.Орал жаға ұстасқан. Осы сәтте Ифтихар Н.Оралдың басына арматурамен ұрған. Қатты соққыдан жәбірленуші есеңгіреп, құлап қалған.  Ифтихар достарына көмектесу үшін жүгіріп келе жатқан Е.Әбдіхадырға тас лақтырады. Көзіне тиген тастан ол да есінен танған. Сараптама қорытындысы бойынша оқиға кезінде  Н.Орал және А.Төлбасиев «жеңіл», Е.Әбдіхадыр «ауыр» дәрежеде жарақат алған.

Істің қысқаша мән-жайы осылай. Құдай сақтап, кісі өлімі орын алған жоқ. Ал бұл істің соңы қайғылы жағдайға апарып соқпасына кім кепілдік бере алар еді?! Тас пен арматураның өзі де талай адамның ажалына себеп болды емес пе? Егер отыз-қырық жастағы жігіттер суық немесе отты қаруға қол салғанда… Онда оқиғаның ақыры  «есеңіреп құлап қалу емес», «тіл тартпастан жантәсілім етумен» аяқталуы әбден мүмкін еді ғой. Бұл жерде полиция қызметкері Н.Құралбаевтың өзіне тиесілі міндетті табандылықпен атқарып, қайғылы жәйттарға жол бермегенін айта кеткен жөн сияқты.

Сот үкімімен Ифтихар Жұмадуллаев бұзақылық және денеге қасқана ауыр зиян келтіру баптары бойынша кінәлі деп танылып, 6  жылға шартты жазаға кесілді. Ал оның ағасы Мадамин Жұмадуллаевқа 3 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындады. Қалған екі Жұмадуллаевтың ісі жәбірленушілермен татуласуына байланысты қысқартылған. Жалпы сот барысында жәбірленушілердің барлығы да сотталушылармен өзара келісімге келгендерін, оларға қоятын ешқандай кінәларының жоқтығын айтқан.

Ал түн ішінде И.Жұмадуллаев пен З.Жұмадуллаевтың ауласына кіріп, терезелерін қиратып, З.Жұмадуллаевты ұрып кету дерегі бойынша жоғарыдағы жеті жігіттің үстінен қылмыстық іс қозғалып, ол бойынша қыркүйек-қазан айларында Кентау қалалық соты төрелігін айтып қойған. Сот қаулысымен  айыпталушылардың ісі жәбірленушілермен татуласуына байланысты қысқартылған. Қылмыстық істе тек жалғыз айыпталушы Мәди Қордабай ғана полиция қызметкері Н.Құралбаевты ұрғаны үшін 1,6 жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді.  Қордабай өзін Жұмадуллаевтардың тепкісінен ажыратып алған учаскелік полицейдің сол жақ бетінен қойып қалған көрінеді. Алайда сот барысында Қордабайдың өзінің кінәсін мойындамаған.

Oinet.kz