«Шомылған соң күйеуімнің бұл әдеті сап тиылды»: Қызылорда облысындағы құпия бұлақ туралы не белгілі?
Қызылорда облысы Жаңақорған ауданының аумағында шипалы бұлақ суы бар. Бұл мекен жергілікті тұрғындарға Құттықожа сахабаның бұлағы ретінде танымал. Көпшілік біле бермейтін бұлақ туралы аудандық мұражайды ұзақ жылдар бойы басқарған тарихшы Нәбихан Шалапов айтып берді, деп хабарлайды kznews.kz сайты nur.kz сайтына сілтеме жасап.
«Аудандағы тарихи орындардың қатарына Құттықожа сахабаның бұлағын да қосуға болады. Бұл бұлақ жайлы жергілікті тұрғындар жақсы білгенімен, басқа аумақтағылар мұндағы шипалы судан аса хабардар емес. Біз бала кезімізде лагерьге келгенде осы бұлаққа түсіп, ішінде бір минут та отыра алмайтын едік. Қазір де солай. Судың салқындығы сонша, ішінде санаулы секундтар ғана тұрақтай аласың. Есесіне, көптеген ауруға емі бар. Әсіресе, жараларды тез кетіреді. Естуімше, түнде ұйқысынан тұрып кететін жандарға осы бұлақ суы аса шипалы екен.
Құттықожа сахаба туралы аңыз өте көп. Ол ұрыста жараланып, аяғының қаны тамған жерді таспен қоршап қойған. Осы орайда, бізге тиіп тұрған Түркістан облысының біршама алға озғанын айта кету керек. Ол жақта Үкаш ата деген шипалы орын бар. Сол жердің төбесін 17 метрге дейін қоршап, емделушілердің келуіне ыңғайлы етіп қойған. Өкінішке қарай, бізде әзірге мұндай жағдай жоқ. Бұл жерде Құттықожадан бөлек, тағы 40 сахаба өмір сүрді деген дерек бар. Олардың аттарының тұяғы тиген жерлерден су шығады. Бірақ бұл кішігірім бұлақтар құрғап, тартылып қалады», — дейді Нәбихан Шалапов.
Құттықожа бұлағының кезбе ауруларына таптырмас ем екенін аудан тұрғыны Жәудір Бақытжанқызы да растап отыр.
«Қызым түнгі ұйқы кезінде өздігінен сөйлеп, төсегінен тұрып кететін. Ұйқылы-ояу үй кезіп жүретіні мені қатты алаңдатты. Талай мәрте ем жасап, кейін осы бұлақтың көмегі барын естідік. Дереу қызымызды әкеліп, бұлақ суына шомылдырған соң кезбеден түбегейлі құтылдық. Кейін осы бұлақ суына күйеуім де шомылды. Оның да түнде ұйқысынан тұрып, ұйықтаған қалпында үй кезетін әдеті бар еді. Құттықожа бұлағына үш рет шомылған соң бұл әдеті сап тиылды», — дейді Жәудір.