Шөкеевтің пиары мен Назарбаевтың қола ескерткіші туралы ақпаратқа қанша ақша төленді?

0
269

Бұл туралы «Ras Aitamyn» телеграм каналы жазды.

Былтыр пандемия басталғанда Түркістан облысының қоғамдық даму басқармасы Tengrinews порталымен 12,9 млн теңгеге келісімшарт жасасты. Tengrinews бұл тендер есебінен былтыр сәуірде облыс әкімдігі індетке дайындалып, аудандық, қалалық ауруханаларға ИВЛ аппараттары сатып алынғанын жазды. Бірақ індет өршігенде облыс ауруханаларындағы ИВЛ сапасыз болып шықты, науқастардың туыстары сапалы ИВЛ іздеп кеткенін тәуелсіз ақпарат құралдары жазды.

Ал індеттің шарықтау шегінде дәрі-дәрмек тапшы болғанда Tengrinews Шөкеевтің Өзбекстаннан 500 млн теңгеге дәрі-дәрмек сатып алынды деген мәлімдемесін берді.

Түркістан облысындағы коронавирус құрбандарын аза тұту күнін де портал Шөкеевтің пиарына айналдырып жіберген. Tengrinews Шөкеев пен шенеуніктердің облыс әкімдігі алдында коронавирус құрбандарын аза тұтып, бір минут үнсіздік жариялаған іс-шарасы туралы жазды.

Дәл осы күні Түркістан облысы тубдиспансерінің дәрігерлері көшеде қаз-қатар тізіліп, еске алу акциясын өткізгені естеріңізде ме? Мұның арты дауға айналып, әлемжелідегі жұрт жұмыста жүрген дәрігерлерді көшеге тізіп қойғандарды сынаған. Tengrinews сол күні облыстық тубдиспансер бас дәрігерінің “пандемиядан көз жұмған дәрігерлердің рухына тағзым ету – әріптестік парызымыз” деп ақталған мәлімдемесін берді. Tengrinews-те шыққан әр ақпаратқа 393 мың теңге төленді.

Пандемия басталғалы Түркістан облысы әкімдігі Tengrinews-тің меншік иесімен 51,9 млн теңгеге келісімшарт жасасты.

Биыл наурызда Түркістан облысының қоғамдық даму басқармасымен 15 млн теңгеге келісімшарт жасасқан Zakon.kz порталы Шөкеевтің мәлімдемелері мен қызметін белсенді көрсетіп жатыр. Мысалы, Шөкеев Түркістанның қандай бағытта дамып жатқанын айтқан ақпаратқа 126 мың теңге төленді. Ал қаңтар айында жасасқан 2,6 млн теңгенің келісімшарты бойынша, Zakon порталында шыққан екі ақпараттың бірі Шөкеевті насихаттайды. Әр ақпаратқа 100 мың теңге төленді.

Шөкеев бірқатар аудан әкімінің жұмысын сынады
Шөкеев кәсіпкерлерге кепілсіз несиені қалай алуға болатынын айтты
Шөкеев: Жол картасы ең өзекті мәселелерді шешеді
Шөкеев Түркістандағы құрылыс қарқынын күшейтуді тапсырды

Zakon.kz 39 миллион еуроға салынған “Түркістан-арена” стадионы UEFA талаптарына сай сертификациядан өтті деп стадионның жарысқа дайын екенін жазған. Бірақ арада бір айдан соң ел чемпионатының алғашқы ойынында жауған нөсер жаңбырдан стадион шалшыққа айналып, футболшылар су кешіп жүрді.

Шөкеевтің халыққа есеп беру жиынынан портал әкімнің бірнеше мәлімдемесін беріп, онлайн есеп беруді 50 мың адам тамашалағанын жазған. Осылайша, түркістандықтар әкімнің есеп беру жиыны туралы ақпараттар үшін Zakon порталына 400 мың теңге төледі.

Пандемия басталғалы Түркістан облысы әкімдігі Zakon порталымен 24,7 млн теңгеге келісімшарт жасасты.

Ал Nur.kz порталымен әкімдік пандемия басынан бері 15,6 млн теңгеге келісімшарт жасасты. Былтыр пандемия кезінде берілген 5,7 млн теңгенің тендері бойынша Nur.kz облыстың пандемияға дайындығын белсенді көрсетті. Әлбетте, ақпараттың бел ортасында Шөкеев жүрді. Мысалы, Шөкеев пандемиямен күреске 2,5 миллиард теңге бөлінгенін айтса, індет өршігенде дәрі-дәрмек сатып алынғанын мәлімдеген. Тіпті коронавирустан қайтыс болған дәрігерлердің туыстарына өтемақы беріледі деген әкімнің мәлімдемесі үшін порталға ақша төленді. Әр ақпарат үшін порталға 190 мың теңге берілген.

Жақында Түркістанда Назарбаевқа ескерткіш қою бастамасы көтеріліп, желіде мүсіннің суреті тараған. Осы шу көтеріліп жатқан кезде Informburo.kz порталы сол суреттегі елбасына мүсінді қоладан дайындатқан кәсіпкер Болатбек Әлиевтің пікірін берген. Мүсін қазір дайын екенін айтқан кәсіпкер қоғам мен әкімнен оны тұрғызуға рұқсат сұрады. Осы ақпарат  үшін Түркістан облысы әкімдігі Informburo порталына 156 мың теңге төледі. Сарапшылар елбасының ескерткіші Түркістанда 6 шілде күні ашылады деп жатыр. Пандемия басталғалы Informburo порталының меншік иесімен әкімдік 15,9 млн теңгеге келісімшарт жасасты.