Шөкеев тапсырманы орындамаған әкімдер жұмыстан қуылатынын қатаң ескертті
Түркістан облысының әкімі бірнеше ауданда атаулы әлеуметтік көмек беру кезінде олқылықтар жіберілгенін мәлімдеді
НҰР-СҰЛТАН, 10 желтоқсан – Sputnik. Түркістан облысында атаулы әлеуметтік көмек көрсету кезінде олқылық жіберген шенеуніктерге шара қолданылмақ, деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Өңір басшысы Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен өткен жиында атаулы әлеуметтік көмек көрсетуге қатысты соңғы мәліметтер жарияланды.
Түркістан облысында қанша отбасы АӘК алады
Соңғы мәліметке сәйкес, облыс халқының саны – 2 011 628 адам (344 мың отбасы), оның ішінде 86,6 мың көп балалы отбасы бар.
«Биыл облыс бойынша АӘК көрсету мақсатында жалпы 70,8 миллиард теңге бөлінген. Оның ішінде республикалық бюджеттің үлесі – 65,7 миллиард теңге. Атаулы әлеуметтік көмек 100 мыңнан астам отбасындағы 632,8 мың адамға тағайындалды», — деді баяндама жасаған Түркістан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаева.
АӘК беру кезінде қандай олқылықтар жіберілді
Бірнеше ауданда атаулы әлеуметтік көмек беру кезінде олқылықтар жіберілген. Оған қайта есептеулердің уақытылы жүргізілмеуі, құжаттардың дер кезінде өңделмеуі, бюджет қаржысының дұрыс жоспарланбауы (Ордабасы, Кентау, Түркістан) және алдын-ала бір жылдық АӘК төленуі (Кентау қаласы) себеп болған.
Тағы оқыңыз: Жаңа мемлекеттік жәрдемақының талаптары түсіндірілді
Өмірзақ Шөкеев бұл үшін әкімдер жауапты болатынын, тапсырманы осы жолы орындамағандар креслосымен біржолата қоштасатынын қатаң ескертті.
«Атаулы әлеуметтік көмек көрсету мәселелері – халық арасында ұдайы талқыланып, сынға іліккен мәселе болды. Бұл өте маңызды мәселе. Жүйелі емес жұмыстың шикілігі шығады. Оған жол берген жауаптылардың кінәсін нақты фактімен дәлелдеп, жазалайтын боламыз. Қазір тың идеясы мен ақылы бар мамандарды аңдыған заман. Заманауи технологияның тілін игерген, идеялы тұлғаларды жұмысқа тартыңдар», — деді аймақ басшысы жиналыс барысында.
sputniknews.kz