Шөкеев Арыс тұрғындары апта соңында үйіне оралатынын мәлімдеді

0

Тұрғындар қалаға нақты қашан кіргізілетіні 28 маусым күні хабарланады

НҰР-СҰЛТАН, 26 маусым — Sputnik. Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев баспасөз мәслихаты кезінде Арыстағы жағдай тұрақталып, қауіптің беті сейілгенін мәлімдеді, деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Қазіргі таңда Арыс қаласындағы төтенше жағдай толық бақылауға алынды. Еліміздің қорғаныс министрлігі мен төтенше жағдайлар комитет, облыс әкімдігі, ішкі істер департаментінің өкілдері Арыс қаласында ауқымды жұмыстар атқарып жатыр. Өрт толық сөндіріліп, көшелер мен үйлер тексеруден өткен.

«Арыс қаласына тұрғындарды апта соңында кіргіземіз. Уақытын нақты 28 маусым күні хабарлап айтамыз. Себебі, халықтың қауіпсіздігі үшін қаланы әлі де толық тазартуымыз қажет. Тұрғындарды қалаға кіргізу үшін Арыс қаласы 17 секторға бөлінді. Осы секторларға облысымыздың 16 ауданынан 640 жауапты (1 аудан – 40 адам) азамат бекітілді», – деді Шөкеев.  

Әкімнің айтуынша, тұрғындар үйіне оралған соң тұрғын-жайларға келтірілген шығындарды есептеу үшін фото-видеофиксация жасалады.

«Осы материалдар келтірілген шығындарды есептеуге көмек береді. Тұрғындарды үйлеріне орналастыру үшін облыстық полиция қызметкерлері мен дәрігерлер, төтенше жағдай департаменті мен құзырлы мекемелер үздіксіз қызмет көрсетеді. Арыс қаласы толық қалпына келеді. Алаңдайтын ештеңе жоқ. Мемлекет тарапынан арыстықтарға қолдау көрсетіледі. Бұл қиындықты да бірге еңсере аламыз», –деп түйіндеді өңір басшысы.

Арыстағы жарылыс

24 маусым күні таңертең Түркістан облысы Арыс қаласындағы әскери бөлімде өрт шығып, қоймада сақталған оқ-дәрілер жарылды. Салдарынан үш адам көз жұмып, 160-тан астамы дәрігерлердің көмегіне жүгінген.

Түркістан облысында төтенше жағдай жарияланды. Қауіпсіздік мақсатында қала тұрғындары түгелдей жақын маңдағы елді мекендерге көшірілді.

Аталған оқиғаға қатысты «Қару, басқаларға қауіп тудыратын заттар мен нәрселерді сақтау ережесін бұзу» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Кешке таман Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Арыс қаласына ұшып кетті. Мемлекет басшысы жарылысқа кінәлілердің заң жүзінде қатаң жазаланатынын айтты.

25 маусым күні ішкі істер министрінің орынбасары жарылыс тіркелмегенін, бірақ жарылыс қаупі әлі де сақталып отырғанын мәлімдеді. Қорғаныс министрлігінің ұйымдастыруымен саперлер қала аумағындағы теміржол жолдар мен стансаларды тексеріп жатыр.

Сондай-ақ, жарылыс кезінде жоғалып кеткен балалардың ата-аналарымен қауышқаны хабарланды.



sputniknews.kz