Шетелге кететін түлектердің саны азайып келеді

0

«Білікті маман» бағдарламасымен 400 грант бөлінді

Әуелі сандарға көз жүгіртелік. 11 жыл (немесе 9 жыл) қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқ­тырмай мемлекеттің қаржысын шығындап, оқытып-тоқытқан оқушыларымыздың шекара асуы негізінен өңірдің өзге ұлт өкілдері көптеп қоныстанған аудандарында орын алған. 2016 жылғы деректерге зер салсақ, облыс мектептерін тәмамдаған 8314 түлектің 1823-і шетелге, оның ішінде 1800-і (20,7 %) Ре­сейге жол тартыпты. Мәселен, 2016 жылы Өскеменнен бітір­ген 1405 түлектің 480-і, Семей­ден 1540 түлектің 495-і, Риддер­ден 235 түлектің 178-і, Алтай (Зырян) ауданынан 336 түлектің 199-ы, Шемонайхадан 177 тү­лек­тің 150-і, Курчатовтан 57 тү­лек­тің 47-сі іргедегі елде білім алу­ды ұйғарған. 2017 жылы көр­сеткіш біршама төмендеп, өңір мектептерін аяқтаған 9178 түлек­тің 890-ы (9,8 %) шетелді, оның 868-і қоңсы қон­ған мем­лекетті таңдапты. Бір таң­ғаларлығы, жаңағы 868-дің 630-ы (606-сы университетке, қал­ғаны – колледжге) грантқа түсіпті. Қалғаны – ақылы. Осы жылы Өскемен қаласынан мектеп бітірген 1472 түлектің 283-і Ресейдің оқу орындарына түссе, соның 201-і (195 – университет, 6 – колледж) грант ие­гері атанған. Облыстық білім басқармасы берген деректерге көз жүгірткенде байқағанымыз, көрші мемлекеттің колледж­деріне ақылыдан гөрі грантқа түсушілердің (2017 жылы біздің 26 түлек колледжге түссе, соның 24-і грантқа ие болған) көптігі. Осы жылы Риддерден мектеп бітір­ген 271 тү­лек­тің 138-і теріскейді бетке алса, соның 113-і (109 – университет, 4 – колледж) грантқа ие болыпты. Ал биыл облыс мектептерінен қанат қаққан 9741 түлектің тек 636-сы ғана шетелге кеткен. Демек, бұрынғыдай жаппай ағылудың тыйылғанын көреміз. 

Түлектеріміздің шетте бі­лім алуына себеп көп болған се­кілді. Біріншіден, іргедегі елдің жеңілдетілген гранттарының (одан бөлек жайлы жатақхана, тағы басқа) көптігі себеп болса, екіншіден, еліміздегі гранттар санының аздығы, жатақхананың жеткіліксіздігі, оқу бағасының қымбаттығы да әсер еткен сияқ­ты. Үшіншіден, отандық оқу орындарының «алма піс, аузыма түс» ұстанымы, яғни түлектер арасында кәсіби бағдар жұмыстарын тиісті деңгейде жүргізбеуі, «келсе, келер, келмесе, қояр» деп жайбарақат жүруінің де ықпалы аз болмаған тәрізді. «Біз бұл мәселені зерт­теп, сараптама жасадық. Сон­да көрші мемлекеттің білім орталықтарының біздің түлек­терді өздеріне тарту үшін жү­­йелі түрде жұмыс істе­ге­ніне көз жеткіздік. Бұған об­лыс­тағы өзге ұлт өкілдері көп қоныстанған аудандардағы ме­к­­теп ди­рек­тор­ларының да мүдделі болғанын білдік. Осы­ның нәтижесінде Риддер қаласы мен Бородулиха, Алтай (Зырян), Глубокое, Шемо­найха аудандарында ҰБТ тап­сыру көрсеткіштерінің төмен­дегенін байқадық. Тіпті өңір­дегі кейбір жоғары оқу орындары оқытушыларының оқу­шыларды өзге елде білім алуға дайындағанын да анықтадық. Көрдіңіз бе, облыстағы университеттер түлектерді өздеріне шақыру жұмыстарын дұрыс жүр­гізбей, құлықсыздық таныт­қан соң Ресейдің білім орталықтары Өскемен, Семей, Риддер қала­лары мен Шемонайха, Алтай аудандарының мектеп директорларымен белсенді жұмыс істеген. Мән-жайға қаныққан соң өңірдегі жоғары оқу орындарының басшыларына қатаң талап қойдық. «Қол қусырып, қарап отырмай түлектер үшін күресіңіздер. Аудан­­дарға, ауылдарға бары­ңыздар, оқушы­лармен сөйле­сіңіздер. Қандай ма­мандық бар екенін айтыңыздар» дедік. Білім орталықтарының жұмысын жандандыруды да тапсырдық. Ең маңыздысы, облыс басшысы Даниал Ахметовтің тапсырмасымен аймақтағы жоғары оқу орындарының бәсекеге қабі­леттілігін арт­тыру және өңір тү­­лек­терінің шетел­ге кетуін азай­­ту мақсатында үш бағыттан тұ­ратын «Білікті маман» атты кешенді бағдарлама қабылдадық. Бағдарлама аясында 2017 жылы жергілікті бюджет есебінен облыс әкімінің 200, биыл 400 гранты бөлінді», дейді облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова. 

Жоғары оқу орындарының жұмысы жанданды

Оқушылардың көрші елде білім алуға құмартуының себе­біне үңілген облыстық білім басқармасы Ресейдің жоғары оқу орындары мен білім орталықтары қазақстандық түлектерді өздеріне шақыру үшін үгіт-насихат жұ­мыстарын наурыз, сәуір айларында бастап кететіндіктерін анықтады. «Олар оқушылар ара­сында түрлі олимпиада мен ба­й­қаулар өткізіп, «сен оқуға түстің» деп балаға сертификат беріп кетеді. Ал біздің жоғары оқу ор­ын­дары мұндай жұмыстарды жүргізбеген. Облыстағы университеттер кәсіби бағдарлау жұмыстарын 2017 жылдың қазан айынан бастап белсенді жүргізе бастады. Әуелі Өскеменде, кейін Семейде «My PRO» мамандық фестивалі ұйымдастырылып, осы қалалар мен Риддер ша­һары, Шемонайха, Алтай жә­не Глубокое аудандарында «Уни­верситет күндері» өткізілді. Осы жылдың қыркүйегінен бас­тап жоғары оқу орындарының жа­нындағы білім орталықтары ҰБТ-ға дайындау курстарын жандандырды», дейді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Байжанова.

Мұнымен қоса 2017 жылдың қарашасынан облыстағы 5 жо­ғары оқу орнында (Д.Серік­баев атындағы ШҚМТУ, С.Аман­жолов атындағы ШҚМУ, Шә­кәрім атындағы Семей мем­лекеттік университеті, Қазақ ин­­новациялық гуманитарлық-заң университеті, Қазақстан инновациялық университеті) «Ка­никулды пайдамен» ат­ты ауыл­дық жерлердегі оқу­шыларды дайындау курс­тары қолға алынып, 5 мыңға жу­ық оқушы әзірліктен өтті. Аты айтып тұрғандай, облыс мек­теп­терінің оқушылары күзгі, қысқы және көктемгі каникул кезінде бір аптаға қалаға ке­ліп, студенттік өмірдің лебін сезініп, жатақханада тұрып, университет оқушыларының дәрісін тыңдап, түрлі олимпиадалар мен байқауларға қатысты. «Осы дайындау курстарының нәтижесінде өзге ұлт өкілдері көп қоныстанған және облыстың басқа да аудандарының түлектері шетелге кетпей, Өскемен мен Семейдің оқу орындарына түсті», дейді А.Байжанова.

Он жеті мамандық ашылды

Аудан-ауылдарда оқушы­лармен кездесіп, кәсіптік бағдар жұмысын белсенді жүргізген жоғары оқу орындарының бірі – Өскемендегі Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті. Білім ордасының ректоры, профессор Мұхтар Төлеген бастаған, факультет декандары, кафедра меңгерушілері қостаған университет қызметкерлері биылғы қаңтар, сәуір-мамыр айларында облыстың 11 ауданы мен 

1 қаласында болып, оқушылармен кездесіп қайтыпты. «Біз арнайы маршрут жасадық. Кездесулерде бұрынғыдай бір профессорды апарып, екі сағат сөйлеткен жоқпыз. Сол ауданның, ауылдың мектептерін бітірген студенттерді өзімізбен бірге ерте бардық. Осы жұмыстардың нәтижесі деуге болатын шығар, биыл 40-қа жуық спорт шебері, Әлем, Азия чемпиондары, 39 «Алтын белгі», 

40 үздік аттестат иегерлері біздің университетке түсті. Оқу орнында қоғамның сұранысына ие 17 жаңа мамандық ашылды. Университет тарихында алғаш рет интеграцияланған математика-физика, математика-информатика, физика-информатика, химия-биология, география-тарих мамандықтарына талапкерлер қабылданды. Ерекше атап өтер дүние, жыл сайын 1 курс­қа қабылданатын талапкерлер 1-1,5 мыңнан аспайтын болса, биыл 2600-ден асты», деген оқу орнының ректоры М.Төлеген биыл грант иегерлерінің саны артып, 814-ке (2017 жылы – 606) жеткенін айтты.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Прези­дент­тің бес әлеуметтік баста­масы» атты халыққа Үндеуі мен қазан айындағы Жолдауында жоғары білім алудың қолжетімділігі мен маман дайындаудың сапасын арттыруға ерекше тоқталып: «Біз гранттардың санын көбейттік, енді жауапкершіліктің кезеңі келді. Жоғары оқу орнының табыстылығын бағалаудың бас­ты критерийі – оқу бітірген студенттердің жұмыспен қам­тылуы, жалақысы жоғары жұ­мысқа орналасуы» деген болатын. Облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» мен «Білікті маман» бағдарламасы өңірдегі жастарға үлкен үміт сыйлағанын, биыл Шығыс Қазақ­станға 3 мың грант бөлінгенін, былтыр өңірдегі ҰБТ тапсырған түлектердің 48 пайызы білім гран­тын иеленсе, биыл респуб­ликалық және жергілікті бюджет қаражаты есебінен бұл көрсеткіш 56 пайызға жеткенін айтады. Сондай-ақ өңірдегі жоғары оқу орындары түлектерінің жұ­мыс­пен қамтылуы біршама жақ­сарғанын, 2017 бұл көрсеткіш 89,5, 2018 жылы 90,5 пайызға жуық­тағанын жеткізді. «Облыс басшысы Д.Ахметовтің бастамасымен 2017 жылдан бері жергілікті талапкерлерді қолдау және өңірде сұранысқа ие мамандарды дайындау үшін облыс әкімінің білім гранты бөлініп келеді. Биыл 400 грантқа қоса алғаш рет жергілікті бюджет есебінен 46 орынға мемлекеттік білім тапсырысы берілді. Жалпы, «Білікті маман» бағдарламасы аясында балабақша, мектеп, колледж, университеттердің материалдық базасын нығайтып қана қоймай, ондағы тәрбиешілер, мұғалімдер мен оқытушылардың біліктілігін арттыру ойымызда бар», дейді Әсем Бекқызы.

Жалпы, «Білікті маман» бағ­дарламасы шеңберінде 2022 жылға дейін 4 мың балабақша қыз­меткерін, алдағы 3 жыл көле­­мінде мектеп, орта және кә­сі­би-техникалық білім сала­сындағы 3750 маманды курстық дайындықтардан өткізу жос­парланып отыр. Бұған дейін «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы «Менің мектебім» жобасы бойынша облыстағы 277 толық комплектілі мектептің 476 кабинеті химия, физика, биология және роботты техника сыныптарымен, Назарбаев зияткерлік мектептерінің тәжі­рибесі негізінде заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған-ды. Енді 2019 жылдың 1 тоқ­санына дейін өңірдің барлық 655 мектебі IT сыныппен және Назарбаев зияткерлік мектебі үлгісінде жаңа интерактивті тақталармен қамтамасыз етілмек.

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы