Шетелдіктер Қазақстан туралы көп білулері қажет – корей ғалымы

0
Ақтөбе, BAQ.KZ тілшісі. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанның аймақтарын дамыту бойынша стратегиясының маңызын отандық және шетелдік сарапшылар айтып берді. Ақтөбеде өткен халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға келген шетел ғалымдары еліміздің 30 жылға жуық уақыт ішінде адам танымастай өзгергеніне таңданыстарын жасырмады.

Тәуелсіздік алған 27 жылда дамушы елдер қатарына қосылған Қазақстанның бүгінгі жетістігіне шетелдік сарапшылардың көзқарасы айрықша.Оңтүстік Кореяның Пусан қаласындағы Тонмён университетінің ғылыми қызметкері Сон Си Мьон аз уақытта жас мемлекеттің алпауыт елдермен иық тіресе саяси шараларға қатысып жүргеніне таңданысын жасырмады. 30-дан астам елді аралаған Оңтүстік Корея азаматы қазақ тілін жетік меңгерген. Қазір Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетіндегі «Корей тілі орталығының» директоры.

«Қазақстан маған қатты ұнайды. Халқы — қонақжай. Қазір қазақтар арасында достарым көп. Қазақстанның 27 жыл ішінде осылай дамығаны таңқаларлық жағдай. Әлемнің көп елдерін араладым. Қазақстанды білетіндері аз. Дегенмен, қазақстандықтардың тарапынан жарнамаланып, айтылуы керек. Елдің даму қарқыны өте жоғары. Кеңес Одағы кезіндегі жылдармен салыстырғанда қазір әлдеқайда ілгерілеген»,-деді Оңтүстік Кореяның Тонмён университетінің ғылыми қызметкері Сон Си Мьон.

Тәуелсіз мемлекет, Астана мен шекара — Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тарихта қалатын үш маңызды еңбегі. Өңір басшысы Бердібек Сапарбаев мемлекет басшысының еңбегін осылай бағалады.

«Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан, қазақ үшін жасаған еңбегін білеміз. Тәуелсіз мемлекет, шекара, Астана секілді тарихта қалатын үш маңызды еңбегі бар. Кеңес үкіметі кезімен салыстырғанда қазір қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығы 73 жасқа дейін артты. Мемлекет басшысы Қазақстанның негізгі дамуы өңірлерге байланысты екенін, халықтың негізгі бөлігінің өңірлерде тұратынын ескере келе тәуелсіздік алған жылдардан бастап, өңірлерге көп көңіл бөлді. Соңғы 10 ай ішінде біздің экономикамызға 500 млрд. теңгенің инвестициясы тартылды. Өткен 27 жыл ішінде Ақтөбеде 14 миллион шаршы метр тұрғын үй берілді. Биыл 600 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға бердік. Барлығы мемлекет басшысының, қабылданған мемлекеттік бағдарламалардың нәтижесінде жасалды. Ақтөбе — елдегі төртінші ірі қала. Біздің Мәртөк ауданы Қазақстанның батыстағы қақпасы болу керек. Ол жерде экономикалық аймақ құрылу қажет»,-деді Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев.














 





Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!


Дереккөз: BAQ.KZ