Шетелден көлік алған семейліктер үкіметке хат жазбақ
18 қаңтарда Семей қаласында Еуразия экономикалық одағының басқа елдерінде тіркелген көліктерді сатып алған ондаған адам “Спартак” стадионына жиналып, биліктің “шетелдік нөмері бар көліктер Қазақстанда заңсыз жүр” деген мәлімдемесіне наразылық білдірді.
Кейін жұрт жиналған жерге “Жолдағы қабылдау” деген баннері бар полиция автобусы келді. Жүргізушілермен қалалық полиция басқарамасы бастығының орынбасары Шалқар Қанағатов сөйлесті.
— Қазір бұл мәселе әлі қаралып жатыр. Көліктер Қазақстаннан шығарылған жоқ. Бұл – тек түсіндіру жұмыстары. Бастамашыл топ жинаңыздар. Көшеге жиналғандарыңыз артық. Толғандырған сұрақтарыңызды жазыңыздар. Біз заң қабылдайтын органдарға жібереміз, — деді ол.
Жүргізушілердің полиция өкілінің сөзіне көңілі толмады.
— Ресейден әкелген көліктерді уақытша тіркеуге болатыны жайлы айтты. Кейін бұл уақытша тіркеуге көп ақша төлейді екен деді. Көлігімді Ресейден әкелгендіктен осы мәселе алаңдатады. Бұл көлік арзан әрі жайлы болған соң алдым. Қазақстаннан шығарады екен деген әңгіме де шықты. ІІМ өкілдерінен толық жауап алу үшін келдік. Нақты жауап әлі естіген жоқпыз. Себебі өкіл бұл мәселе әлі қаралып жатыр деп айтты. Бірақ бұл жауап көңілімізден шыққан жоқ, — жүргізуші Ерсайым Салауатов.
Жиын кезінде “Бізге құлақ асқандарыңызды қалаймыз!”, “Бізді тыңдамайды, үндеу жазайық!”, “Сабыр сақтайық, көліктерді шығармаймыз деп жатыр ғой” деген түрлі сөздер айтылды.
Жиналғандар кейін ережені өзгерту туралы үкіметке хат жазуға келісті.
— Қазақстанда бір жылдан бері жүрген армениялық және қырғызстандық машиналарға (Армения және Қырғызстан нөмерлері бар көліктер – Ред.) заңмен тыйым салынады деген ақпараттан соң жиналдық. Бұл шешім қабылданып қойған. Оны қайта жоймайды ғой. Мен көліктің қанша жүргенін қалай анықтайтынын сұрадым. Бұл мүмкін емес деп ойлаймын. Олар көліктің елде жүрген уақытын кеденнен өткеніне және шыққанына байланысты анықтамақ. Қырғызстандық нөмері бар машиналардың бәрін тоқтатып, айыптұрағына қойып, кейін Армения мен Қырғызстанға жібереді деп ойладық. Жұрт қолындағы көлігін алып қоя ма деп қорқады, — дейді Семей көлік жүргізушілер қоғамдық қорының жетекшісі Болат Жүнісбаев.
Жүнісбаевтың айтуынша, көлік жүргізушілері бастамашыл топ құрып, билікке хат жазуға да келісті.
18 қаңтарда шетелден көлік алғандар Алматы, Ақтөбе, Петропавлда да жиналды. Олар биліктің “тіркелмеген шетелдік көліктер елде заңсыз жүр” деген мәлімдемесіне қарсы шықты. Қазақстан үкіметі жұрт шетелден алған көліктеріне баж салығын төлеп, тіркеуі керек деп санайды. Көлік иелері тіркеу мен баж салығының қымбаттығына шағынады.
ІІМ әкімшілік полиция комитеті көлік иелеріне үш әдіс ұсынған:
- Барлық төлемдерді өтеп, көлікті тіркеу (Қазақстанда “Евро-4” cтандартына сай келмейтін көліктер тіркелмеді. Ал жүргізушілер шетелден алған көліктерін тіркеу құны тым қымбат екенін, көліктің бағасынан асып кететінін айтады).
- Көлікті Қазақстаннан отыз күнге шығарып, кейін қайта алып кіру.
- Көлікті шетелге апарып, сату.
ІІМ дерегінше, Қазақстанда ЕЭО мүше Армения, Қырғызстан, Беларусь және Ресейден алынған 170 мыңнан астам көлік жүр. Билік шетелдік нөмермен жүрген көліктер тіркелмесе, заң бұзып, жазадан құтылып кетеді деп есептейді. Ал жүргізушілер бірнеше адамның кесірінен заң бұзбайтын ондаған мың адам зардап шегеді деп санайды.