«Шетелдегі қазақтардан кешірім сұраймын»: Әміржан Қосанов сайлаудың әділ өтуі туралы айтты — Қазақстан жаңалықтары
Бүгін Орталық сайлау комиссиясы ресми түрде Әміржан Қосановты президенттікке кандидат ретінде тіркеді. Осы орайда кандидат әділ сайлау болатынына сенетіні жеткізді, деп хабарлайды Stan.kz тілшісі.
«Биліктің қанша сыншысы болсам да, өзімнің ұстанымымнан айнымасам да, бүгін Орталық сайлау комиссиясына алғыс айтқым келеді. Жасыратыны жоқ, сайлау барысында «Ұлт тағдыры» ұйымы атынан мені ұсынып, демократиялық күштер сенім білдірген кезде «Қосанов сайлауға тіркеле ме, тіркелмей ме» деп күмәнданды. Қасақана жасалған ақпараттық шабуылдар болды. Осы сәтке дейін «әй, тіркеу болмайтын шығар» деп ойладық. Бүгін президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың әділ сайлау өткізуге кепілдік беремін деген сөзінің бір нышаны деп білемін», — деп айтты кандидат.
Қосановты қолдап 14 өңірден 131 189 азаматтың қолы жиналған болатын. Олардың ішінде 129 582 қол рас деп танылды.
«131 мың қолды тапсырған кезде облыстық штабтарға өте мұқият болыңдар деп айттық. Ертең оның ішінде өтірік қолдар шығып, жалған ақпарат болса билік алып тастауы мүмкін дедік. Штабтың өзінде үлкен тексерістер өткіздік. 130 мыңның ішінде мыңнан астам ғана алынды, ол штаб жұмысының мейлінше сапалы болғаны деп білемін», — деп айтты Қосанов ОСК брифингінде.
Ол Орталық сайлау комиссиясына Қасым-Жомарт Тоқаевтың әділ сайлау өтеді деген уәдесіне сеніп келгенін айта кетті.
«ОСК сайлаудың әділ өтуіне мүмкіндік береді деген сенімдемін. Алдағы сайлау науқаны қалай өтеді, қандай әдіс-тәсілдер пайдаланылады, заңның аясында өте ме, заңбұзушылық бола ма, осы туралы ОСК хаттамасын бұзып, кешірім сұрап, төрағаның алдында пікірімді айттым. Яғни, президент Тоқаев уәде берді, кепілдік берді. Президенттің сөзін жерге тастамау керек. Бұған дейінгі біз сынап жүрген теріс әрекеттердің болмауын бір жағынан өтіндік, бір жағынан талап еттік», — деп айтты Қосанов.
Кандидат қол жинауға қатыса алмаған ауылдағы азаматтардан кешірім сұрады.
«Қол жинауға уақыт аз болды. Ауыл-аймақтардағы, аудандардағы азаматтардан кешірім сұраймын. «Ұлт тағдыры» негізінде құрылған штабтар алыс аудандарға жете алмады. Талай адамдар «Қалай сізге дауыс береміз» деп хабарласып ниетін, ілтипатын білдірді. Сол кісілерге алғыс айтып, кандидат ретінде бара алмай жатқанымызға кешірім сұраймын. Бірақ сайлау науқаны басталғаннан кейін әр қазақтың үйіне баруға тырысамыз», — деп
қол жинау мәселесі бойынша ұсыныстарын айтты.
Әрі қарай электронды-цифрлық мәліметтерді кеңінен пайдалануға шақырды.
«Бізде бар электронды цифрлық қолды неге қол жинауға пайдаланбаймыз? Неліктен облыс, аудан орталықтарынан шалғай жатқан азаматтар қол қою процесіне қатыса алмайды? Мұны Парламент ойлануы керек. ЭЦҚ арқылы некеге тұрып, үйленіп, ажырасып жатыр. Неге осындай науқанға қолдана алмаймыз? Шетелде қанша қазақ жүр. Біздің штабқа хабарласты. Олардан да кешірім сұраймын. Шетелде жүрген Қазақстан азаматтары осы процестен тыс қалып қойды. Орталық сайлау комиссиясы мен Парламент осыны ескеруі керек», — деді кандидат.
Қосанов сөз соңында қазақстандықтарды сайлаудан қалыс қалмауға шақырды.
«Куәлік қолда. Бағдарлама дайын. Оны біз 11 мамырдан соң айтамыз. Халықтың қолдауы бар. Әділ сайлау өтуі үшін бар күшімізді саламыз. «Бойкот», дауыс беру туралы қоғамда үлкен пікірталас туып жатыр. Сайлауға келіп, өздеріңіз қалаған кандидатқа дауыс беріңіздер. Отырып қалмаңыздар», — деп сөзін түйіндеді ол.
stan.kz