Шетелдегі қазақ балалары армандарымен бөлісті

0

Елордада алғаш рет шетелден келген қазақ балалары үшін «Ұлы дала ұрпағы» жазғы мектебі ашылды

НҰР-СҰЛТАН, 10 шілде – Sputnik. Шетелден келген қазақ балалары нені армандайтынны айтып, Қазақстаннан алған әсерлерімен бөлісті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Назарбаев зияткерлік мектептері Нұр-Сұлтан қаласында алғаш рет шетелдегі қазақ диаспорасының балаларына арналған «Ұлы дала ұрпағы» жазғы мектебін ашты. Ресей, Иран, Моңғолия, Түркіменстан, Тәжікстан, Өзбекстан мен Қырғызстаннан келген 150 бала қазақ тілі, Қазақстан тарихы бойынша білім алып, қазақ халқының салт-дәстүрімен танысады. Сондай-ақ, олар үшін жаратылыстану-математика, робототехника, дизайн, көшбасшылық пен шешендік өнер бойынша тренингтер ұйымдастырылады.

Жазғы мектепті «Отандастар» қоры мен дүниежүзі қазақтары қауымдастығы ұйымдастырып отыр.

Осы орайда шетелдегі қазақ балаларының нені армандайтынын сұрап көрдік.

16 жастағы Руслан Байдәулетов Түркіменстанның Дошагуз уәлаятынан келген. Түркімен мектебінде білім алса да, қазақшасы жақсы.


©
Sputnik / Дәурен Ерболат

Руслан Байдәулетов Түркіменстанның Дошагуз уәлаятынан келген. Түркімен мектебінде білім алса да, қазақша жақсы біледі.

«Дошагуз уәлаятындағы Отан деген ауылда тұрамын. Ол Түрікменстанның астанасы Ашхабадтан 500 шақырым жерде орналасқан. Түркімен мектебінде оқимын. Қазақстанға бірінші рет келдім. Тарихи отаным ұнап жатыр. Елорда әсем ғимараттарымен қайран қалдырды, таңғалдым. Түркіменстандағы отбасымның, ауыл халқының тұрмысы жақсы», — деді ол.

Сонымен қатар ол Қазақстанға көшкісі келетінін айтты. Қазақ тілін қалай үйренгенін еске түсірді. 

«Түркіменстандағы қазақтар түркімен және қазақ тілдерін біледі. Бұл елде қанша қазақ отбасы тұратын білмеймін. Қазақшаны туған-туыстарымның арасында жүріп үйрендім. Отбасында тек қазақша сөйлейміз», — дейді Руслан Байдәулетов.

Иранда дүниеге келген Алланияз Шадкам есімді қазақ баласы бұл елде 7 мың қазақ тұратынын айтты. Оның айтуынша, Иранда да этникалық қазақтар бір-бірімен тек қазақша сөйлеседі.


©
Sputnik / Дәурен Ерболат

Алланияз Шадкамның атасы Қазақстаннан Иранға көшіп барған

«Жасым 15-те. Әкем мен анам Иранда дүниеге келді. Атам Қазақстаннан Иранға көшіп келген. Оның бұл елде тұрғанына 50 жыл болыпты. Қазақшаны әкем мен анам үйретті. Үйде тек қазақша сөйлейміз. Ондағы қазақтар қалада тұрады. Бір-бірімізбен араласып тұрамыз. Мен Гүлстан облысындағы Вандартуркеман қаласынанмын», — дейді ол.

Алланияз да бізбен өз арманымен бөлісті. 

«Биыл мен 9-сыныпты бітірдім. Арманым Қазақстанға оралу. Осында білім алғым келеді. Парсы, ағылшын, түркімен, қазақ тілін білемін», — дейді қазақ баласы.

Моңғолияның Баян-Өлгей қаласындағы Әйгерім Мандат моңғол мектебінде білім алса да, қазақ тілін ұмытпапты.


©
Sputnik / Дәурен Ерболат

Әйгерім Мандат Қазақстанда оқығысы келетінін айтты

«Бастама» мектебінде монғолша білім аламын. Мектепте қазақша сөйлеуге болмайды. Кітаптар да моңғол тілінде. Үйде тек қазақша сөйлейміз. Сондай-ақ, спутник арқылы қазақша кино мен қазақстандық телеарналарды тамашалаймыз. Алайда сыртта тек моңғолша сөйлесеміз», — дейді жасөспірім.

Әйгерім Мандаттың айтуынша, ол биыл 10-сыныпты бітіріпті. Арманы жоғары оқу орнына түсу.

«Ата-анам мені Ұлан батыр қаласындағы университетте журналистика мамандығы бойынша оқытқысы келеді. Бірақ мен Қазақстанда оқығым келеді. Моңғол, қазақ тілдерін еркін меңгергенмін. Ағылшын тілінде де сөйлей аламын. Сондай-ақ француз, испан тілдерін үйренгім келеді», — дейді ол.

Адэма Гумарова болса, Ресейдің Алтай республикасындағы Қосағаш ауданынан дүниеге келіпті. Нұр-Сұлтан қаласына бірінші рет жол түскен. 


©
Sputnik / Дәурен Ерболат

Адэма Гумарова Қазақстанның астанасына алғаш рет келді

«Осы ауданға қарасты ауылдардың бірінде тұрамын. Ауылымыз Барнауыл қаласынан шамамен 450 шақырым жерде. Ауылда орыс мектебі бар. Бірақ аптасына 3 рет қазақ тілі мән әдебиеті сабағы болады. Ауылымда барлығы қазақ тілінде сөйлейді. Отбасында тек қазақша сөйлесеміз. Осыған дейін Атырау қаласындағы қазақ тілі және әдебиетінің халықаралық олимпиадасында 2-орынды жеңіп алдым. Атамекенімді көргеніме өте қуаныштымын», — деп түйіндеді сөзін қазақ қызы.

Сондай-ақ, ол Қазақстаннан келетін қазақша кітаптарды міндетті түрде оқитынын атап өтті.



sputniknews.kz