Шетелде шәкірттеріне сексуалдық зәбір көрсеткен педагог Астанадағы элиталы мектепте сабақ берген

0

Шетелде шәкірттеріне сексуалдық зәбір көрсеткені үшін жұмыстан қуылған  ұстаз Астанадағы элиталы мектептердің бірінде сабақ беріп келген.  Қауіпті педагогты елордалық білім ордасының жұмысқа қалай қабылдағаны белгісіз. Тек жақында студенттерді саяхатқа алып барған шетелдік мұғалімнің  құйтұрқы әрекеті әшкере болды. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Астанадағы халықаралық мектепте сабақ беріп келген аты шулы ұстаздың екі түрлі есімі бар екен. Стивен Джексонның аты-жөні бұрын Стивен Мейерс болған. Демек, Қазақстанға келер алдында құжатын ауыстырып алғанға ұқсайды. 

Мұндай ақпарат интернетте бар.  Одан сексуалдық зәбір көрген шетелдік студенттер мен мұғалімдер арнайы сайт ашып, қауіпті педагогтың қайда жұмыс істегенін, кім екенін барлығын жариялаған. Бұған дейін Англия, Американың бірнеше штатында, Африка елдерінде, Қытайда сабақ беремін деп,  мұғалімнің маскасын киген шетелдік ұстаз қара тізімде тұрған. 

Халықаралық мектеп басшылығы:  «Осы оқиғаны тергеу кезінде шетелдік мұғалімнің бұрын балалармен қарым-қатынасына қатысты келеңсіз ақпараттар анықталды. Криминалдық тексеру шаралары хаттамаға сәйкес жүргізілді. Оның сотталғаны, басқа да жазбалар анықталған жоқ».

Қауіпті мұғалімнің елордадағы халықаралық мектепке қалай жұмысқа қабылданғаны белгісіз. Тек жақында Алматыға саяхаттап барған кезінде оның құйтұрқы әрекеті әшкере болды. Халықаралық мектептегі мәселені білім министрі де жақсы біледі. Бірақ Ерлан Сағадиев асығар емес, студенттерге сексуалдық зәбір көрсеткен ұстазға қатысты мән-жайды әлі қарастырып жатыр.

«Мен оны білмеймін. Запросты жіберіп,  хат келсе міндетті түрде сізге жариялаймын. Оны қарастыру керек, ішінде не болғанын», — дейді ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев.

Нәпсіқұмар шетелдік ұстазды  жұмысқа қабылдаған халықаралық мектептің 31 мемлекетте филиалы бар екен. Қазақстанның өзінде Астана, Алматы және Атырау қаласында бөлімдері жұмыс істейді. Қызметтен қуылған педагог елден кетіп қалған. Бұдан басқа білім министрлігі де, аты дардай мектеп те ешқандай мәлімет таратпады.

«Қамшы» сілтейді