«Шешіндіріп, жалаңаш күйде жаттығу жасатты»: Марат Жыланбаев түрмеде қиянат көріп жатқанын айтты
Супермарафоншы және «Алға, Қазақстан!» оппозициялық партиясын құру жөніндегі бастамашыл топтың жетекшісі Марат Жыланбаев түрмеде арандатушылық пен қоқан-лоқыға тап болғанын мәлімдеді. Бұл туралы Азаттық радиосы мәлімдеді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Жыланбаевтың адвокаты қорғауындағы азаматпен екі айға қамалған тәртіптік ұстау изоляторынан босатылғаннан кейін кездескен. Әлемге әйгілі марафоншы Марат Жыланбаев 61 жасын Степногорск түрмесінің тәртіптік изоляторында атап өтті. Құқық қорғау ұйымдары саяси тұтқын деп таныған белсенді шағын, салқын камерада тура екі ай отырды. Ол тәртіптік ұстау изоляторынан 20 тамызда, яғни туған күнінен бір күн өткен соң шықты. Ол уақытша ұстау изоляторына орналастырылған соң аштық жариялады. Жыланбаев адвокатына басқа тұтқындар қорқытып, түрме қызметкерлері қысым көрсетіп жатқанын айтты. Белсенді бір ай бойы тамақтан бас тартып, тек су ішкен. Қазір оның денсаулығы нашарлап кеткен.
“21 шілдеде ол аштық акциясын тоқтатты. Бірақ оның өміріне қауіп төніп тұр. Түрме басшылығы басқа тұтқындарды айдап салып, арандатушылық туғызып жатыр. Бұл туралы Мараттың өзі бір барғанымда айтып, көпшіліктің талқылауына шығаруымды өтінді”, – дейді адвокат Мейіржан Досқараев.
Адвокаттың айтуынша, азаматтық белсендіге психологиялық және моральдық қысым әлі де жалғасып жатыр. Ол түрмеде өзіне әкелінген жеке заттарына қол жеткізе алмай отыр.
«Ол құқық қорғаушылар жіберген газеттерді уақытында ала алмайды. Мысалы, қаңтар мен ақпанда келген газеттер маусым айында берілді. Алайда беттері түгел емес», – дейді Досқараев.
Адвокаттың айтуынша, Марат Жыланбаев тергеу изоляторына қамалмас бұрын шеру өтетін жерге плакатпен шығып: «Менің құқығымды бұзба! Ластаев келсін! (Артур Ластаев – Адам құқықтары жөніндегі уәкіл). Прокурор келсін! Тұтқындарға жағдай жасасын!» деп ұрандаған.
«Марат осы талаптардан кейін оны жалаңаш шешіндіріп, изоляторға еріксіз отырғызғанын айтты. «Мен бастық орынбасарының радиодан «Оған тағы бірнеше жаттығу жасат» деген бұйрығын естідім», – деді Марат.
Сондай-ақ ол ешқандай себеп болмаса да, тінтулер жиі жүргізілетінін айтты”, – деді адвокат.
Тексеру кезінде түрме қызметкерлері пияз, сарымсақ сияқты тағамдарды пышақпен әдейі кесіп тастайды екен. Себебі көкөністер осылайша тез бұзылып, пайдалануға жарамсыз болып қалады.
фото: ашықдереккөз