Шешенстандық құқық қорғаушы Оюб Титиев бостандыққа шықты

0

Құқық қорғаушы, «Мемориал» орталығының Шешенстандағы бөлімшесінің жетекшісі Оюб Титиев 21 маусымда мерзімінен бұрын бостандыққа шықты. Ол былтыр «есірткі сақтады» деген айыппен төрт жылға сотталған еді.

Титиевті түрме сыртынан сот процестері кезінде қолдап, барлық отырыстырға қатысқан туыстары, әріптестері және достары қарсы алды.

Бұған дейін сот берілген жазаның үштен бірін өтеген Титиевті мерзімінен бұрын шартты түрде босату туралы шешім шығарған.

2018 жылы 18 наурызда Шешенстан соты Оюб Титиевті «есірткі сақтау» бабы бойынша кінәлі деп тауып, төрт жылға бас бостандығынан айырған.

Құқық қорғаушыны полиция 2018 жылы қаңтар айында ұстаған. Тергеу орындарының дерегінше, оның көлігінен марихуана табылған. Титиев есірткіні көлігіне полиция қызметкерлері салып жіберді деп санайды. Оның әріптестері бұл «қолдан ұйымдастырылған іс», «шешен билігі құқық қорғаушыдан осылайша құтылғысы келеді» деп есептейтінін айтқан.

Бұған дейін бірқатар халықаралық ұйымдар: Amnesty International, Human Rights Watch, Front Line Defenders, Адам құқығы үшін халықаралық федерациясы және мәдениет қайраткерлері Шешенстан билігін Титиевті босатуға шақырған.

Ал Шешенстан басшысы Рамзан Қадыров республикадағы құқық қорғаушылардың әрекетін сынаған. Құқық қорғаушының заңгерлері тергеу органдарының Титиев ісіне немқұрайлы қарағанын, істі федералдық деңгейде қарастыруды талап еткен. Алайда істі Шешенстанның тергеу комитеті қараған.

Azattyq