Шешендік өнер туралы екі томдық кітап жарық көрді

0

2018 жылғы 21 желтоқсан 12:14 249

Шешендік өнер туралы екі томдық кітап жарық көрді

АСТАНА. ҚазАқпарат — «Қазақ өнерінің антологиясы» жобасы аясында «Шешендік өнер» атты екі томдық туынды жарық көрді. Кітаптардың таныстырылымы бүгін, Астанадағы Ұлттық кітапханада өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Шешендік өнер» (VIII-IX том) кітабында қазақ халқының шешендік өнерінің философиялық мән-мағынасы жайында баяндалады. Ол Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын қолдау мақсатында жүзеге асырылды.

«Бізде өнер және филология мамандарын дайындайтын оқу орындары бар. Бірақ сондағы жастарды оқытатын қазақ өнерінің тарихы туралы дүниелер жұтаң. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында осыдан 5 жыл бұрын «Қазақ өнерінің антологиясы» деген 25 томдық жобаны қолға алдым. Бұған дейін «Қазақ айтысы» атты жеті томдық дүние жарық көрді. Ендігі кезек шешендік сөздер туралы еді. Ол жоспар бойынша бес томды құрайды. Соның бүгін екі томының тұсауы кесілуде», — деді мемлекет және қоғам қайраткері, көрнекті ғалым Мырзатай Жолдасбеков.

Оның айтуынша, алдағы уақытта өнер антологиясының жалғасы ретінде жыршы, жыраулар және ән мен күйлерге арналған туындылар жарыққа шығатын болады. 

Шара барысында, сондай-ақ М.Жолдасбековтың «Ойтолғау» және «Қалың қазақтың қадірлісі» атты жаңа туындыларының тұсауы кесілді.

«Ойтолғау» кітабында ел мен жер тағдыры, рухани мұра, кісілік тұлға туралы нақыл сөздер, сондай-ақ автордың үзеңгілес достары, замандастары мен ізін қуған әріптестерінің жылы лебіздері берілген.

Шешендік өнер туралы екі томдық кітап жарық көрді 

Ал «Қалың қазақтың қадірлісі» кітабы автордың өнегелі өмір жолы мен мемлекет ісіндегі қадірлі еңбегі туралы баяндайды. Сонымен қатар оған отандық және шетелдік ғалымдардың ғылыми мақалалары мен мазмұнды сұхбаттары енген.

Тұсаукесер рәсіміне әдебиет, өнер және тарих ғылымдарының көрнекті ғалымдары, Парламент депутаттары және этномәдени бірлестіктер ұйымдарының басшылары қатысты.

Еске салсақ, бұған дейін М.Жолдасбековтың авторлығымен «Қазақ айтысының» VII томы көпшілікке таныстырылған болатын.

 

 

 

Дереккөз: https://www.inform.kz/kz