Шешендер қазаққа жер сыйладық деген Дума депутаттарын «екі ешек» деді

0

Жәрдем керек болып жатса, мына жігіттер, тағы басқалары сендерге жәрдем беруге дайынбыз!

Ресей Думасының депутаттары Вячеслав Никонов пен Евгений Федоровқа қатысты қарсылықтар дүмпуі саябырситын емес. Олардың қазақ жері туралы мәлімдемелеріне балқарлар мен кавказдықтар наразылық танытты деген ақпарат жалған болып шыққанмен, қазақстандық шешендер үнсіз қала алмады, деп жазды paryz.kz.

Олардың видеосын белсенді Марғұлан Боранбай “Біз қазақпен біргеміз деп шешендеріміз отыр” деген түсіндірмесімен Facebook-тегі парақшасына жариялады.

“Ассалаумағалейкум, қазақ халқына! Біз Ақтөбе облысы Темір ауданының Шұбартүп деген ауылында туып-өскен шешендерміз. Никонов, Федоров деген ешектер айтқан әңгіме үшін жиналып едік. Кейбір жігіттер келе алмай қалды. Жұмыста, жолда, шаруалармен жүр. Бірақ, өздеріңе сәлем айт деп еді… Екі ешектің әңгімесіне біз риза емеспіз. Кішкентай кезімізден қазақтармен бірге ойнап өстік, бірге оқыдық, бірге әскерде болдық, бірге жұмыс істедік. Өте жақсы өмір сүрудеміз. Анадай болмайтын нәрселер үшін біз уайымдаймыз. Сендермен біргеміз! Жәрдем керек болып жатса, мына жігіттер, тағы басқалары сендерге жәрдем беруге дайынбыз!” – деп мәлімдеді қазақстандық қандастарын қасына ұйыстырып отырған шешен ақсақалы.

Мемлекеттік тілде еркін сөйлеп отырған ақсақалды өзге жігіттер де бірауыздан қолдап, видеоүндеу соңында “Алға, Қазақстан!”, “Әрдайым біргеміз!” деп ұрандатты. Демек, бүгінде еліміздегі түрлі диаспора өкілдерінің ел басына күн туған зобалаң шақтарда қазақ жеріне босып келгендерінде, өздері аш отырса да бір тілім нанын бөліп берген жергілікті ұлт үшін жанын беруге даяр екені анық.