Шерзат Полаттың өліміне қатысты іс осы аптада сотқа түседі

0

Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов Шерзат Полаттың өліміне қатысты істің прокуратурада жатқанын айтты. Ол істің барысына қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Санжар Әділовтің айтуынша, Шерзаттың қазасына қатысты істің жақын арада сотқа түседі.

“Қазір Шерзаттың өліміне қатысты істі прокуратура зерттеп жатыр. Алдағы күндері, осы аптада іс сотқа өтеді деп күтіп отырмыз”, – дейді Ішкі істер министрінің орынбасары.

Алайда ведомство өкілі сот отырысының қашан басталатынын айта алмады.

“Бұл соттың айрықша құзіреті. Іс түскен кезде сот негізгі сот талқылауымен айналысатын судьяны анықтайды. Кейінірек бұл мәселе бойынша соттың өзі түсініктеме бергені дұрыс болады”, – деді Санжар Әділов.

Бұған дейін қазақстандықтардың Шерзат Полаттың әпкесі Перизат Нұрымованың отбасына баспана алып бергені туралы жазған едік.

Еске салайық, 4 қазанға қараған түні Талғарда 16 жастағы Шерзат Полат қаза тапқан еді. Оның өлімі қоғамда үлкен наразылық тудырды. Марқұмның әкесі туыстарымен және жергілікті тұрғындармен бірге әділ тергеу жүргізуді талап етіп, наразылық ұйымдастырды. Бірнеше күннен кейін, 12 қазанға қараған түні Нұрымовтар отбасының үйі толығымен өртеніп кетті. Бас прокуратура өрттің қасақана жасалғанын мәлімдеді. Жергілікті билік отбасына уақытша баспана мен тәулік бойы күзет берді. Сондай-ақ әкімдік үйді қалпына келтіруге уәде берді.

Оқиғаларды тергеу кезінде ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Аленов пен Алматы облысының прокуроры Берік Адамов 12 қазанда кінәлілерді анықтау бойынша шаралар туралы мәлімдеді. Қоғамдық тәртіпті сақтау үшін Талғарға Ұлттық ұлан күштері жұмылдырылды.

9 желтоқсанда Талғардың шетінде Шерзат Полаттың жанында болып, қақтығыс кезінде қаза тапқан жасөспірімнің әкесінің жанында жүрген оның ағасының денесі табылғаны белгілі болды. Полиция мәліметінше, ер адам өзіне қол жұмсаған.