Шерзат Болатты өлтірді деген күдікті абақтыда туған күнін тойлап жүр

0

Әлеуметтік желілерде тергеу изоляторында түсірілген видео тарады. Кадрларда бір топ ер адам туған күнді атап өтіп, торттағы шырақты үрлеп жатқанын көруге болады, деп хабарлайды Kznews.kz Orda.kz сайтына сілтеме жасап.

Көпшілік бұл оқиғаны Талғарда Шерзат Болатты өлтірді деп айыпталған күдіктілермен байланыстырды.

Алматы облысының полиция департаменті видеожазбаға қатысты мәлімдеме жасады.

«Уақытша ұстау изоляторынан бір тұтқынның туған күнін атап өткені бейнеленген видеоның таралу фактісі бойынша жан-жақты тексеру жүргізілуде. Барлық кінәлі тұлғалар, соның ішінде басшылық та, қатаң жауапкершілікке тартылады. Тергеу барысы ерекше бақылауға алынды. Осы құқық бұзушылыққа ықпал еткен себептер мен жағдайларды жою бойынша шаралар қабылданды»,  деп хабарлады полиция.

4 қазанда Талғарда 16 жастағы Шерзат Болатқа шабуыл жасалып, ол ауыр жарақаттан көз жұмған. Бұл іс бойынша 11 күдікті ұсталды.

Кейін 12 қазанда белгісіз біреулер Шерзаттың отбасы тұрған үйді өртеп жіберді. Кейірек, Шерзаттың  ағасы жұмбақ жағдайда қаза тапты.

Қаңтар айында Шерзат Болаттың өліміне қатысты тергеу аяқталғаны хабарланды.

коллаж: Orda.kz