Шеруге шыққандар биліктен қылмыскерді табуды талап етті

0

ТҰРҒЫНДАРДЫҢ БИЛІККЕ ТАЛАБЫ

Қаңтардың 6-сы күні таңертең Қарағанды облыстық білім басқармасының алдына ондаған адам жиналды. Олар жаңа жыл түнінде мейрамханадағы жаппай төбелес кезінде мерт болған жігіттің қазасы бойынша қозғалған қылмыстық істі тергеу барысы жайлы билік орындарының түсініктеме беруін талап етті.

Бұған дейін жексенбі күні қоғам өкілдерінен бірнеше адам және қаза болған жігіттің туыстары қалалық ішкі істер басқармасында басшылармен кездескен. Бұдан кейін білім басқармасының алдына жиналған жұрт қоғамда реакция тудырған қылмыстық іске қатысты ой-пікірлерін айтып, адам өліміне кінәліні тауып, заң алдында жазаға тарту туралы талап қойды.

Жексенбіде Қарағандыда өткен жиыннан түсірілген видеолар әлеуметтік желілерде тарады.

ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ УӘДЕСІ

Facebook әлеуметтік желіcін қолданушы Гүлден Жандильдинованың оқиға орнынан жүргізген тікелей трансляциясындағы видеода жиналғандар арасынан кейбіреулердің «қылмыс жасағандар құтылып кетпесін» деген сөздері естіледі.

Алаңға жиналған халықтың алдына шыққан облыс әкімі Ерлан Қошанов қылмыстық оқиғаны құқық органдары тексеріп жатқанын хабарлайды.

— Біреулер «бұлар ақша беріп құтылып» кетеді деп айтып жүр. Ешкім де құтылмайды! Мынадай қоғамдық бақылау тұр, ең жоғарғы органдар бақылап отыр. Бұл тергеу аяғына дейін әділ жетеді, қылмыскерлер өз жазасын алады. Мен сіздерге облыс әкімі, елбасының осы жердегі өкілі ретінде уәде беремін. Қашып жүрген қылмысқа негізгі күдікті екі-үш күннің ішінде ұсталады, — дейді ол.

Видеода облыс әкімінің жиналғандарды «әліптің артын бағып, тыныш тарауға» шақырған дауысы естіледі. Бірақ адамдар тарамайды. Бұдан соң жұрт алдына қаза болған жігіттің әкесі шығып, «отбасының қайғысын бөлісіп, қолдау танытқаны» үшін елге алғысын айтқаны көрсетілген.

Жиында сөз алғандардың бірі Айтқожа Фазылов қылмыстық оқиғаға күдіктілерді ұлтқа бөліп қарамауға шақырғанымен жиналғандар айғайлап, оның сөзін бөліп, сөйлетпеген. Гүлден Жандильдинованың Азаттыққа айтуынша, көп ұзамай жиналған жұрт ақырындап тарап кеткен.

КІСІ ӨЛІМІНЕ ҰЛАСҚАН ТӨБЕЛЕС

Бұған дейін әлеуметтік желілерде Қарағандыда бір топ жас жігіттің арасында төбелес болғаны туралы ақпарат тарап, оған БАҚ-тың назары ауған. Прокуратура мәліметінше, 1 қаңтарға қараған түні мейрамханада «ішімдік ішіп, масайған» клиенттер арасында кикілжің болып, төрт ер адам пышақталған. Олардың бірі жан тапсырған. Қылмысқа күдікті төрт адамның үшеуі ұсталған, біреуіне іздеу жарияланған.

Прокуратура кейбір адамдардың әлеуметтік желіде «қоғамдық пікірге ықпал ету мақсатында» бұл оқиғаның «ұлтаралық негізде шыққаны» туралы көпе-көрінеу жалған ақпарат таратып жатқанын айтып, ондай іс-әрекет жасағандар заң алдында жауапқа тартылатынын ескерткен.

1 қаңтарға қараған түні Қарағандыдағы «Древний Рим» мейрамханасында клиенттер арасында кикілжің шығып, соңы төбелеске ұласқан. Төбелес кезінде пышақталған бір адам жан тапсырған. Денесіне пышақ тиіп жараланған екі жігіт ауруханадан шықты деп хабарлады 3 қаңтарда облыстық денсаулық сақтау департаменті.

Көкірек қуысына пышақ кірген үшінші адам қазір ауруханада жатыр. Дәрігерлер оның жағдайын «тұрақты» деп бағалап отыр.

Полиция «кісі өлімі» және бұзақылық» баптарымен қылмыстық іс қозғаған.

Дереккөз: Азаттық