«Шеруге қатысқым келсе, велосипед пен сөмкесіз шығар едім»

0

Маусымның 10-ы күні Алматыда полиция күші күзетіп тұрған Астана алаңы арқылы өтпек болған Арман Абдуллахановты билік өкілдері әй-шайға қаратпай велосипедінен күштеп түсіріп, көлікке салып алып кетті. Оның велосипедін басқа көлікке салды. Арманды полицияның ұстаған сәті түсірілген видео әлеуметтік желіде лезде тарап, алматылық вайнерлер Instagram желісінде бұл оқиғаны әжуаға айналдырған видео жариялады.

«БҰҒАН САЯСИ РЕҢК БЕРГІМ КЕЛМЕЙДІ»

Арман Абдуллаханов – заңгер, шахмат ойыншысы, грек-рим күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Жаттықтырушы куәлігін алу үшін қазір магистратурада оқып жүр. Үш ұлының үлкені Ақназар Қажымұрат Назарбаев зияткерлік мектебінің түлегі, биыл Гарвард университетіне оқуға түскен. Осы жазда АҚШ-қа жол жүргелі отыр.

Азаттық тілшісі Арман Абдуллахановпен балаларға арналған шахмат үйірмесі өтетін шағын бөлмеде кездесті. Осында сабақ беретін Арманмен үзіліс кезінде ғана сөйлесуге мүмкіндік болды. Тілшімен әңгіме арасында тәлімгер балалардың ойын барысындағы әрекетін де қалт жібермей: «Алнұр, балам, мұқият бол. Жақсы отырып, қапы жіберіп алдың, ферзьді беріп қойдың!» деп ескерту жасап отырды. Балалар тақтаға бар назарын салып, шахмат партиясын талқылап отыр. Үлкендердің әңгімесінде шаруасы жоқ.

Полицияның қолына қалай түскені жайлы айтқанда Арман Абдуллахановтың езуіне күлкі үйірілді. Осы оқиғадан кейін достары мен таныстары оны «YouTube жұлдызы» атап кеткен. Ал ол өзіне мұндай атақтың керегі жоғын айтады.

— Бірден айтайын: бұл оқиғаға саяси сипат бергім келмейді, — дейді ол. – Әуелде болған оқиға туралы [әлеуметтік желіде] жазайын деп ойладым, бірақ эмоцияға беріліп жазсам объективті болмас деп, ол ойдан бас тарттым. Мен Қазақ мемлекеттік заң академиясын қызыл дипломмен бітіріп, қылмыстық құқық және криминология кафедрасында аспирантурада оқыдым. Сондықтан мені ұстаған кезде, шынымды айтсам, таңғалдым. Дүкенге дәл осы алаң арқылы барғанда маған ешкім тиген жоқ. Ал кері қайтып келе жатқанымда өткізбеді. Ақылға салар болсақ, егер митингіге қатысқым келсе, үйден велосипед пен нан, шырын және қант салынған сөмкесіз шығар едім ғой, — дейді ол.

Арман Абдуллаханов қандай жағдайда болмасын полиция өзін таныстырып, құжатымды тексеруі керек еді деп санайды. Ол «дүкенде жүргенімде алаңда әлдебір оқиға болғандықтан полиция ұстау режиміне көшкен» деп топшылайды.

— Мені көлікке салып, есігін жауып қойды. Ашуға булығып жерде отырдым, — деп еске алады Арман сол күнгі оқиғаны. — Қасымда екі полиция қызметкері болды. Олардың бірі екіншісіне: «Бұл менің көршім» деп сыбырлады. Ал мені бұл ауданда көбі таниды. «Көршің болсам, менің қайда тұратынымды білесің, бұл не бассыздық?» деп сұрадым. Ол «Сені мен ұстаған жоқпын ғой, менің жұмысым — бөлімшеге жеткізу» деді.

Арманды Жетісу аудандық полиция бөлімшесіне жеткізген. Көлікте отырғанда полицияның рация арқылы «Алмалы аудандық полиция бөлімшесінде ұсталғандар көп отыр, бос орын жоқ» деп хабарлағанын естіген.

— Жетісу аудандық полиция бөлімшесінде де адам өте көп екен, у-шу болды. Мені әкелген полиция қызметкері «Жұртпен бірге ол жаққа кірме, үндемей осы жерден кетіп қал» деді. Полицияда да кездейсоқ адамдар ұсталғанын түсінетінін жөні түзу қызметкер кездеседі. Осылайша мен ол жерден кетіп қалдым. Яғни, бұл «жартылай ұстау» болды. Ұсталғаныммен, бөлімше ішіне кірген жоқпын, — дейді Арман Абдуллаханов.

«Велосипед пен азық-түлік салынған сөмкені қайтарып алудың да сәті түсті. Бірге оқыған заңгерлердің ішінде «маңызды қызметте отырған азаматтар бар», солардың арқасында велосипедім Медеу аудандық полиция бөлімшесінен табылды» дейді Арман.

— Құдайға сенетін адаммын, сондықтан ол мені қорғаған шығар деп ойлаймын. Біріншіден, заң саласында алған білімім бар. Екіншіден, полиция менімен көрші тұратынын өзі айтты. Үшіншіден, жағдайымды айтып хабарласқанымда, жоғары шенді қызметкерлерді қатыстырып, мәселемді шешіп берген адамдар болды. Бірақ егер менің орнымда басқа адам болғанда жағдайы қалай боларын ойлауға қорқамын, — дейді ол.

«ИДЕЯЛАР БӘСЕКЕСІ БОЛСА ДЕЙМІН»

Шахмат үйірмесінен шыққаннан кейін Арман Абдуллаханов өз ауласына асығады. Ол аптасына үш рет ауладағы спорт алаңында балаларды грек-рим күресіне баулиды. Жаттығуға ауладағы жасөспірімдер, жақын маңда тұратын достарының балалары мен өзінің үш ұлы: жақында Гарвардқа оқуға кететін 17 жастағы Ақназар, 13 жастағы Әлішер мен 11 жастағы Абдулрахман қатысады.

Арман ұлдарын жалғыз өзі тәрбиелейді — бұрынғы әйелі екеуінің ортақ шешімі солай болған.

— Көп адам үшін бұл қалыпты жағдай емес, — дейді Арман Абдуллаханов. — Менің бұрынғы әйелім — өте сауатты адам, ол да Қазақ мемлекеттік заң академиясын бітірген. [Ажырасқан кезде] оған: «Балалар бақытты болғанын қаласаң, оларға ер адамның тәрбиесі керек екенін түсінесің ғой» дедім. Ол келісті. Балалар анасымен үнемі сөйлесіп, көрісіп тұрады, бірге уақыт өткізеді, — дейді Арман.

Балалар алаңда доп қуалап, жаттығуға дайындалып жүргенде, Арман жас кезінде өзі қызыққан күреспен айналысып, Қазақ ССР-і жасөспірімдер чемпионатында екі мәрте жеңіске жеткенін, тіпті елдің жасөспірімдер құрамасының мүшесі болғанын еске алды. Ал қазір жаттықтырушы болып ресми қызметке орналасу үшін магистратураға түскен.

— Спорттың кез келген түрі – тәрбие, — дейді ол. — Адамды жігерлі болуға қалай үйретесіз? Әлбетте, өзіңді жеңе білу және денеңді шыңдайтын жаттығулар арқылы үйретуге болады. Ұлым әлемнің үздік университетінде білім алса деп армандадым. Шынымды айтсам, басында оның бакалавр дәрежесін шетелде оқуын құп көрген жоқпын. Алдымен Қазақстанның мықты университетінде білім алып, кейін магистратурасын шетелде жалғастырар деп ойлағам. Бірақ балам менімен ашық сөйлесті. «Гарвардта Нобель сыйлығы лауреаттары сабақ береді. Күрес тілімен айтсақ, бұл екі түрлі салмақ дәрежесі екенін түсінесіз ғой» деді.

Осы кезде балалар өзара жұп-жұпқа бөлініп, күресе бастады. Арман сырттай бақылап, балаларға ескерту жасап тұр. «Қаттырақ ұста, Данияр! Тым алыс! Кеудеңді теңестір, аяғыңды түзу ұстама, сәл бүк!» дейді жаттықтырушы.

Осы жерде кездескен таныстары Арманмен амандасып, оның хал-жағдайын біліп, «Полиция ұстаған кезде зардап шекпедің бе?» деп сұрап жатыр. Осы тұста әңгіме тағы да саясат тақырыбына ойысты.

— Бізде шешілмеген мәселелер бар екені түсінікті. Бірақ жақсы тенденциялар да барын мойындау керек, — дейді Арман. — Мысалы, 1999 жылы, жас заңгер кезімде, заңды тұлғаны тіркеудің бейресми құны 200 доллар болатын. Басқаша әрекет ету мүмкін емес еді – мәселе тек ақшамен шешілетін. Қазір компанияны тіркеу су тегін тұрады. Оған бұрынғыдай екі апта уақыт кетпейді, небәрі үш сағат күтсең жеткілікті. Менің ойымша, бар мәселе елде бәсеке мен диалог алаңының жоқтығына байланысты. Мысалы, бізде парламенттің өзі негізінен бір партиядан тұрады. Монополия – жақсы нәрсе емес. АҚШ-та республикалықтар мен демократтар бар, олар үнемі бәсекелесіп, бір бірін алмастырып отырады. Мұндай бәсеке дамуға бастайды. Нәтижесінде сайлаушылар ұтады, өйткені оларға әр партия өзінше көмектесуге тырысады. Мен осылай айта бастасам, жұрт «Сен не, Әблязовті қолдайсың ба?» деп сұрайды. Әрине, жоқ, бірақ мен идеялар мен саяси партиялар бәсекесі болғанын қалаймын.

Алматыда екі күн қатарынан азаматтарды ұстау шарасы жүрді. Маусымның 9-ы күні жүздеген адам Астана алаңына шығып, жексенбі күні кезектен тыс өткен президент сайлауына қарсылық білдірді. Маусымның 10-ы күні сайлаудың ресми нәтижесіне келіспегендер тағы да наразылыққа шықты. Ресми дерек бойынша, бұл күндері Алматы мен Нұр-Сұлтанда жалпы саны 700-ге жуық адам ұсталған. Билік наразылық шарасына қатысушыларды «арандатушылар» деп атап, оларды ұстаған полицияға «кәсіби міндетін атқарды» деген баға берді. Оқиғаға куә болғандар сол күні полиция бөлімшесіне митингіге еш қатысы жоқ азаматтарды да алып кеткенін айтады. Құқық қорғаушылар ұсталғандар саны ІІМ жариялаған деректен әлдеқайда көп екенін мәлімдеп, полиция қызметіне тәуелсіз зерттеу жүргізуді талап етті.

Azattyq