Шерудегі фольклор. Ирандағы наразылық ұраны қалай өзгерді?

0

Иранда билікке қарсы жаппай наразылық бұрын 10 жыл сайын қайталанып тұратын. Соңғы жылдары бұл мерзім біртіндеп қысқарып келе жатыр.

БИЛІК ҚЫРҚЫН ӨТКІЗУ РӘСІМІНЕН НЕГЕ ҚОРҚАДЫ?

2017-2018 жылдан (желтоқсан-қаңтар айларында болған) кейінгі үзіліс ұзаққа созылмай, 2019 жылғы тамыз, қараша айындағы жаппай наразылық шеруіне ұласты. Алғашқы наразылықта ирандықтар қымбатшылық пен әлеуметтік жағдайға шағынып, көшеге шықты. Осы оқиғада 20-дан адам қаза тауып, 1700-ден аса адам қамауға алынды. Содан кейін де жаппай болмағанымен, жекелеген компаниялар мен министрліктердің алдында әлеуметтік мәселені көтерген жиындар жиілеп кеткен еді.

Ал былтырғы шілде-тамыздағы шеруде ирандықтар елдегі экономикалық жағдайдың нашарлауына, қымбатшылыққа және ұлттық валютаның құнсыздануына наразылығын білдірді. Одан кейін қараша айында ирандықтар жанармай бағасының қымбаттауына наразы болып, көшеге ағылды. Жаппай наразылықта 1500-дей адам қаза тапты деп есептеледі. Оқиғада мерт болғандар саны әлі толық анықталып үлгерген жоқ. Жанармайдың қымбаттауына қарсы наразылықта қаза тапқандардың туысына олардың қырқын өткізу де мұң болды.

Желтоқсан айында полиция марқұмдардың қырқын өткізу рәсіміне кедергі жасап, көп адамның жиналуына тыйым салуға тырысты. Сол шеруде қаза тапқан адамның бірі 27 жастағы Пуя Бахтияри болатын. Оның қырқын өткізер қарсаңда полиция Пуяның ата-анасын қамауға алды. Иранда 1979 жылға дейін шахқа қарсы наразылық шарасы әр 40 күн сайын бұрқ ете қалатын. Бір наразылықта қаза тапқандардың қырқы берілген күні екінші наразылық тұтанатын. Қазіргі билік те осы мәселені қатты назарда ұстап, жерлеу мен жаназа шығарудың шеруге ұласпауын қатаң бақылай бастады. Иран халқының жанармай бағасы қымбаттауына қарсы шеруінен кейінгі наразылығы биылғы 11-16 қаңтар аралығында болды.

Оқи отырыңыз: Иранның ұшақ апатын мойнына алуы халықты шеруге шығарды

Қаңтардың 11-інде Иран қарулы күштерінің бас штабы содан үш күн бұрын Тегеран маңында Украина Boeing 737 жолаушы ұшағын 176 жолаушысымен бірге өздері атып түсіргенін мойындады. Осы мойындаудан кейін Тегеранда Әмир Кәбир, Шәриф және Тегеран университеті маңынан басталған шеру елдің басқа да қалаларына жайылды. Иран қалаларында мыңдаған адам жиналған наразылық шарасында жұрт Иранның жоғарғы рухани басшысы Сейд Әли Хаменеидің биліктен кетуін талап етті. Хаменеи қарулы күштердің де жоғары бас қолбасшысы.

ҰРАНДАР ТРАНСФОРМАЦИЯСЫ

Иранда билікті жақтаушылардың шеруінде болсын, билікке қарсы наразылық акцияларында болсын, жиналғандар толғап-толғап ұрандайды. Ұрандар алдын-ала әзірленбейді, көшеде жиын барысында пайда болады. Әсіресе, соңғы жылдары билікке қарсы жаппай наразылықтың жиілеуі ерекше шеру фольклорын қалыптастырды.

Оқи отырыңыз: Ирандағы қарсылық фольклоры: ұрандар

Соңғы шеруде бұрынғы кейбір ұрандардың қайталанғаны байқалады. Алайда бұл жолы наразылық акциясына қатысқан адамдар Хаменеиге меңзеп, «Ұятсыз, арсыз!» деген ұранды көп қолданды. Әлеуметтік желіде тараған видеокөріністердің көпшілігінде осы ұран айтылып жатты.

Иран билігінің МАУ компаниясына тиесілі Boeing 737 ұшағы апатының себебін үш күн бойы жасыруы оған «өтірікші» деген сипат үстеді. Иран басшылары апат ақиқатын жасырып қана қойған жоқ, оны бұрмалауға да тырысып бақты. «Техникалық ақау салдарынан» құлаған ұшақ туралы нақты дерек айтыла бастағанда Иран оны өзіне қарсы пиғылдағы саяси науқан ретінде көрсетуге тырысты. Шеруге жиналғандар ел басшыларының бұл әрекетін қатаң айыптады. Сондағы айтылған режимге қарсы жаңа ұрандардың бір парасы төмендегідей болып келеді.

«Масқара, масқара! Жетекшіміз жетесіз!»

«Өтірікшіге өлім келсін!»

«Қарулы күштер қолбасшысы, отставка, отставка!»

«Қарулы күштер өлтіреді адамды, жетекшісі оның надан-ды»

«Бұл ай Сеид Әли биліктен кететін уақыт»

«Сеид Әлиден көңілі қаяу студенттер ояу»

«Ислам республикасын қаламаймыз»

«Билікті қолдау – ұлтқа қиянат»

Ирандағы соңғы шерудегі ұрандардың екінші легі ислам сақшылары корпусына қарсы бағытталды. Бұрынғы наразылық шараларында мұндай ұрандар болмаған. Элиталық әскери бөлімге қарсы ұрандардың кейбірі мынандай болып келеді.

«Корпустағы диктатор, нағыз ДАИШ өзіңсің!»

«Корпус билігін қаламаймыз»

«Корпус қылмыс жасайды, жетекші оны қолдайды»

«Дәрменсіз корпус – ұлтқа таңба, масқара».

Ирандағы соңғы жаппай наразылықта кейбір аймақтарда айтылған ұрандар сол төңіректегі қандай мәселенің өзекті екендігін танытады. Мәселен, қазіргі биліктің теріс қырына үнемі шалына беретін Күрдістан аймағында басқа да ұрандармен қатар «Нан, жұмыс, азаттық!» деген ұран айтылған. Ал тәбриздіктер «Шах болса да, жетекші (Хаманеиді меңзеу – Азаттық) болса да, зорлықшыға өлім келсін!» деп ұрандаған. Ал Семнандағы бір ұран – «Референдум, референдум – Иранды құтқарар жалғыз жол» нұсқасында айтылды. Ал Тегеран мен Мешхедте шеруге шыққандар ұрандардың бірінде бүгінгі Иранды «Зиялыны өлтіріп, дінбасылар жайлаған» ел деп сипаттады.

Әлеуметтік желіде тараған видеолардың бірінен «Тәртіп сақшылары, біздің жер – сіздің жер!» деген ұран байқалды. Бұдан бұрынғы шерулерде де осыған ұқсас «Әскер – біздің бауырымыз! Құдай – біздің жетекшіміз!» деген сарында ұрандар болған. Соңғы шеруде «Бауырымды өлтіргенді мен де өлтіремін» деген ұран айтылды. Бұл ұран әуелде 1979 жылы Иран шахы биліктен кетер алдында оған қарсы шерулерде көтерілген.

ХАМЕНЕИ НАЗАР АУДАРҒАН ҰРАН

Иранның жоғарғы рухани басшысы аятолла Хаменеи сақшылар корпусы Тегераннан ұшқан ұшақты атып түсірген оқиғадан 9 күн өткен соң көпшілік алдына шығып сөйледі. Ол қаңтардың 17-сінде Тегерандағы жұма намазы құтпасында ұшақ апаты оқиғасын екінші кезекте ғана атады. Хаменеи сөзінің басында генерал Касем Сүлайманидің өлімі және одан кейін Иранның Американың Ирактағы екі әскери базасына жасаған зымыран шабуылы туралы айтты. Ол шабуыл жасалған күнді «тарихи» деп сипаттады.

Оқи отырыңыз: Иран АҚШ-тың Ирактағы әскери базасын атқылады

Иран жетекшісі құтпадағы сөзінде аймақ қауіпсіздігі туралы қозғап, Сүлайманиді «аймақтағы құдіретті әскербасы» ретінде атады. Сүлаймани басқарған «Құдс күштері» жасағын «шекарасыз сарбаздар» деп атаған ол бұл жасақтың керек жағдайда Палестинаға, Газаға да баратынын және «өзге елдермен соғысты аймақтан аластатынын» айтып өткен. Хаменеи сөзінің осы тұсында жаппай наразылық шеруіндегі ұранға жауап беріп, Касем Сүлейманидің суретін жыртқандарға да баға берген. Шеруде Иранның аймақтағы өзге елдердегі топтарды қолдайтынына меңзеп айтылған ұранның бірі «Газа да емес, Ливан емес, тек қана Иран үшін» немесе «Қарсымын: Газа үшін, Сирия үшін, Ирак, Йемен, Ливан үшін, Жаным пида Иран үшін!» нұсқасында болды. Иран жетекшісі осындай ұран айтқандарды және Сүлейманидің суретін жыртқандарды «шетел баспасөзіне алданғандар» және «ел үшін күресе алмайтындар» деп айыптады.

Жұма намазында Хаменеидің ұшақ апатын атып түсіргені үшін кешірім сұрамауы ерекше назар аудартты. «Жүрек езілетін ауыр қасірет» туралы айтқан ол қаза болғандардың қайғысына ортақтасатын ғана мезіреті білдірді. Есесіне, ол ұшақты атып түсіргеннен кейін үш күн өтіп барып түсінік берген Иран сақшылар корпусы өкіліне алғыс білдірді.

Иранның рухани көсемі аятолла Әли Хаменеи жұма намазында құтпа оқып отыр. Тегеран, 17 қаңтар 2020 жыл.

Иранның рухани көсемі аятолла Әли Хаменеи жұма намазында құтпа оқып отыр. Тегеран, 17 қаңтар 2020 жыл.

Аятолла Хаменеи жұма намазында Америка президенті Дональд Трампты «клоун» деп атап, ядролық бағдарлама бойынша Иранмен келіссөз жүргізіп жатқан Еуропа елдерін Америкаға қызмет етеді деп айыптаған. Оның бұл сөзіне жауап берген Америка басшысы Әли Хаменеидің «аузына абай болуын» ескертті.

«Иранның «жоғарғы жетекшісі» деп аталатын, бірақ соңғы кезде соншалықты жоғары емес біреу АҚШ пен Еуропаны күстаналапты. ­Өздерінің экономикасы құлдырап барады, жұрт жақындарынан айрылды. Ол өте абайлап сөйлеуі керек» дейді президент Трамп ол туралы.

Ирандағы соңғы наразылық кезінде актерлар, режиссерлар, композиторлар және басқа да өнер адамдары лек-легімен өздерінің алдағы фестивальға қатысудан бас тартатынын білдірді. 11 ақпан – ислам революциясының 41 жылдығы қарсаңында өнер фестивальдары өтуі керек болған. Ал Иран телеарнасының бірнеше дикторы жылдар бойы «жалған ақпарат таратқаны үшін» халықтан кешірім сұрап өз еркімен жұмыстан кетті. Жұма намазында кейбір имамдар оларды «Американың ұпайын түгендеді» деп айыптады.

Алдағы айда Иранда революцияның 41 жылдық рәсімінен басқа парламент сайлауы да келе жатыр. Яғни, ақпан – Иран саяси ортасын тағы да қыздыра түсетін ай.

Ирандағы жағдай

  • 2020 жылы 3 қаңтар АҚШ президенті Дональд Трамптың бұйрығымен Бағдат әуежайы маңында «террористер тізіміндегі» Иранның ислам сақшылары корпусының «Құдс» арнайы жасағының қолбасшысы Касем Сүлейманидің көзі жойылды. Сүлеймани қызмет атқарған элиталық әскери бөлім де «террористік ұйымдар» қатарында.
  • 8 қаңтарға ауған түні Иран «кек алу» жолында Американың Ирактағы екі әскери базасын баллистикалық зымырандармен атқылады. Адам шығыны болмағанмен кейіннен Американың 11 сарбазынан миы шайқалу белгісі байқалғаны хабарланды.
  • 8 қаңтарда таң алдында Иран Тегеран әуежайынан көтеріле бергенде Украинаның МАУ компаниясына тиесілі Boeng 737 ұшағын 176 жолаушысымен атып түсірді. Алайда алғашқы кезде ұшақтың «техникалық ақауға байланысты» апатқа ұшырағаны хабарланды. Борттағы жеті елдің азаматы барлығы бірдей қаза тапты.
  • 9 қаңтарда Америка баспасөзі Пентагон өкілі мен Ирак барлауы өкілінің сөзіне сүйеніп, Иранның қателесіп ұшақты атып түсіргенін хабарлады. Америка президенті Дональд Трамп баспасөзге «ұшақтың өте қауіпті аймақта ұшқанын, біреудің қателесуі мүмкін» деп сезіктенетінін айтқан. Канада премьер-министрі Жастин Трюдо дәлелдерге сүйеніп, Украина ұшағын «Иран зымыраны атып түсіргенін, зымыранның ұшаққа абайсызда тигенін» мәлімдеді. Иран басшылары мұндай деректі бірнеше күн қатарынан үзілді-кесілді жоққа шығарып отырды. Алайда әлеуметтік желіде ұшақтың атып түсірілгенін байқататын видеолар жарияланып жатты.
  • 11 қаңтарда Иран қарулы күштерінің біріккен штабы арнайы мәлімдеме жариялап, ұшақты сақшылар корпусы атып түсіргенін мойындады. Штаб оқиғаны «қасақана емес, адам факторынан болған» деп түсіндірді. Сол күні Иран ислам революциясы сақшылар корпусы әуе-ғарыш күштерінің қолбасшысы Әмир Әли Хаджизаде «барлық жауапкершілікті мойнына» алатынын мәлімдеді. Осы күні кешке Иран қалаларында алдымен студенттер, жастар ұшақ құрбандарын еске алу рәсіміне жиналып оның соңы жаппай наразылық шеруіне ұласты. Бұл саяси акция 16 қаңтарға дейін жалғасты.

(Мақаладағы пікір Азаттық радиосының көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін).

Azattyq