Шерағаның қарындасы шерткен сыр

0

Бір анадан туып, бір тағдырды бөліскен бауырдың қашанда жөні бөлек. Бірге өскен кезеңнің ерекше естелігі ұмытылмайды, барлық сәттері санаңда сайрап тұрады. Шындықтың жебесі Шерағаның туған қарындасы Құрмаш Мұртазақызының шаңырағына сәлем бере барғанымызда, ол кісі бауырға деген қимастық сезімін білдіріп, ерекше толғаныспен өткен күндерден естелік айтты. Әсіресе, Мұртаза әулетіне деген Бауыржан Момышұлының қамқорлығын, Шерағаңа деген ағалық ықыласын тебірене жеткізді. Ел ішінде жиі айтыла бермейтін әңгімелерді Құрмаш апа әңгімелегенде толқымау, тебіренбеу мүмкін емес еді. «Әкеміз Мұртазаны бай-құлақтың баласы деп ұстап әкетті. Ол кісіні көзі көргендер әкемізден кезінде ауыл болып ақыл сұрап отырғандарын жиі айтып жүретін. Әкейді бір рет емес, бірнеше рет қамаған. Бұл жайлы көп айтылмайды. Баяғы сол ауылдың шолақ белсенділері байдың баласы деп тыныштық бермеді ғой. Ең соңғы рет бұл іске Бауыржан Момышұлы араласып, әкемізді түрмеден шығарып алған екен. Баукеңнің бұл азаматтығын Мұртаза әулеті ешқашан ұмытпайды. Ал, әкеміз одан кейін қайта ұсталып, сол кеткеннен мол кетті. Ол кезде ағам Шерхан бес жаста, мен үш жастамын, ал інім Батырхан бір жарым жаста болатын», деп қария тауқыметке толы тағдыр жолын еске алды.

Шерхан Мұртаза «Ай мен Айша» кітабында бейнетке толы балалық шағы туралы толғайды. Әкесі Мұртазаны сағынышпен еске алады. Айша ананың кешкен азабын суреттейді. Алайда, біз осы уақытқа дейін айтылмаған Бауыржан Момышұлының бұл ерлік ісін Құрмаш апаның аузынан естідік. Құрмаш апа өзінің әңгімесінде балалық шақтағы кешкен қиындықтары мен көрген бейнетін өнеге өрнектерімен әңгімелеп берді. «Ауылдың шолақ белсенділері бізге күн көрсетпеді. Шешеміз күн шыққаннан түн батқанша колхозда жұмыс істеді. Сонда белсенділер еңбекақыға бір түйір дән де берген емес. Үйімізде не тамақ, не отын жоқ. Содан нағашыларымыз бізді Жамбыл қаласының іргесіндегі Бектөбе деген ауылға көшіріп әкетті. Шерхан қалада интернатта оқып жүрді. Мен жоқшылықтың кесірінен бірінші класты да оқи алмадым. Шешем қаладан жүн әкеліп иіреді. Мен оны түтіп беремін. Соны сатып, ақшасына бір бөлке қара нан алсақ, ет жегендей болатынбыз. Осылай күн көрдік. Шешемнің сіңлісі қайтыс болғанда, біз қайтадан ауылға көштік», деп әңгімесін жалғады Құрмаш апа. Бүгінде сексеннің бесіне келіп отырған қарияның маңдайындағы әжім өткен күндердің естелігіндей болса, жанарындағы жас сол уақытта жазықсыз жапа шеккен адамдардың жүрек жасындай еді.

Есті азаматтың есінде тағдырдың түрлі таңбалары сақталады. Адам бойындағы иман, адамгершілік, кісілік дейтін ұлы қасиеттерді көре білген, өмірінде соны өнеге еткен жанның да өнегесі таусылмақ емес. Кісінің кісілігін көрсе де, адамның аласын таныса да мінез дейтін мықтылығынан таймаған, қанмен келген қасиетін жоғалтпаған Құрмаш Мұртазақызы сол бір қиын кезеңде жақсылығын аямаған адамдар туралы да айтып берді. «Есейген шағында Шерхан Мәскеуге оқуға кететін болды. Бізде бере қоятын ештеңе жоқ. Сонда ауылдың жақсы адамдары Шерханның жолына деп ақша жинап бергендері есімде. Демалыс сайын келгенде де елдің адамдары жолына қаражат жинап беріп тұрды. Өзі де Мәскеуде жүргенде күн көру үшін пойыздан жүк түсіріп ақша табады екен. Жарықтық, өзін-өзі асырап оқыды ғой. Ал, мен ауылда қалдым. Жетінші класты әрең бітірдім. Колхозда жиырма жасыма дейін бидай жинап, шөмеле салып жүрдім. Шешем Айша да осы кезде ауру болып қалды. Ол кісі де талай қиындықты көрді ғой. Тіпті бала күнімізде шолақ белсенділердің шешеміздің шашынан сүйрегенін де көрдік. Бәрі де баяғы байдың ұрпағының отбасы деген жала. Ал біз байлықтың шетін де көрген жоқпыз. Тек «Зингер» деген тігін машинасын шешем әр жерге тығып жүріп сақтап қалыпты. Сонымен елдің киімін жамап, тігіп күн көріп жүрдік», деп Құрмаш апа болмаған балалық шағынан естелік айтты. «Әкеміздің жайнамазын шұлғау қыламыз деп алып кеткен үмітсіз, қайырымсыз адамдарды да көрдік. Жақсы жандарды да көрдік. Бірақ, тағдырға реніш айтуға болмайды екен. Құдайға шүкір, Шерхан бауырым азамат болды. Ел таныған жазушы атанды. Бұл да Құдайдың несібесі ғой. Бауыржан Момышұлының бір жақсылығын жоғарыда айттым. Шерхан Мәрия жеңгемізбен үйленгенде де ол кісіні Бауыржан ағаның Алматыдағы шаңырағына түсірген. Ауылда жағдай жоқ. Екеуі пәтер алғанша, біраз жыл сол үйде тұрды. Кейіннен баспаналы болған соң ғана бөлек шықты. Айша анам Шерханның атын атаған емес. Шерхан да бала болып оған еркелегенін көрмеппін. Тек дастархан үстінде анамыздың қолынан ұстап, мейірлене күліп қатты қысып-қысып қоятын. Бәлкім бұл, «Біз үшін талай қиындықты көрдің ғой» дегені шығар», деп сөзін түйіндеді Құрмаш Мұртазақызы.

Кешегі жетім Шерхан, жалғыз Шерхан бүгінде ұлт руханиятының алтын діңгегіне айналды. Құрмаш апа да ағасын мақтаныш тұтады. «Біреуге қайраткер, біреуге бауыр Шерхан еді ғой бұл. Енді ағамның аты өшпесе екен деп тілеймін. Кезінде өзі туған Талапты ауылына мектеп, мешіт, жол салуға ықпал етіп еді. Енді көзі кеткен соң іздеусіз қалмай, бір көшеге, не бір мектепке Шерхан Мұртаза атын берсе ғой деп ойлаймын. Тіпті ауылға атын берсе де жарасады ғой», деген Құрмаш апа өмірдің қарапайым қағидасы қашанда жақсылықтан үміт үзбеу керектігін, адам тіршілікте кімге не істесе, соны көретінін айтты. Өмірде көргені мен түйгені көп қарияның әр сөзі бізді ой ағынына қарай жетелей берді…

Хамит ЕСАМАН,

«Egemen Qazagstan»

Жамбыл облысы

Суретте: Батырхан, Шерхан, Құрмаш Мұртаза әулеті

Дереккөз: http://egemen.kz/