Шенеуніктен ақша бопсалау: Шымкенттік блогер күдікке ілінді
Шымкентте блогер Ғани Өмірәлі ұсталды. Бұл туралы Шымкент қалалық ПД баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды kznews.kz сайты КТК телеарнасына сілтеме жасап.
«Криминалдық полиция қызметкерлері барлық қажетті жедел шараны жүргізді. Нәтижесінде, күдікті ұсталды. Жедел қызметкерлер оның Toyota Camry көлігінен 300 мың теңге ақша тәркіледі. Күдікті сот қаулысымен қамауға алынды», — деді полиция қызметкерлері.
Бұған дейін әлеуметтік желіде Өмірәлі ұсталғаны туралы ақпарат тараған болатын.
«Шымкент қалалық полиция департаментінің криминалдық полиция бөліміне шенеунік хабарласты. Ер адам өзін блогер ретінде таныстырған бірнеше адам одан жарты миллион теңге көлемінде ақша бопсалағанын айтты. Өз кезегінде олар әкімшілік ғимаратта мемлекеттік ту жыртылғаны түсірілген бейнежазбаны таратпауға уәде берген», — деп түсіндірді ПД өкілдері.
Бұл іс бойынша соталды тергеу ҚР Қылмыстық кодексінің 194-бабы («Бопсалау») бойынша жүріп жатыр.