«Шекарасыз тілшілер» Ассанжды босатуға шақырды

0

«Шекарасыз тілшілер» ұйымы Ұлыбританиядағы Белмарш түрмесінде отырған Уикиликс (WikiLeaks) жобасының негізін қалаушы Джулиан Ассанжды босатуға шақырды. Құқық қорғау ұйымы өкілдерінің айтуынша, Ассанждың денсаулығы нашарлаған.

Құқық қорғау ұйымы сонымен бірге АҚШ-қа да үндеу жолдап, Ассанжға тағылған айыпты алып тастауға және оны экстрадицияламауға шақырды.

Бір ай бұрын ондаған дәрігер Ассанждың өміріне қауіп төніп тұрғанын айтқан. Дәрігерлердің сөзіне қарағанда ол медициналық көмекке зәру.

Қараша айының соңында Швеция прокуратурасы «зорлау» бабы бойынша айыпталған Уикиликс (WikiLeaks) жобасының негізін қалаушы Джулиан Ассанждың үстінен қозғалған қылмыстық істі тоқтатқан еді.

Швеция 2010 жылы Ассанжға «зорлау» бабы бойынша айып таққан, ал Уикиликс жобасының авторы тағылған айыпты жоққа шығарған болатын. Швеция Ұлыбританиядан Ассанжды экстрадициялауды талап етіп, ақырында Уикиликс жетекшісі Лондондағы Эквадор елшілігін паналауға мәжбүр болған. Эквадор билігі оған саяси баспана берген.

Елшілік ғимаратында жеті жылға жуық уақыт тұрған Ассанж биыл көктемде саяси тұтқын мәрбесінен айрылып, британ полициясының қолына түсті. Ол қазір Ұлыбританияда кепілдік шартын бұзғаны үшін түрмеде жазасын өтеп жатыр. Ол сонымен бірге өзін АҚШ-қа экстрадициялау бойынша сот шешімін күтіп отыр.

«Құпия ақпараттарды жариялаумен» танымал болған Уикиликс жобасының авторы Джулиан Ассанжға АҚШ-та 17 айып тағылған. Олардың арасында «тыңшылық» бабы да бар. Заңгерлер оған 175 жыл жаза берілуі мүмкін деп болжайды.

Мамыр айының соңында БҰҰ-ның қысыммен күрес жөніндегі өкілі Нильс Мельцер Ассанждың түрмеде психологиялық қысым көріп отырғанын мәлімдеген. Мельцердің айтуынша, Уикиликс жетекшісінің айналадағы адамдардан қатты қауіптенетіні байқалған. Қазан айының ортасында Мельцер бұл ақпаратты АҚШ, Эквадор, Ұлыбритания және Швецияға жібергенін хабарлаған. Оның айтуынша, алайда бұл мемлекеттердің билігі азаптау жайлы хабарламаға құлақ аспаған.

Azattyq