шекараны бұзып, Қытайдан 200 мың қазақты бастап келген жазушы
Қарасөздің қарагері, жазушы, Қытайдан Қазақстанға өткен алғашқы ұлы көштің дарабозы Қабдеш Жұмаділов 1936 жылы 24 сәуірде Шыңжаң өлкесінің Тарбағатай аймағы, Малдыбай ауылында дүниеге келген. Өз әкесі Сібетіде салдырған бастауыш мектептен білім алып, кейін жеті жылдық Шәуешек қазақ гимназиясын бітіреді.
1954 жылы Қабдеш Жұмаділовтің Үрімшіде шығатын «Шыңжаң газетінде» алғашқы өлеңі жарық көрді. 1956 жылы Қытай үкіметінің жолдамасымен Алматыға келіп, Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне оқуға түсті. Алайда университеттің ІІ-курсынан кейін екі ел арасындағы саяси жағдайға байланысты кері шақырылып, 1958–1962 жылдар аралығында Қытайда қуғын-сүргінге ұшырады. Осы студент шағында «Шұғыла» журналының бірінші нөмірінде «Жамал» атты тұңғыш әңгімесі басылып шықты.
Қабдеш Жұмаділов 1962 жылы империя шекарасын бұзып өткен қазақ көшімен бірге атамекенге қайтып оралып, ҚазМУ-дегі аяқталмай қалған оқуын қайта жалғап, 1965 жылы бітіріп шықты. Оқуды тәмамдаған жылы Жұмаділов өзімен тағдырлас Самал Әукенқызына үйленді.
Жұмаділов бастаған Ұлы көш
Қабдеш Жұмаділов 1962 жылғы Қытай қазақтары көшін дайындаған, әрi соның бұйдасын ұстап келген адамның бірі. 200 мың қазақ бес заставаны бұзып өтіп, 20 күн бойына Отанына қарай ағылған. Атты көш, түйелі көш, жаяу-жалпылы көш. Бұл үшін Жұмаділовті Қытай бүлікші деп айыптайды, ал Қазақ елі үшін ол кісі Дарабоз.
«1956 жылы Үрімшіге келіп, үш жылдай еліме қайта алмай қалдым. Қатаң бақылауда болдым. Жоғарыға дүркiн-дүркiн арыз жаздым. Ондағы мақсат – шекараға жақын (небәрi 18 шақырым) Шәуешекке жетiп, одан ары Қазақстанға өту, үзiлiп қалған оқуымды қайта жалғастыру еді. Шекарадан өтсем, менi керi қайтармайтынына сенiмiм кәмiл. Өйткенi, Қазақ университетiнiң студенттiк билетi мен екi жыл бойы баға қойылған «сынақ кiтапшасы» костюмiмнiң iшкi қалтасында тығулы жүр едi. Соны көрсетсем, менiң шекара бұзған жансыз, не «шпион» еместiгiме шекарашылар сенедi деп ойладым. Анығын айтсам, 1961 жылы көктемде Шәуешекке келудегi басты мақсатым осы болатын негізі», — дейді Қабдеш Жұмаділов.
Бірақ осы жеке мақсат үлкен мақсатқа айналады. Өйткені Қабдеш Жұмаділов Үрiмшiде ашаршылықтың дәмiн татып, көнек аурумен iсiп-кеуiп жатқандарды өз көзiммен көрген. Шәуешекке барса, онда да ашаршылық жайлап алған. 1958 жылы жаппай құрылған Қытай билігінің «Халық коммунасы» қалың жұртшылықты ортақ қазанға қаратып, жеке түтiн шығаруға тыйым салып, iшер ас, киер киiмге зар қып қойған.
Бұқара халық бұған наразы болып, аштық апатынан құтылудың амалын таппай, бастары қатып жүрген аса қиын кезең еді. Жұмаділов коммунаға қарсы көтерiлiске шығып, қарулы әскер тарапынан күшпен жанышталған Алтай аймағы халқының жайын да көзімен көрген.
«Алтай керейлерi анадай халге ұшырағанда, Шәуешектiң отырықшы, әрi «оқымысты» жұрты ондай қайрат көрсете алмасы анық. Демек, бұл елге аштық апатынан құтылудың басқа жолын iздеу керек. Мiне, атажұртқа ел көшiру идеясы менiң басымда осылай туды. Жеке мақсат ендi ұлт мақсатына айналды», — дейді Жұмаділов.
Жазушыны қынжылтатын жел сөз турасында
Ал көштің лап қоюына Қытайдың кедергі бола алмай қалуына ол кезде шекара күзетінде қытайлардың болмауы түрткі бопты. Иә, өзара келісім бойынша ол кезде шекараны Кеңес одағының солдаты ғана күзеткен, ал Қытай жағы әлi шекара күзетiн қолға ала қоймаған.
1962 жылдың сәуiр айында көш басталып кеттi. Оны Қабдеш Жұмаділов бір сұқбатында былай әңгімелейді:
«Несiн айтасың, Совет Одағы жүз елу шақырымға созылған Тарбағатай шекарасын бес жерден ашып тастады. Жаманты, Бақты, Ергейтi, Емiл, Шағантоғай заставалары бiр шақырымға дейiн шекара сымдарын жинап тастап, аттылы, арбалы, түйелi көштердi күндiз-түнi қабылдады-ау! Не керек, айналасы жиырма шақты күнде Шәуешек шаһары түгелiмен (қалада жүз мыңға жуық қазақ тұратын), қалаға қарасты аудан халқы, Шағантоғай ауданы, Шәуешектегi дүмпудi естiп қозғалған Толы мен Дөрбiлжiн ауданының бiр бөлiмi шекарадан өте шықты. Егер Қытай өкiметi әлсiн-әлi нота тапсырып, бiрiншi мамырда шекара жабылып қалмағанда, көш аймақтағы жетi ауданға түгел тұтасар едi. Соның өзiнде 200 мыңнан астам адам шекарадан өтiп үлгердi.
Тағы оқыңыз: Дінмұхамед Қонаев туралы не білеміз?
Әрине, ресми құжаттарда бұл сан кемiтiп көрсетiлдi. Дұрысы, сiрә, бiздiң есебiмiз болар… Бұл көштiң барысы «Таңғажайып дүние» атты ғұмырнамалық романымда егжей-тегжейлi жазылған. Өз басым сол көштiң жоспарын жасап, бұйдасын ұстап келгенiмдi мәңгi мақтаныш етемiн. Менiң жазушылық еңбегiм, жазған том-том кiтаптарым өз алдына. Ал 1962 жылғы көш – менiң азаматтық қызметiмнiң шырқау шыңы. Қазiр көре алмайтын, iштерi тар, мысық тiлеу бiреулер менiң көш бастаған еңбегiмдi жоққа шығарғысы келiп: «Ол – ашаршылықтан қашқан босқындардың көшi ғой. Жұмадiлов соны сырттай иемденiп жүр» деп пыш-пыш өсек тарататын көрiнедi», — дейді жазушы.
Жұмаділов пен Әуезовтің танысуы
1956 жылдары Қытай үкіметі Ресеймен саяси жақсы қарым-қатынаста болған кездері Совет одағының мемлекеттеріне елу үздік студентті жібереді. Солардың қатарында болған Қабдеш Жұмаділов Алматы қаласындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетіне түседі. Сол тұста шеттен қандасы келгенін біліп, Мұхтар Әуезов студент Қабдешті шақыртып алған екен. Ол сонау Қытайдан келген жерлесінің әңгімесін өз аузынан естімекші болыпты. Қабдеш ағаның сөзіне сенсек, Әуезовтен басқа бірде-бір жазушы көңіл бөліп, бұлар кім деп сұрамаған.
Әңгіме барысында Мұхтар Әуезов Қытайда қанша қазақ бар екенін, қалай өмір сүретіндерін сұраған.
«Қытайдағы қандастарымыздың тұрмыс-тіршілігіне алаңдаушылық танытып, баспасөз саласы қалай жұмыс істейтінін, мектептің бар-жоқтығын білді. Тіпті ол жақтағы танымал жазушылар туралы сұрастырып, өзінің «Абай жолы» романымен шеттегі қазақтардың таныс екенін де естіп таң қалды», – дейді Қабдеш Жұмаділов.
Ары қарай «Абайтану» пәні бойынша дәріс оқыған Мұхтар Әуезовтің сабақтарына қалмай барған студент Қабдеш оған әбден бауыр басады. Қытай мемлекеті жіберген студенттерін кері қайтаруға бел буған кезде, Қабдеш Жұмаділов алдымен Әуезовпен қоштасуды жөн тапқан. Мұқаң оларға ара түседі ме, кері қайтармау қолынан келіп, алып қалса деген ой болған екен. Бірақ ол «шетелдің ісіне араласа алмаймыз, жіберуден басқа амалымыз жоқ қой» деп жұбату сөздерін айтыпты.
«Маған «Жазушы боламын деген адамға Құдай өзі осындай кедергілер береді, кейін қайтадан жолыңды ашады. Мүмкін ол жаққа өмірбаяныңды байытайын деп жіберіп жатқан шығар. Бастысы сен жасыма!» деп айтқан еді, Мұқаң», – деп еске алды Қабдеш Жұмаділов.
Осы жерден жолдары бөлінген қазақтың дарынды тұлғалары ендігі бір-бірін көрмеді. Кейін Әуезовтің қайтыс болғаны туралы естіп, айдауда жүрген Қабдеш Жұмаділовтің көңілі қатты босап, ағыл-тегіл жылаған.
Қытайға қайтып оралып, сүргінде жүрген Қабдеш Жұмаділов біраз қиыншылық көрген. Төрт жыл бойы ешқандай жағдай жоқ мекенде жер асты шахтасында қызмет атқарады. Өзінің сөзінше, тіпті алты ай бойы жуынуға мүмкіндік болмаған. Жарты жылдан кейін жуынған Қабдеш ағамыз үстіндегі кірінің бірталай уақытқа дейін кетпегенін айтады.
Тағы оқыңыз: Қазақ киносының саңлағы Шәкен Айманов туралы қызық деректер
Артынша Шәуешек қаласына жіберіліп, сол кезден бастап Қазақстан жеріне көшуді мақсат қойған Қабдеш Жұмаділов қалтасынан Қазақ ұлттық университетінің студенттік билеті мен сынақ кітапшасын тастамай жүрген. Кез келген кезде қазақтың жеріне қашып, ұлттық университетке келіп, қалған жылдарын тәмамдау еді оның арманы.
Алайда артында қалып қоятын қазақ жұртын ойлап, Совет одағына хаттар жолдай бастаған. Солай шекара ашылып, шеттегі қандастарымыздың елге оралуына үлкен еңбек сіңірген Қабдеш Жұмаділов Алматыға оралып, Қазақ ұлттық университетінің филология факультетін аяқтауға мүмкіндік алған. Осылай өз жұртына берері мол болған белгілі тұлға еліне қызмет етуді жалғастырады.
1989 жылы жазушы арада отыз жыл өткенде Шыңжаңға сапар шегіп, ата қонысын аралап қайтты.
Қабдеш Жұмаділовтің кітаптары
Қабдеш Жұмаділов 1965 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінде, 1967 жылы «Жазушы» баспасында, 1976 жылы Мемлекеттік баспалар комитетінде жауапты қызметтер атқарды. 1981 жылдан бірыңғай шығармашылық жұмыста.
Жастық шақта жазылған өлеңдері 1967 жылы «Жас дәурен» деген атпен жеке жинақ болып шықты. Осыдан кейін Қабдеш Жұмаділов бірыңғай проза жазуға ойысқан. «Қаздар қайтып барады» атты алғашқы әңгімелер жинағы 1968 жылы, «Көкейкесті» романы 1969 жылы жарық көрді. Содан бері жазушы қаламынан көптеген әңгіме, хикаяттар, он шақты роман туды.
Романдарының дені тарихи тақырыпқа арналған. Оның екі кітаптан тұратын «Соңғы көш» (1974–1981), «Атамекен» (1985), «Тағдыр» (1988) романдары Шыңжаң қазақтарының өмірінен жазылған. «Соңғы көш» дилогиясына 1983 жылы М.Әуезов атындағы әдеби сыйлық, «Тағдыр» романына 1990 жылы Абай атындағы Мемлекеттік сыйлық берілді.
Қос томды «Дарабоз» (1996) романы тарихи тақырыпқа, «Саржайлау», «Сәйгүліктер», «Бір қаланың тұрғындары», «Бір түп тораңғы» атты шығармалары бүгінгі заман тақырыбына арналса, «Қылкөпір» романы (2003) мен соңғы жылдары жазылған бір топ әңгімелерінде тәуелсіздіктен кейінгі өтпелі дәуір шындығы көрініс тапқан. Жазушы «Таңғажайып дүние» атты ғұмырнамалық романында (1999) өзі өмір сүрген орта мен замандастары жайында сыр шертеді.
«Көкейкесті», «Соңғы көш», «Атамекен», «Дарабоз» романдары мен хикаяттар топтамасы орыс тіліне аударылып басылған. Жекелеген әңгіме, хикаяттары қырғыз, өзбек, ұйғыр, украин, белорус, грузин тілдерінде, «Соңғы көш» романы түрік тілінде жарық көрді.
Біртүрлі әңгіме. Жазушының өз айтары бар
Тарихи романдардың шебері эротика жанрына да қалам тербеуі көпті таңғалдыруы мүмкін. Бірақ «Толғанайдың түні», «Әмбебап әйел», «Кәрілерге ем болатын дәрілер», «Тұл махаббат» деген әңгімелер жазған жазушының бұған айтар өз ойы бар.
«Бұл жерде менің көздегенім — оқырман көбейту емес. Жұмаділовті оқитындардың саны кеміген жоқ. Мен бұл тақырыпқа әдейі бардым. Мұндағы көздегенім – демография. «Ұлт саны қайткенде өседі» деген мәселе.
Арғы тарихқа көз салсақ, исі қазақ екі қатын алғанды ар көрмеген. Тіпті әмеңгерлікті де дұрыс жолға қоя білген. Себебі қазақтың өткен тарихына үңілер болсақ, бабаларымыздың өмірі жаугершілікпен өткенін көреміз.
Қазір екі әйел тұрмақ, бір әйелге шамасы келмей, қуаты кеміген еркектер көп. Бұл – трагедия. Бір Алматының өзінде жүз мыңнан астам кәрі қыз бар екен. Ал осылар ең құрмағанда тоқал болып тиіп, өмірге сәби әкеліп жатса, бұл үлкен өсім ғой. Балшықтан бала жасай алмай жатқан қазіргі заманда, әр баланың орны бөлек…», — деп түсіндіреді жазушылығының бұл арасын Жұмаділов.
Тағы оқыңыз: Қабдеш Жұмаділов Назарбаевқа қатысты сәуегейлік танытқанын айтты
Қабдеш Жұмаділовтің марапаттары
Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамотасымен марапатталды. 1990 жылы Қабдеш Жұмаділов Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды.
1998 жылы 23 қазанда президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен Қабдеш Жұмаділовке «Қазақстанның халық жазушысы» деген құрметті атақ берілді.
«Парасат» орденінің иегері. Тарбағатай, Үржар және Аягөз аудандарының Құрметті азаматы.
2018 жылы Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында Қабдеш Жұмаділді ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттады.
sputniknews.kz