Шекарадағы жанжалдан соң екі қырғыз ауылынан тұрғындарды көшірді
Қырғызстан билігі Тәжікстанмен шекара аймағындағы адам қазасына себеп болған қақтығыстан кейін сол маңда орналасқан екі ауылдың тұрғындарын көшірді. 15 наурызда Қырғызстан үкіметі баспасөз қызметі таратқан мәлімдемеде Ақ-Сай мен Кок-Таш ауылдарының тұрғындары Баткен облысының әкімшілік орталығына көшірілгені айтылған.
Мәлімдемеде Қырғызстан мен Тәжікстанның үкімет жетекшілерінің орынбасарлары Жеңиш Разаков пен Азим Иброхим келіссөз өткізіп, екі жақ оқиғаны бірлесіп тексеруге кіріспес бұрын жанжал болған аудандағы тыныштықты қалпына келтіру маңызды екенін мәлімдегені айтылған.
Оқи отырыңыз: Шекарадағы жанжалдан екі адам мерт болды
13 наурызда Қырғызстанның Тәжікстанмен шекарасының даулы тұсында жол салу құрылысын қайта жалғастыруы кейін екі ел азаматтары арасындағы жанжалға ұласқан. Қырғызстанның Ақ-Сай және Тәжікстанның Мехнатабад ауылдары тұрғындары өзара сөзге келіп, бір-біріне тас лақтырған. Екі күнге жалғасқан қақтығыстар барысында кемінде екі адам (Тәжікстан азаматтары) мерт болып, ондаған тұрғын зардап шекті. Қырғызстандық милиция қызметкері оқ тиіп жараланды.
Қырғызстан денсаулық сақтау министрлігінің шенеунігі 15 наурызда Азаттыққа берген сұхбатында жұмаға қараған түні Баткен қаласындағы ауруханаға оқ тиіп жараланған қырғыз азаматы жеткізілгенін хабарлады. Жанжал болған аудандағы ахуал әлі жақсара қойған жоқ.
СССР тарағаннан кейін Орталық Азия мемлекеттері арасындағы шекараның көп тұсы даулы мәселеге айналды. Әсіресе Қырғызстан, Тәжікстан мен Өзбекстанның шекаралары түйіскен Ферғана алқабындағы көптеген эксклавтар төңірегінде өте күрделі жағдай қалыптасты.
Соңғы алты жылда Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасында оннан астам жанжал болды. Кейбірінде атыс қаруы қолданылған.
Қырғыз-тәжік мемлекеттік шекарасының жалпы ұзындығы 971 километрге тең. Қазірге дейін оның 450 шақырымына делимитация жұмыстары жүргізілмеген.