Шекарадағы Сұлукөлге неге ешкім көшіп келмейді?
Жақында Бәйтерек (бұрынғы Зеленов) ауданының Сұлукөл ауылына арнайы бардық. Аудан орталығынан − 150, Орал қаласынан 76 шақырымдық жерде жатқан бұл ауылдың іргесінен – 2-3 шақырым жерден мемлекеттік шекара өтеді. Кезінде Приурал ауданына қараған ұжымшардың атауы Чесноков болса, 2010 жылы елді мекен Сұлукөл болып өзгерген.
– Біздің ауданның ең алыс нүктесі – осы Сұлукөл, – дейді сапарласым, Бәйтерек аудандық мәслихатының хатшысы Рамазан Исмағұлов.
Бәйтерек ауданына 1997 жылы оңтайландыру кезінде бұрынғы Приурал ауданы қосылған. 22 ауылдық округ, 68 елді мекені бар ауданда ресми есеп бойынша 57,2 мың адам тұрады. Облыс орталығына жақын, егінді өңір болғандықтан тұрғындары бақуатты саналады. Тоқсаныншы жылдары алыс ауыл қазақтары жаппай қалаға көшкен тұста Оралдың айналасындағы елді мекендер де әжептәуір қазақтанып қалды.
«Әйтпесе отарлау, орыстандыру саясаты әбден сіңіп, қаракөздерінің өзі ана тілін ұмытып кеткен ауылдар ғой» дейді осы сапарды ұйымдастырушы әріптесім Нұржан Дүзбатыр.
«Жол азабы азаяды»
Оралдан Сұлукөлге баратын жолдың жартысы асфальтсыз. Елді мекен тұрғындарының ең бірінші мәселесін көзімізбен көріп келеміз. «Қазақтанып қалды» дегенмен, жолда кездескен ауыл атаулары Трекино, Володарское, Даринское, Озерное, Рубежинское, Хамино, Чеботарево болып келеді. Сұлукөлге жақындағанда грейдер жолдың екі жағындағы тал-бұтаны тазалап, тамырымен қопарып тастағанын көрдік.
– Өткен жылдың басында Бәйтерек ауданының әкімі Асхат Шахаров ауыл тұрғындарымен кездескенде дәл осы жол жиегіндегі тал-теректі күзеп, жүру алаңын кеңейту мәселесі айтылған еді. Өйткені күтімсіз жабайы ағаш қаулап өсіп, жолды жауып тастай жаздаған. Мына жол жазда дәліз сияқты болып тұратын. Қыста қар ұстап, ауылдан ұзап шығу мұң болатын. Аудан бюджетінен қаржы бөлініп, осындай жұмыс атқарылуда. Бұл аудандық мәслихатқа осы ауылдан сайланған депутат Әсия Қайдашованың да еңбегі, − дейді Рамазан Тастайұлы.
Жоғарыда айтылған кездесуде сұлукөлдіктер Орал қаласы мен ауыл арасына қатынайтын қоғамдық көліктің тұрақсыздығы туралы да мәселе көтерген екен. Мұның да бір ұшы жол жағдайына тіреліп тұрғанын Әсия Молданқызы да айтты. «Жолымыз жөнделген соң жеке таксилер де көбейетін шығар. Ауылда екі үйдің бірінде көлік бар ғой» дейді депутат.
Әкімнің әңгімесі
Сұлукөл ауылының әкімі Ерсайын Сайхаденовтің қызметке тағайындалғанына бір жылдан жаңа асыпты. Бірақ алпыстың асқарына шыққан тәжірибелі азамат бұған дейін талай жауапты қызмет атқарған. 1991 жылы Бөрлі ауданындағы Бумакөл ауылында орыс орта мектебін бір күнде қазақ тіліне ауыстырған ерлігін айтсаңызшы. «Үгіт-насихат, түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде орыс балаларының өзі қазақ сыныбына оқып кетіп еді» деп еске алады сол күндерді.
– Сұлукөл ауылында 355 адам тұрады. Ал тіркеуде 561 адам бар. Тұрғындардың көбі Оралда, Трекинде, Ресейде жүр. Бірақ ауылдағы тіркеуінен шықпайды. Өйткені «іргеде мұнай өндіріп жатқан «Жайықмұнай» компаниясы ауылды түгел көшіреді екен» деген сыбыс талай жылдан бері айтылып келе жатыр. Қарашығанақта Тұңғыш, Березовка деген ауылдар экологиялық аумақта қалғаны үшін көшіріліп, тұрғындарға Ақсай мен Орал қаласынан тегін үй берілді ғой. Сондай жақсылықтан үмітті − дейді, ауыл әкімі.
Экология мәселесі ауылда ауық-ауық көтеріліп тұрады екен. Ерсайын Сайхаденов Батыс Қазақстан облыстық экология департаментіне тұрғындардың шағымын жеткізген. Департамент тарапынан биылғы 28 маусымда мамандар арнайы келіп, ауа сынамасын алып, лабороториялық зерттеуден өткізгенімен, улы заттар мөлшерден артық көбейгені дәлелденбепті.
– Осы бір белгісіз ахуал ауылдың болашағына әсер етіп тұр. Көшіп кетушілер болғанымен, үй сатылмайды. Жаңадан көшіп келетіндер жоқ. Ауылды қазақыландыру үшін оңтүстік аудандардан он шақты жас отбасыны көшіріп әкелуді армандаймыз. Көп нәрсе өзгеріп-ақ кетер еді. Бірақ жылы орнын суытып келген кезде бұл жақтың болашағы баянды болмай қалса қиын бола ма деп те ойлаймын. Компания басшыларынан сыр тартып көрсем, таяудағы он жылда мұндай жоспар жоқ екенін айтады. Кім білсін?! Өзімнің зейнетке шығуыма бір жыл ғана қалды. Осылай тәуекел ете алмай жүрміз, – дейді Ерсайын Аманғалиұлы ағынан жарылып.
Бақуатты ауыл
Анау жылдары Астанадан келген бір әріптесіміз Батыс Қазақстан облысының біраз ауылын аралап шыққан соң: «Барлық ауылда табиғи газ бар, жақсы тұрасыздар ғой» деп таңғалған еді. Рас, Ақ Жайық өңірінде көгілдір отын күнделікті көрініске айналып кеткен. Осы Сұлукөл ауылына да газ 2005 жылы тартылған екен. «Ал ауыз су ұжымшар кезінен бар. Өзен-көлі көп өлке ғой. Ауыз су құбыры жүйесі 2016 жылы толық жаңғыртудан өтті. Ауылдағы 140 үйдің жартысына жуығы суды үйіне дейін тартып алды. Қалғаны көшедегі колонкадан алады» дейді әкім.
Шағын ауыл болғанымен, Сұлукөлдің шаруасы тап-тұйнақтай. Округтегі жеке үйлер мен шаруа қожалығын қосқанда 596 ірі қара, 823 қой-ешкі, 2761 құс, 144 жылқы бар. Жем-шөп те жеткілікті. Тұрғындар негізінен сиыр ұстап, сүтін тапсырады. Е.Сайхаденовтің айтуынша, күн сайын 43 үйден 830 литр сүт тапсырылады. Сүт өңдеуші фирмалар қазір сүттің литрін 100 теңгеден алса, қыста 110 теңге болады. Апта сайын қолма қол ақшамен есептеседі. Бұдан бөлек, екі үйдің бірі баспақ байлап, мал бордақылайды. Тауық пен үйрек-қаз да табыстың бір көзі.
– Сұлукөлдің топырағы құнарлы, түгін тартсаң май шығады. Ауыл тұрғындарының бір кәсібі – бау-бақша егу. Көкөніс өз ауламызда, − дейді Әсия Молданқызы.
Ауылда дәрігерлік пункт былтыр күрделі жөндеуден өткен. Шағын клуб ғимараты да сырты қораш болғанымен іші ұядай. Сұлукөл ауылының ішкі-сыртқы мәселелерін шешуге жергілікті кәсіпкерлер де, іргедегі мұнай өңдеуші «Жайықмұнай» ЖШС да үнемі қол ұшын созатын көрінеді. Біз жолыққан ауылдықтар «Агросервисбатыс» ЖШС жетекшісі Ғазиз Рабаевқа, «Агрореммаш» зауытының басшысы Ғимран Бисеновке, әсіресе «Жайықмұнай» ЖШС бас директоры Жомарт Дәркеевке ерекше ризашылығын білдірді. Соның ішінде «Жайықмұнай» компаниясының бұқарамен байланыс жөніндегі департамент басшысы Асхат Сейітқазин Сұлукөлдің өз адамындай етене араласып, ауылдың күші жетпей жатқан мәселелеріне үнемі көмектесіп тұрады екен.
Бала күткен мектеп
«Егемен Қазақстан» талай көтерген шекаралық ауыл мектебінің мәселесі Сұлукөлге де ортақ. 230 балаға арналған екі қабатты, типтік үлгідегі мектепте 41 оқушы ғана оқып жатыр. 1976 жылы салынған мектеп ғимараты содан бері күрделі жөндеу көрмепті. Бірақ мектеп ұжымы демеушілердің көмегімен, өз күшімен ғимаратты тоздырмай ұстап отыр екен.
Әсия Молданқызы Сұлукөл негізгі мектеп-балабақша кешенінің директоры болып 2012 жылы тағайындалған. Сол жылы күзде орта мектепте бала саны жетпей, тоғызжылдық негізгі мектепке айналған.
– «Орта мектепті жаппаймыз» деп 31 тамызға дейін жүгірдік-ау! Болмады. Орта мектеп статусына үш-ақ бала жетпеді, 78 бала еді. Дәл 31 тамыз күні орта мектепті жабу туралы бұйрық шыққан кезде жылап алдым. Балалар жан-жаққа кетті. Шекаралық ауыл мектебінің бала санын шектеп керегі жоқ еді. Қанша болса да оқыту керек еді. Бір жыл күткенде келесі жылы толатын еді. Мұғалімдердің сапалық жағы күшті еді. Шәкірттеріміз ҰБТ-дан 112-114 ұпай алып, ауданның мәртебесін көтеріп жүрген. Амал қанша, – деп күйінеді директор.
Қазір мектепте 20 мұғалім қызмет етеді. Ұстаздардың ешқайсысында толық ставка жоқ. Бәрі жағдайды түсініп, осы жағдайына шүкірлік етеді. Мұғалімдердің орта жасы 45-те, біреуі – жоғары санатты, сегізі – 1 категориялы ұстаз.
– Биылғы оқу жылында негізгі мектепке тиісті бала санын жеткізе алмай қиналдық. Сөйтіп, Атырау қаласында тұратын қызымның баласын – жиенімді алып келіп, 41-інші оқушы етіп алдым. Әйтпесе бастауыш мектеп болып қалар ма едік?!
Ә.Қайдашова мектеп туралы сағаттап айта беруге бар. «Бізге бала ғана керек! Басқа жағдайымыздың бәрін өз күшімізбен түгендеп жатырмыз» дейді ол.
«Жайықмұнай» компаниясы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында жыл сайын мектепке 2 млн теңге көлемінде демеушілік жасайды екен. Оны қамқоршылар кеңесі ақылдаса отырып жұмсайды. Алдыңғы жылы мектеп асханасы түгелдей жаңартылған. «Бөліп-жарып қайтеміз, мектебіміздің 41 оқушысы түгел ыстық тамақпен қамтылған» дейді директор. Мұнайшылар биыл әдеттегі 2 млн теңгенің үстіне 1,1 млн теңге қосып, спортзалдың терезесін ауыстырып беріпті. Спорттық инвентарь, шаңғы т.б. жабдықтар түгелдей жаңа екенін көрдік. Оның үстіне балаларды еңбекке баулитын тігін машиналары, ағаш күйдіретін аппарат секілді бұйымдарды директор демеушілердің көмегімен алдырған. «Орта мектеп деген статусымыз болмаса да материалдық мүмкіндігімізді сол деңгейден түсірмей келеміз» дейді мектеп басшысы. Мектептің толықтай компьютерлендірілгенін, 4 интерактивті тақта жұмыс істеп тұрғанын көріп, директордың сөзіне күмән келтірмедік. Ат шаптырым мектеп ғимаратының кеңдігін пайдаланып, бірінші қабатты толығымен балабақшаға айналдырған. Сәбилердің ұйықтайтын, ойнайтын, тамақ ішетін жері осында.
Тіл мен діл
Сұлукөл мектебі орыс тілінде оқытады. Жалпы Зеленов ауданы бойынша 46 мектеп бар, оның 30-ы – орта, 9-ы – негізгі және 7-еуі – бастауыш мектеп. 46 мектептің 7-еуі қазақ тілінде, 10-ы орыс тілінде оқытса, 29-ы аралас тілді мектеп саналады. Ауданда барлық оқушы саны – 8179, қазақ тілінде – 4085, орыс тілінде – 4094 оқушы оқиды. Сұлукөл – таза орыс тілінде оқытатын он мектептің біреуі.
– Ауыл тұрғындарының 55%-ы – қазақтар, − дейді Е.Сайхаденов. – Бұрын өзге ұлт өкілдері басым болғанымен, көбі қоныс аударып кетті. Соның өзінде ауылымыз көп ұлтты – қазақ, орыс, украин, поляк, марий секілді ұлт өкілдері тату-тәтті тұрып жатыр. Бізге сырттан, таза қазақы ауылдан көшіп келушілер жоқ.
– Әуелгі кезде бастауыш сыныптарды қазақ тілінде оқытып жүрдік. Бірақ бесінші сыныпқа келгенде тығырыққа тірелеміз – мұғалім жоқ. Амалсыздан орыс тіліне көштік. Қазір сәбилер балабақшада қазақ тілінде тәрбиеленеді. Ұжымдағы қазақ тілі пәнінің мұғалімдері – өте білікті, белсенді жастар. Олар мемлекеттік тіл үйірмесін ашып, тіл үйретеді. Мемлекеттік, ұлттық мейрамдарды, наурызды, айтты ерекше белсенділікпен атап өтеміз. Біздің қолдан келетіні – осы, − дейді Ә.Қайдашова.
Тіл мәселесіне тоқталып отырғанымыздың себебі де бар. Жол үстіндегі әңгімеде Зеленов аудандық мәслихатының хатшысы Р.Исмағұлов өңірдегі орыс мектебін бітірген балалардың көбі елдегі ҰБТ сынағына қатыспай, ресейлік ЖОО-ларына кететінін айтқан еді. Әлбетте, ол жақтан қайтып келіп, білімі мен еңбегін туған жеріне беретіндер саны аз.
– Біздің аудандық бюджеттің 70 пайызға жуығы білім саласына кетеді. Бұл үлкен қаржы ғой. Бірақ орыс мектептеріне салынған инвестиция қайтпай тұр. Балалар өзге мемлекеттің білімін алып, сол елге қызмет етіп кетеді. Тіпті әскери борышын Ресейде өтейтіндер бар, − дейді Рамазан Тастайұлы.
Зеленов аудандық білім бөлімі берген мәліметке қарағанда 2018 жылы білім саласына 4 830 209 000 теңге бөлінген екен. Бұл 2017 жылға қарағанда 300 млн теңгеге артық. 2018 жылы ауданда 11 сынып бітірген оқушы саны 417 болса, ҰБТ сынағына соның 62%-ы, яғни 256 оқушы ғана қатысқан.
P.S. Жақында ғана Елбасы Жарлығымен атауы өзгерген ауданда мемлекеттік тілді дамыту мен ономастика, ұлттық идеология саласында жасалуы тиіс кешенді шаралар әлі де көп. Шыны керек, тоқсаныншы жылдары Қазақстанның ірі қалалары мен олардың айналасын қазақтандырған – ауылдан жаппай көшкен ағайын еді. Қазір Батыс Қазақстан облысында бұл құбылыс, ішкі көші-қон тоқтады деуге болады: өңірдегі елдімекендер түгелге жуық табиғи газ желісіне қосылды, ауыз сумен қамту да соңғы жылдары қарқынды жүруде. Сондықтан шекара бойындағы елдімекендерге халықты шақыру, қызықтыру үшін арнайы бағдарлама, қосымша шаралар керек сияқты.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Батыс Қазақстан облысы
Дереккөз: http://egemen.kz/