Шекарада орналасқан үйлердің тұрғындары ұсталды

0

Алматыда карантин аймағынан адамдарды заңсыз шығарып жүрген такси жүргізушілері мен тұрғындар ұсталды  

НҰР-СҰЛТАН, 11 сәуір – Sputnik.  Алматы полицейлері жеке такси жүргізушілерінің азамататрды карантин аймағынан заңсыз шығару схемасын анықтады, деп хабарлайды Polisia.kz.

Бұл ұйымдасқан топта Алматы мен Алматы облысының шекарасында орналасқан екі жеке үйдің тұрғындары мен тасымалдаушы адамдар болған. Ер адамдар азаматтарды қаладан облысқа және кері қарай тасымалдау схемасын жасаған.

«Схема қалай жұмыс істеді? Такси жүргізушілердің бірі шартты түрде қаладан клиент алып, оны Алатау ауданындағы Теректі ықшамауданында орналасқан жеке үйге алып барады. Клиент одан әрі ауладан жаяу жүріп өтеді, содан кейін жалпы қақпадан Алматы облысының Қарасай ауданы Көксай ауылында орналасқан тағы бір жеке ғимараттың ауласына кіреді», – дейді Алматы қалалық полиция департаменті басшысының орынбасары Берік Әбілбеков.

Оның айтуынша, жолаушыны қақпаның ар жағында тағы бір такси жүргізушісі күтіп тұрады және ол клиентті діттеген жеріне жеткізеді.

«Жүргізушілер Талғарға дейін 8 мың теңге және одан жоғары алып отырған. Ал екі көршінің өз арасында келісім болған. Бір адамды өткізгені үшін олардың әрқайсысы 3 мың теңгеден алып отырған», — деп түйіндеді департамент басшысының орынбасары.

Оқи отырыңыз: Нұр-Сұлтанда такси жүргізушіден коронавирус табылды

Өткен түнде «транзиттік бизнестің» барлық қатысушысы ұсталды. Олардың әрқайсының әрекетіне құқықтық баға беріліп, заңға сәйкес міндетті шаралар қабылданады.  



sputniknews.kz