«Шебер ұйымдастырылған опасыз операция». Амин сарайына шабуыл қалай жасалды?

0

«ҚОС ТАРАПТАН ОҚ ЖАУЫП ТҰРДЫ». ШАБУЫЛ КҮНІ

Айдархан Дауылбаев 1979 жылы желтоқсанның 27-сі күні Хафизулла Аминнің Кабулдағы жаңа, жақсы қорғалған Тәж-Бек сарайында кезекшілікте болған. Қазақстанның Алматы облысында туған Айдархан Ауғанстанға шабуыл жасалған түннен үш апта бұрын барған. Бала күнінен боксқа қызығып, Совет одағының спорт шебері болған Дауылбаев Орталық Азия әскери округтің спорттық ротасындағы жедел қызмет атқарған. Кейін Мәскеу маңындағы мемлекеттік қауіпсіздік комитеті офицерлік құрамының біліктілігін арттыру курсын бітірген. Осыдан соң оны майор Хабибжан Холбаев басқарған өзбек, түркімен, тәжіктерден тұратын арнаулы қызмет отряды – «мұсылман батальонына» жіберген. 1979 жылы желтоқсан айында Кабулға жіберілген отрядтың жеке құрамына Дауылбаев кірмеген.

– Мен онда нұсқаушы болдым – президент Аминнің күзетін қоян-қолтық ұрысқа үйретумен айналыстым. Бірден бәрін емес, жеке-жеке дайындадым, – дейді өзінің Тәж-бек сарайындағы өмірін әңгімелеген Айдархан Дауылбаев.

Айдарханның қолында қару болмаған, тек резеңке таяқ ұстаған.

Айдархан Дауылбаев.

Айдархан Дауылбаев.

Дауылбаевтың айтуынша, сол күні оған бұрын мемлекеттік қауіпсіздік комитеті офицерлік құрамының біліктілігін арттыру курсын басқарған полковник Григорий Бояриновті күзету тапсырылған. Кабулға біраз күн бұрын келген полковник желтоқсанның 27-сі күні кешкісін шабуылдан бірнеше минут бұрын сарайда төбе көрсеткен.

– Мен соңғы сәтке дейін дәл осы күні сарайға шабуыл жасалатынын білген жоқпын. Бәрін полковник Бояриновтан естідім. Ол «Қазір қызық болады» деді. Кейінірек 19 сағат 15 минутта біздікілер Кабулдағы бүкіл үкіметтік байланыс тоғысқан құдықты жарғандарын білдім. Біздікілер сарайға шабуыл жасады. Желтоқсанның 27-сі күні жұма болатын, адамдар кешкі намазға кеткен. Оның үстіне, соңғы үш күнде біздің қару-жарақ тасымалдайтын көліктеріміз сарайды айналып, түнде жарық беретін зымырандар ұшырып, күндіз әскери жаттығулар сылтауымен оқ атып, шулап жүрді – Аминнің күзеті мен қала тұрғындарының бұған еті үйренді. Шабуыл 45 минутқа созылды, ал Кабул тұрғындары не болғанын түсінген де жоқ, – дейді Айдархан Дауылбаев.

Сарайда жүрген Дауылбаев «Шторм-333» деп аталған операция басталмас бұрын бір шикілік барын сезген. Түскі ас кезінде Аминді улап өлтірмек болған, бірақ бұл әрекет сәтсіздікке ұшыраған. Ал кешке шабуыл басталған. «Бәрі жоспарға сай жүрмеген сияқты» дейді Дауылбаев. Ол кейінірек сарайды мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің арнаулы отряды басып алуы керек болғанын, ал мемлекеттік барлау басқармасы, «мұсылман батальоны» мен десантшылар отряды шабуылдаушы әскерге қолдау көрсету үшін тартылғанын білген.

– Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің арнаулы отряды шығынға ұшырады. Бірінші шабуыл тығырыққа тірелді. Біз сарайда шабуылдаушы өз әскеріміз бен олардан қорғанған, жалпы саны екі жарым мың адамды құрайтын ауған күзеті оғының астында қалдық. Қорқынышты болды. Қос тараптан оқ жауып тұрды. Бізге жылдам ататын «Шилка» көмектесті (өзі қозғалатын зениттік құрылғы). Сарайда белгіленген нүктелерге оқ жаудырылды: олар бірінші қабатты атқылағанда, Аминнің күзеті екінші қабатқа кетті. «Шилканың» оғын екінші қабатқа атқанда, олар төмен түсіп отырды – осылай бірнеше рет қайталанды. Кейін екінші қабаттан ешкім түскен жоқ – төбеден мұнараға түскен десантшыларымыз олардың көзін жойды. Десантшылардың көбі қаза тапты, бірақ тапсырма орындалды, – дейді әңгімесін ары қарай жалғаған Айдархан Дауылбаев.

Іс жүзінде совет әскерінің Ауғанстанға кіруі Хафизулла Аминнің резиденциясына жасалған шабуылдан басталды. 1979 жылғы оқиғаға қатысқандардың көбі кейінірек «Ауғанстанға әскер кіргізер кезде, совет билігі қалай әрекет етерін және әскерилер бұл елде қанша уақытқа қалатынын білген жоқ» деген мәлімдеме жасады.

Желтоқсанның 26-сы күні кезекшілікке шығар алдын Дауылбаевқа бірінші қабаттан үш қабат төмен жертөледе орналасқан радиостанция торабының күзет жүйесін барлауды тапсырған. Торапқа баспалдақ арқылы түсуге болады – әр қабатта күзет бар. Айдархан тек екінші қабатқа дейін ғана барып үлгерген – оны ары қарай өткізбеген. Бірақ Дауылбаев қайда және қанша күзетші тұрғанын есінде сақтап, басшысына жеткізген. Дегенмен бұл деректер қажет болмаған, өйткені шабуыл кезінде сарайда жарық сөніп қалған. Қос тарап су қараңғыда бір-біріне тоқтаусыз оқ жаудырған.

Совет әскерилері Амин сарайына шабуыл жасаған сәт. 27 желтоқсан 1979 жыл.

Совет әскерилері Амин сарайына шабуыл жасаған сәт. 27 желтоқсан 1979 жыл.

Дауылбаев та жараланған президент күзетшісінен шешіп алған неміс автоматымен оқ атқанын айтады.

Ол өлтірілген Хафизулла Аминді көрмеген. Тек оның денесі оралған кілемді алып шығып бара жатқанын байқаған.

Шабуылдан кейін Дауылбаев полковник Бояриновті өлі күйінде тапқан. Өзінің айтуынша, мемлекеттік қауіпсіздік комитеті арнаулы отрядын шабуыл кезінде полковник Бояринов басқарған. Бірақ шабуыл сәтсіздікке ұшырап, соңында қосымша күштер тартуға тура келген.

– Ол өзін өлтірді деп ойлаймын. Өйткені оқ оң жақ самайына тиген. Снайпер атса, жарақат желке тұсында не алдында болар еді. Тағы бір жайт, бұған дейін мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің арнаулы отряды шығынға ұшырап, шабуыл нәтижесіз жүре бастағанда рация арқылы байланыс кезінде Бояриновқа генерал Дроздовтың «Сен операцияны құрттың! Бұл үшін жауап бересің!» деп айтқанын естідім. Бояриновтің мүрдесіне екі-үш қадам жақындап, оның шалқасынан жатқанын, оң қолында тапанша барын, басы сәл ғана оң жаққа бұрылғанын көрдім. Шлемнің бетті қорғайтын пластик бөлігі көзінің деңгейіне дейін көтерілген. Ары қарай жақындаған жоқпын. Біздің тараптан қаза тапқандармен тергеушілер және мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің криминалистері айналысты. Мені Бояриновтің қауіпсіздігін қамтамасыз етпегенім үшін жауапқа тартатын шығар деп қорықтым. Бірақ тергеушілер бәрімізден жауап алды да, артық сұрақ қойған жоқ, – дейді Дауылбаев.

Постсоветтік әскери тарихта полковник Бояриновтің қалай өлгені туралы нақты ақпарат жоқ. Оған 1980 жылы Совет одағының батыры атағы берілгені ғана белгілі (марапат қайтыс болғаннан кейін берілген).

«СОВЕТ ОДАҒЫ САТЫП КЕТТІ». ШАБУЫЛДАН КЕЙІН 40 ЖЫЛ ӨТКЕНДЕ ТУҒАН ОЙЛАР

Амин сарайына жасалған шабуылдан бері қырық жыл уақыт өткенде Айдархан Дауылбаев Совет одағы өзіне сенген Ауғанстанды «сатып кеткенін» айтады.

– Қазір, әсіресе Ауғанстандағы онжылдық соғыстың басталуына себеп болған Амин сарайына жасалған шабуылдың қырық жылдығына орай, мұның өте шебер ұйымдастырылған операция болғаны туралы айтылып жүр. Опасыздық тұрғысынан алғанда – дәл солай, — дейді Дауылбаев.

Дауылбаевтың сөзінше, Совет одағы өз азаматтарына, оның ішінде «мұсылман батальонының» жеке құрамына да сатқындық жасаған.

– «Мұсылман батальоны» ресми тіркелмеген, ал майор Хабибжан Холбаев басқарған «батальон» жеке бөлім болмаған. Олар Ауғанстанға желтоқсан айының басында кіріп, елден 1980 жылы ақпанның 2-сі күні шықты. Батальон Ауғанстанда, оның ішінде 1979 жылы желтоқсанның 27-cі күні Амин сарайын басып алған кезде ашық әрі ресми соғысқан жоқ. Бұл өте құпия операция болды, – дейді ол.

Хафизулла Амин.

Хафизулла Амин.

Дауылбаевтың айтуынша, совет билігі «мұсылман батальонындағы» жедел қызмет солдаттарына лайықты құрмет көрсетпеген. Оларға әскери қимылдарға қатысқан азамат деген мәртебе берілмеген, сондықтан жәрдемақы да төленбейді.

– Тірі қалғандардың қолы жеткен жалғыз нәрсе – батальон Совет одағына оралған кезде әскерден уақытынан бұрын босау мүмкіндігі туды. Бұл түрмедегі тұтқынға шартты жаза бергенмен тең. Ренжитін әрі ұят жағдай. Әскерилер үшін ішің күйеді, оларды сатып кеткен мемлекет үшін ұяласың, – дейді Дауылбаев.

Айдархан Дауылбаев «мұсылман батальонының» құрамына кірмеген. Ол – мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің арнаулы курсын бітіргеннен кейін жарқын болашақпен қамтамасыз ету уәдесімен Ауғанстанға жіберілген төрт түлектің бірі болған. Дауылбаев түлектердің бірі Кабулдағы Амин резиденциясына шабуыл кезінде қаза тапқанын, тағы бірі денсаулығына кері әсер еткен жарақат алып, 1986 жылы өмірден озғанын айтады.

– Мен және Рүстем есімді өзбек жігіт қана қалды. Ол кейін Германияға кетіп, сол жақтан саяси баспана алды. Мен оны түсінемін және қолдаймын. Маған келсек, мемлекеттік қауіпсіздік комитетінде карьера жасай алмадым. Маған бұрын жарқын болашақ туралы уәде бергендер Амин сарайын басып алғаннан кейін мен туралы ұмытып кетті, – дейді Дауылбаев.

«Мұсылман батальонының» командирі болған запастағы полковник Хабибжан Холбаев (сол жақта) мен Айдархан Дауылбаев полковник Борис Керімбаевтың (Қара майор) 70 жасқа толған мерейтойында. Алматы, 10 қаңтар 2018 жыл.

«Мұсылман батальонының» командирі болған запастағы полковник Хабибжан Холбаев (сол жақта) мен Айдархан Дауылбаев полковник Борис Керімбаевтың (Қара майор) 70 жасқа толған мерейтойында. Алматы, 10 қаңтар 2018 жыл.

Айдархан Дауылбаевқа Совет одағы тарағаннан кейін Ресей федералды тергеу бюросына өткен СССР мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің архивінде аты-жөнінің сақталуы көмектескен. Бұл оған біраз қиындық туғызған. Өйткені Совет одағы тарағаннан кейін Дауылбаев Ресей үшін шетелдік азаматқа айналған. Бірақ Қазақстан мен Ресей арнаулы қызметінің арасындағы әріптестіктің арқасында Дауылбаев Ауғанстан соғысының қатысушысы деген мәртебеге қол жеткізген. Ол Қазақстаннан жәрдемақы және Ресей тарапынан азын-аулақ үстеме ақша алады.

Дауылбаев Ауғанстандағы қиын жылдар кезінде де махаббат оқиғасы болғанын еске алды. Ол Кабулда өзінің сүйгенін тапқан. Әлі күнге оны туған жеріне әкеле алмағанына өкінеді.

– Аминнің сарайына президент күзеті бастығының әйелі кенже сіңлісімен бірге келетін. Біз бір-бірімізге ұнап қалдық. Бұл туралы командирге айттым. Ол «Қол тигізуші болма, ит сияқты атып тастайды» деді. Мен ниетім түзу екенін, үйленгім келетінін айттым. Ол келісті. Қыздың туыстары да көнді. Той жасаған жоқпыз. Молдаға барып, некемізді қидырдық. Осылай ауған отбасының күйеу баласына айналдым. Ол сөз арасында, президент күзетінің бастығы болып істейтін жездесі туралы айтып отыратын. Мен алған ақпаратымды өз басшыларыма жеткізетінмін. «Іссапар» аяқталғаннан кейін оны өзіммен бірге Совет одағына алып кеткім келді, бірақ басшылық рұқсат бермеді. Барлау қызметі мен арқылы оны пайдаланғанын түсінгенімде, қатты ашуландым. Одан кейін бірнеше әйел болды, бірақ олардың бірде-бірін дәл сол ауған қызындай жақсы көрген жоқпын. Үлкен қара көздері әлі күнге есімде. Ол маған қатты сенді, ал мен оны сатып кеттім, – дейді өкінішін жасыра алмаған Дауылбаев. Ол туған жерге оралған соң, Ауғанстанға қайта бармаған және бару жоспарында да жоқ.

Дауылбаев 1980 жылы Совет одағына оралып, бес жыл бокстан жаттықтырушы боп жұмыс істеген. Біраз уақыт Ресейде тұрған. Кейін бизнес бастаған. Қазір отбасы, ұлы мен қызы бар.

40 жыл бұрын болған оқиғаға ойша оралған Дауылбаев Амин сарайына жасалған шабуылдан кейін Совет одағы үшін кері санақ басталғанын айтады. Он жылдық соғыста СССР 15 мыңнан астам адамын жоғалтты. Әскерін Ауғанстаннан шығарғанына екі жыл толғанда құрлықтың алтыдан бір бөлігін алып жатқан алпауыт мемлекет әлем картасынан жойылды.

Azattyq