Шавкат Мирзиёев Назарбаевқа алғысын айтты

0

Саясат

Қысқа сілтеме алу

6 0 0

Өзбекстандағы Қазақстан жылының салтанатты ашылу рәсіміне қос елдің президенттері қатысты

НҰР-СҰЛТАН, 16 сәуір – Sputnik. Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев Қазақстан жылының салтанатты ашылу рәсімінде тұңғыш президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа ризашылығын білдірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Өзбекстандағы Қазақстан жылының салтанатты ашылу рәсімінде сөз сөйлеген Шавкат Мирзиёев Қазақстанның тұңғыш президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты «менің ағам» деп атады.

«Сіздерді Өзбекстандағы Қазақстан жылының салтанатты ашылу рәсімінде қарсы алып отырғаныма қуаныштымын. Біз былтыр Қазақстандағы Өзбекстан жылын, ал биыл Өзбекстандағы Қазақстан жылын өткізу туралы Қазақстанның тұңғыш президенті – Елбасы, менің ағам құрметті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2017 жылдың қыркүйегінде біздің елге жасаған мемлекеттік сапары барысында уағдаласқан едік», — деді Мирзиёев Ташкентте «Өзбекстан» халықаралық форумдар сарайында өткен ашылу рәсімінде.

Өзбек басшысы осы сәтті пайдаланып, Өзбекстанның көпұлтты халқының атынан Нұрсұлтан Назарбаевқа елдер арасындағы тату көршілік пен достықты нығайтуға қосқан баға жетпес үлесі, сондай-ақ, Қазақстандағы Өзбекстан жылына арналған шараларды естен кетпестей әсерлі өткізгені үшін шын жүректен алғыс айтты.

«Өзбекстандағы Қазақстан жылының ашылуы өзара сенімнің күшейіп, стратегиялық серіктестіктің қарқынды дамып жатқанын көрсетеді. Бұл айрықша оқиға қос халықтың мәдениеті мен рухани тұтастығының, мәңгі және шынайы достықтың символы болып отыр» – деді Өзбекстан президенті.

Мирзиёев Өзбекстандағы Қазақстан жылына арналған іс-шаралар ғасырлар бойы үзілмей келе жатқан байланысты одан әрі нығайта түсетініне сенімді екенін айтты.


©
Foto : Ақорда сайты

Өзбекстандағы Қазақстан жылының салтанатты ашылу рәсімі

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев салтанатты рәсімде сөйлеген сөзінде Шавкат Мирзиёевке және өзбек халқына жылы қарсы алып, қонақжайлық көрсеткені үшін ризашылығын білдірді. 

«Бізді тіліміздің бірлігі, дініміз, ортақ тарихымыз бен біртұтас тағдырымыз біріктіреді. Халықтарымыз – Орталық Азиядағы ежелгі әрі ұлы өркениеттің мұрагері. Біз дәстүрімізді, бабаларымыздың құндылықтары мен мәдени-тарихи мұраларын сақтап қалдық. Сонымен қатар, көптеген қиын сынақтарды бастан өткердік», – деді мемлекет басшысы.

Сондай-ақ, Тоқаев бүгінде Қазақстан-Өзбекстан қарым-қатынастарында шешілмеген ешқандай мәселе жоқ екенін айтты.

«Қазақстанның Тұңғыш президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен құрметті президент Шавкат Мирзиёевтің арқасында қазақ-өзбек қатынастары жоғары деңгейге көтерілді», — деді президент.

Тоқаев Өзбекстандағы Қазақстан жылы екі ел қарым-қатынасы үшін ғана емес, тұтас Орталық Азияда өзара түсіністік және сенім атмосферасының қалыптасуы үшін маңызы бар айтулы оқиға екенін атап өтті.

Бұған қоса, мемлекет басшысы қос елдің басты рухани және тарихи орталықтарын бір бірімен байланыстыратын Түркістан, Самарқанд, Бұхараны бір бағытқа қосатын туристік кластер ашуды ұсынды.


©
Foto : Ақорда сайты

Өзбекстандағы Қазақстан жылының ашылуына орай өткен гала-концерт

Салтанатты рәсімнің соңы мерекелік гала-концертке ұласты. Онда Әлібек Дінішев, Айман Мұсаходжаева, Медет Шотабаев, Нұрлан Бекмұхамбетов, Димаш Құдайберген, Мария Мудряк сынды отандық өнер қайраткерлері мен сахна шеберлері өнер көрсетті.

Айта кетсек, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 14-15 сәуір күндері алғашқы мемлекеттік сапармен Өзбекстанда болды. 



sputniknews.kz