Шавкат Мирзияев ең қауіпті шенеунікті қызметтен босатты

0
4118

Өзбекстан Ұлттық қауіпсіздік қызметінің (қазіргі Мемлекеттік қауіпсіздік қызметі) бұрынғы төрағасы Рустам Иноятов президент кеңесшісі қызметінен босатылды, деп хабарлайды Азаттық радиосы.

Ол 2018 жылдың тамыз айынан бері президенттің құқық қорғау және бақылау органдарының жұмысын үйлестіру бойынша кеңесшісі болған.

15 қарашада президенттің баспасөз хатшысы Шерзод Асадов бұл қызметке Бақтиер Исламов тағайындалғанын хабарлады. Рустам Иноятовтың қызметтен босау себебі белгісіз.

77 жастағы Рустам Иноятов Өзбекстан Ұлттық қауіпсіздік қызметін 1995 жылдан бастап 2018 жылға дейін 23 жыл басқарған. Елдің бұрынғы президенті, авторитар басшы Ислам Каримов режимі тұсында ол елдегі ең ықпалды адамдардың бірі болған.

2018 жылы 31 қаңтарда Иноятов ҰҚҚ басшысы қызметінен алынып, сол күні президент кеңесшісі болып тағайындалды, бір мезгілде парламенттің жоғары палатасының мүшесі болды.

Сол жылы наурызда Ұлттық қауіпсіздік қызметі Мемлекеттік қауіпсіздік қызметі болып қайта құрылды. 2017 жылы желтоқсанда Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзияев Ұлттық қауіпсіздік қызметінің өкілеті негізсіз кеңейтілген деп сынап, алғаш рет оны реформалау қажеттігін айтқан.