«Шаштан ұстап, қабырғаға соғып»: 1986 жылы көтеріліске қатысқан қазақ қызы сол күнгі сұмдық оқиғаны баяндады

0

1986 жылғы 17-18 желтоқсанда Алматыда болған қазақ жастарының бірі Анар Рақымжанова сол күнгі оқиғаның қалай болғанын баяндап берді деп жазады Zamana.kz.

Кезекті демалыстан келген Анар 15 желтоқсан күні Алматыға қайта оралыпты. 

«16 желтоқсан күні сөз байласып жүрген жігітім Маратпен киноға барғанбыз, содан қайтып келе жатқанда радиодан Қонаевты орнынан алып, Колбинді тағайындағанын естідік. Кешке қарай жатақхана алдына бір жігіт келіп. «Қазақтар, неге үнсіз отырсыңдар?! Орталық алаңда қазақтарды қырып жатыр!» – деп айқайлады. Жанымдағы құрбым екеуміз осыны ести сала алаңға бармақ болғанбыз, бірақ милиция жатақханадан шығармай қойды», — деп бастады сөзін ол.

Сол күні студент қатты сырқаттанып, жұмысқа бармаған. Құрбысы Гүлшат екеуі емханадан қағаз алып, алаңға қарай беттепті.  

«Автобусқа отырып, орталық алаңға тарттық. Бірақ қоғамдық көлік жүргізушісі «Балуан Шолақ» стадионына жеткесін ары қарай бармайтынын айтып, бәрімізді түсіріп тастады. Біз ары қарай жаяу тарттық, сөйтіп патриоттық әндер шырқап, орталық алаңға жеттік.

Біз барғанда алаңда адам өте көп екен. Айқай-шудан құлақ тұнады. Гүлшат екеуміз көп адамның ортасына енген бетте-ақ бір-бірімізді таппай қалдық.

Сөйлеп жатқандар бар ма екен деп алға қарай жылжуға тырысып бағудамын. Бір кезде бізге қарай әскери адамдардың жүгіріп келе жат­қаны көрінді. Жұрт топырлай ығысып, бірінің үстіне бірі құлап жатты. Мен де құладым, сол кезде екі милиционер келіп ұстады. Мен сол кезде әскерилердің қарусыз топты аяусыз соққыға алып жатқанын, бұйра шашты бір жігіттің басын тас­қа соққанын көрдім», — деген ол полицейлердің  бір топ қызды (арасында өзі де бар) Қаскелеңдегі полиция бөлімшесіне апарып, кейін қайтарып жібергенін айтты. 

Ал алаңда көз жазып қалған құрбысы жатақханаға кеш келген. 

«Ол кейінірек келді. Фрунзе аудандық полиция бөліміне, орыстардың қолына түскен екен, әбден таяқ жепті. Басынан қатты соққы алған, шашынан ұстап, қа­быр­ғаға соққан екен, көзі ісіп кеткен, мүлдем ашылмайды.

Бұл аздай, оны кейін жұмыстан шығарып жіберді, Алматыдан кетуін талап етті. Оның сөз байласып жүрген жігіті Қадыр Төлеубаев Ауғанстанда қызмет еткен еді, ол да оқиға кезінде қолға түсіп қалыпты. Оларды Боралдай жаққа апарып, қақаған қыста киімдерін шешіп алып, тастап кетіпті. Сол кезде құжаттарын жоғалтып алыпты.

Олар кейін екеуі үйленіп, отбасын құрды, төрт бала өсірді.

Менің өз ағам Ерлан да сол күні милицияның қолына түсіп қалған. Олардан әзер құтылған бетте мені іздеп келіпті. Бауырлар бір күліп, бір жылап табысқан едік», — деп желтоқсанды сөзін аяқтады.