Шаш күту сырлары |
Әрбір тал шашқа белгілі бір өсу ұзақтығы тең, сонан кейін ол түсіп қалады. Бәрінен де бастағы шаш тез өседі, сақалдың өсуі баяу. Шаштың өсу қарқыны 50 жастан асқан соң едәуір баяулайды.
Шаштың өсуі мен түсуі үнемі болып тұрады. Өлі шаш кейде тері қабатында тұрып қалуы мүмкін, бірақ кез келген механикалық әсерден (жуу немесе тарау кезінде) тез түседі. Түскен шаштың орнына жаңадан шаш шығады. Шаштың көп түсуі ағзаның сырқатына, әсіресе инфекциялық, созылмалы ауруларға сондай-ақ май бөлудің (себорея) бұзылуына байланысты болады, сондықтан да шаш көп түскен кезде дәрігерлерге қаралған жөн.
Басты ыстық сумен, дұрысы ағын сумен жуған жөн, егерде су ащы болса жауын сумен немесе қайнаған суды пайдаланған жақсы. Суды ас содасын (1 литр суға шай қасық 1/2бөлігіндей) қосып жұмсартуға болады. Шаш қалыпты жағдайда болса, басты жеті күннен кейін, құрғақ шашты – 7-10 күнде 1 рет, майлы шашты -5-7күнде 1 рет жуу керек. Шаш майлы болған жағдайда басты өте жиі жуу майдың бөлінуін күшейтіп жіберуі ықтимал. Қалыпты, сау шашты жууға бәрінен де дұрысы «Детское», «Любимое» сабынының және шашқа сәйкес келетін шампунь қолданған орынды, ал кір сабынмен жууға болмайды. Шашты сабынның көбігіне, оны басқа жайлап айналдыра жағып жуған жақсы. Соңғы рет шайған кезде суға сірке суын немесе лимон шырынын қосса (1 л суға 1 ас қасық) шашты жылтыратып, жібектей жұмсартып, әдемі рең береді. Ақ шашты әдемі сарғылт рең беретін ромашка тұнбасымен шаюға болады.
Құрғақ шашты құрамында майы көбірек сабынмен, сондай-ақ құрғақ шашқа арналған шампуньмен жуған дұрыс; сабынның орнына айран немесе жұмыртқаның сарысын пайдалануға болады. Айранды бастың терісі мен шашқа жақсылап жағып, басты орамалмен байлап, 5-10 минуттан кейін ыстық сумен жуу керек; 1-2 жұмыртқаның сарысын (ағынан айырып) ішінде аздаған мөлшерде суы бар ыдысқа құйып араластырып, шашты сонымен жуып, сонан соң ыстық сумен шаяды. Шашты жуып болғаннан кейін оны жұмсақ сүлгімен сүрте отырып, кептірген дұрыс. Басты орамалмен байламау керек. Құрғақ шашты жуар алдында бірнеше сағат бұрын кез келген өсімдік майымен майлаған жақсы.
Қысқа шашты түбінен, ал ұзын шашты ұшынан бастап тарау керек. Тарақ тістері сирек және өткір болмағаны дұрыс. Шашты щеткамен тараса, ол жақсы тазалайды, бас терісінің қан айналымын жақсартады. Щеткамен шаштың түбінен ұшына дейін бірнеше рет жатқыза тараған жөн. Щетка қатты, бірақ тікенекті болмауы керек. Басқа біреудің тарағын не щеткасын пайдалануға болмайды.
Шашты оның өсуін жақсарту үшін емес, гигиеналық және эстетикалық мақсатпен алады. Ұстарамен алу да шаштың өсуіне әсер етпейді. Қалың және тар бас киімдер, күн сайын парик киіп жүру теріге салмақ түсіреді, сонымен бірге шашқа ауаның баруын қиындатады, мұның өзі шаштың түсу процесін тездетіп жібереді.
Күннің, желдің, теңіз суының, шаңның т.б. әсерінен шаш күңгірттенеді, құрғайды, қартаяды, түсі өзгереді. Суық та шашқа кері әсер етеді, сондықтан суық күндері міндетті түрде бас киім киіп жүру қажет. Шаң-тозаңда жұмыс істеген жағдайда басты орамалмен байлап алған жөн. Шашты қатты тарту, ширату, сондай-ақ бұрымды үнемі тығыз өру шаштың түсуіне әсер етеді.
Шаш адамға көрік пен сән беріп қана қоймайды, сонымен бірге адамды қорғайды да. Ол бір жағынан басты қатты қызып кетуден қорғаса, екінші жағынан организмдегі жылуды да мол сақтайды. Кірпіктер көзді шаң түсуден және желден сақтайды. Шашымыз бен қасымыз, кірпігіміз бізді қорғай тұрып, өздері де қорғауды, күтімді қажет етеді. Олар өте сезімтал, аздаған тітіркеністің өзіне жауап қайтара алады.
Шаштың түсі оның құрамындағы бояғыш зат – мелалин пигментінің мөлшеріне тәуелді. Қараторы адамдардың шашында пигмент көп. Қоңыр-сары шаштыларда (шатендерде) – аздау, аққұба, сары шаштыларда (блондиндерде) – тіпті аз. Егер шашта темірлі пигмент көп болса, онда ол жирен (рыжий) түсті болады. Бұлармен қатар шаштың түсі тұқым қуалайды. Адамның өмір бойы шашы түсіп, түлеп, орнына жаңа шаштар шығып отырады. Шаштың толық түлеп жаңа шашпен ауысып отыруына бір айдан үш-төрт жылға дейін уақыт қажет. Дені сау адамның шашы айына бір сантиметр өседі.
Адам қартая бастағанда шаш пигменттерін жоғалтып, ағара бастайды. Шаш адам 20-30-ға келгенде де ағара береді. Ағарған шаш жіңішкереді. Шаш дұрыс күтілмесе немесе ол ауруға шалдықса, иа адам созылмалы ауруға ұшыраса да шаш түсе бастайды.
Дұрыс тамақтанбау, әсіресе семіріп кетемін, деп белгілі бір асты шектеп ішу, басқаларынан ерекше диета ұстанып, асыра сілтеу – ас қорыту-дың табиғи процесттерін бұзады, қоректік заттардың бойға сіңуін қиында-тады. Қажетті белоктар, микроэлементтер тамақпен бірге организмге аз келетіндіктен, шашқа зардабы тиеді. Тамақ ішу режимін, оның сапасын бұзу – шашқа ғана емес тырнаққа да зардабын тигізеді, ол құрғайды, омырылғыш, сыңғыш болып келеді.
Алкогольден, темекіден созылмалы улану да шашқа зиян. Арақ-шарап та шашты жіңішкертеді, сиретеді, түсіреді. Инфекциялық созылмалы сырқаттар да шаш үшін қауіпті. Сондықтан шаштары ауруға шалдығып, түсе бастаған адамдар тері ауруларын қарайтын дәрігерлердің немесе косметологтардың бақылауында болуы тиіс. Шаштың түсу себебін анықтағаннан кейін дәрігер арнайы ем белгілейді. Шаштың аурулары нерв жүйесінің, гормондық жүйелердің, зат алмасуларының бұзылуы салдарынан пайда болғандықтан, сырқат адамға кешенді емдер қолданылады, яғни жалпы ағзаға және тікелей шашқа әсер ететін дәрі-дәрмектер беріледі.
Соңғы жылдары шаштың түсуіне қарсы токтың көмегімен емдейтін физикалық тәсіл кеңінен қолданып келеді. Рефлексотерапия немесе инемен емдеу тәсілі де кең қолдау табуда. Емді шаштың тікелей өзіне қолданылатын жергілікті тәсіл де бар. Шаш шайырлы болған жағдайда суықпен емдейді, яғни суық азоттан аппликация жасайды. Мұндай емдемді косметологиялық емханаларда және аудандық поликникалар жанын-дағы косметикалық кабинеттерде жүзеге асырады.
Осы кабинеттерде құйқада қанның жүруін жақсарту үшін емдік косметикалық массаждар жасалады. Медбике бастың құйқасын жақсылап сипап, уқалап т.б. массаж жасағаннан кейін қан тамырлары кеңейді, құйқ-ның қоректенуі дұрысталады, шаш нығаяды, сөйтіп түсу тоқталады, шайыр-лануы азаяды. Массаж 10-15 минуттан күнара жасалады және сырқат адам 12-15 процедура қабылдайды, содан соң араға бір ай салып массажды тағы бір рет қайталайды.
Шаш қалың болса, арасына ауа кіре алмайтынын, сөйтіп оның түбінен бөлініп шыққан майлар ыдырап шіри бастайтынын білген дұрыс. Міне, осы ыдырап бөліне бастаған шаштың майына шаң, сонымен бірге қайызғақ араласады. Аптаның аяғында шаштың өңі бұзылады, шайырланады, кірлейді. Сол себептен шашты 10 күннен асырмай жуып тұру керек.
Тарағанда, жуғанда шаштың түсетіні байқалады. Одан қорықпаңыз. Әрбір тал шаштың жетілу циклі болады. Шаш өседі, өзінің ұзару шегіне жетеді де, сол күйінде белгілі бір уақытқа дейін өсіп тұрады және түлеп түскен кезде орнына басқа шаш шығады. Бірақ шаштың бәрі бір мезгілде түлеп түспейді. Әрқайсысы әртүрлі мезгілде түлеп түседі. Бір ерекшелігі, ол көктем мен күзде көбірек түседі. Кейбір ғалымдардың айтуына қарағанда тәулігіне балалардың 90 тал шашы, егде адамдардың 38-100 тал шашы, қарттардың 120, одан да көп шашы түлеп түсіп, орны алмасып отырады. Сондықтан тарағанда, жуғанда шаштың түсуінен қорықпаңыз.
Ағзаның ауру-сырқаудан аман болуы, тамақты қалыптан, нормадан асырмай ішу, ұйқының бұзылмауы, дене шынықтырумен және спортпен айналысу, табиғат аясында ұзақ уақыт серуендеу – көңіл-күйді жақсартып, денсаулықты нығайтып қана қоймай, сонымен бірге шашқа да оң ықпалын тигізеді. Соның өзінде шаш ерекше әрі мұқият күтімді қажет етеді. Әсіресе, шаштың таза болуын қадағалаған жөн. Оны үнемі шаңнан, қайызғақтан, теріден және майдан тазартып тұру қажет. Ауырмаған, табиғи қалыптан ауытқымаған шаш әдетте, жылтырап тұрады, қолмен ұстасаңыз, жұп-жұмсақ болады.
Дереккөз: Reactor
http://inform.kz