Шардарада полицей қызғаныштан жігітті ұрып, бетіне түкірді
Полиция қызметкерінің далада белгісіз жігітті ұрып, бетіне түкірген видеосы әлеуметтік желіде тарап кеткен еді
ШЫМКЕНТ, 13-желтоқсан – Sputnik. Түркістан облыстық полиция департаментінің Шардара аудандық полиция бөлімінің қызметкері «бұзақылық» жасағаны үшін жұмыстан қуылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстанның өңірдегі тілшісі.
Әлеуметтік желіде азаматтық киімдегі полиция қызметкерінің белгісіз бір жігіттің шашынан ұстап ұрып, бетіне түкірген видеосы жарияланып, қызу талқыланған болатын.
Облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Салтанат Қаракөзованың хабарлауынша, Шардара аудандық полиция бөлімінің қызметкері іс-әрекетіне байланысты жұмыстан босатылды. Оның үстінен қылмыстық кодекстің 293-бабы («Бұзақылық») бойынша қылмыстық іс қозғалған.
«Облыстық полиция департаментінің өзіндік қауіпсіздік басқармасы әлеуметтік желілерде тараған видеоға байланысты қызметтік тексеру жүзгізді. Комиссия шешімімен Шардара аудандық полиция бөлімінің полицейі қызметінен босатылды. Тексеру кезінде оның бұл әрекеті қызғаныштан болғаны анықталды», — деп хабарлады облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі.
Дереккөз: https://sputniknews.kz/