«Шаңырақ ісімен» сотталған Өтегеновке түрме әкімшілігі құқық қорғаушыны жібермеді

0

«Шаңырақ ісімен» 16 жылға сотталған Құрманғазы Өтегенов Азаттыққа түрме әкімшілігі кеше өзімен жүздесуге келген құқық қорғаушы Елена Семенованы қысқа мерзімді кездесуге жібермей қойғанын хабарлады. Семеновамен кездесуге рұқсат бергенін Өтегенов БАҚ арқылы мәлім еткен.

Павлодар облысындағы қоғамдық бақылау комиссиясының жетекшісі Елена Семенова бұл ақпаратты растады. Түрме әкімшілігінің құқық қорғаушыға айтуынша, кездесуге рұқсат бермеуге Өтегеновтің маусымға дейін қысқа мерзімді кездесулер лимиті таусылғаны себеп болған. «Ал Өтегенов ұзақ мерзімді кездесуге рұқсат бермеген» деген түрме әкімшілігі.

— Құрманғазы Өтегенов менің келуімді сұрағаны жазылған Азаттық сайтындағы өтінішін шығарып көрсеттім. Бірақ маған бәрібір рұқсат еткен жоқ. Өтегеновтің шартты жазамен босап шығу туралы өтініш тапсыратын мерзімі таяп келе жатыр. Оның мүддесін қорғауым үшін Өтегеновке міндетті түрде кіріп, сенімхат алуым керек, — деді Семенова.

Азаттық тілшісімен сөйлескен түрме қызметкері «сотталғандарды кездестіру мәселесімен Ұлттық гвардия айналысатынын, өзінің олармен байланысы жоғын» айтып, бұған қатысты пікір білдірмеді.

Павлодардағы қатаң режимдегі колонияда жатқан Құрманғазы Өтегенов — 2006 жылы шілдеде болған Шаңырақ оқиғасына қатысып, ұзақ жылға бас бостандығынан айырылған төрт адамның бірі.

Өтегенов 2006 жылғы 14 маусымда Алматының шетіндегі Шаңырақ ықшамауданында болған оқиғаларға қатысты деп айыпталып, 16 жылға түрме жазасына кесілген. Сол оқиға кезінде полицияның бір қызметкері қаза тапқан. Кейін оған “түрме әкімшілігінің заңды талаптарына бағынбады” деген айып тағылып, негізгі жаза мерзіміне тағы екі жарым жыл қосылған.

Azattyq