«Шаңырақ ісі» бойынша сотталғандарды босатуды талап еткен Атабектің қызын полиция алып кетті

0

Шілденің 14-і күні Алматыдағы Абай ескертішінің алдында «Шаңырақ ісі» бойынша 18 жылға сотталған ақын Арон Атабектің қызы Айдана Айдархан әдеби акция өткізіп, әкесінің түрмеде жазған өлеңдерін оқыды. Ол акция барысында осы іс бойынша сотталғандардың барлығын ақтап, босатуды талап етті.

— Ақындар үнемі халық мұңын, зарын айтады. Оларды әрдайым тыңдаған. Бірақ қазір ақындарды ұстап, тұншықтыруға тырысып жатыр. Себебі олардан қорқады. Әкемнің түрмеде отырғанына 13 жыл болды. Осы уақыттың басым бөлігін карцерде өткізді. Оның бетон еденде ұйықтауына тура келген. Соның салдарынан оның аяғындағы жарақаты (Бақайды қорғаған кезде алған жарақаты) асқынып, аяғын мүлде бүге алмайтын болған, — деді акция барысында Айдана Айдархан.

Ол соңғы рет әкесін 13 жыл бұрын сот залынан көргенін, әкесінің 2006 жылы сот үкіміне наразылық ретінде денесін лезвиемен тілгенін айтты. Әкесімен арадағы хаттардың баяу (екі ай мен бір жыл аралығында) жүретінін айтқан Айдана Айдархан оның үйіне хабарласуға құқығы бар болса да, ешқашан хабарласпағанын айтты.

Ол шара кезінде қазіргі кезде «Шаңырақ ісі» бойынша Құрманғазы Өтегеновтің де түрмеде отырғанын, олардың бәрін ақтап шығаруды талап етті.

Көп кешікпен оқиға орнына бірнеше полиция қызметкері келіп, Айдана Айдарханның төлқұжатын сұрап, «рұқсат етілмеген акция өткізуге болмайтынын» айтты. Полиция қызметкерлерінің бірі Атабектің кітабын алып, парақтап көрді. «Кітапты не үшін парақтап оқып тұрсыз? Мазмұнын тексеріп жатсыз ба?» деген Азаттық тілшісінің сұрағына жауап бермеді. Сәлден соң полиция көлігіне отырғызып, алып кетті. Оқиға орнында болған кейбір белсенділер «Айдана, біз сенімен біргеміз! Жарайсың!» деп айғайлады.

Медеу аудандық полиция бөлімшесі әзірге жауап берген жоқ.

2006 жылы шілденің 14-інде Алматының шетіндегі Шаңырақ ықшам ауданында «жер телімдерін заңсыз иеленіп үй салды» деп айыпталған тұрғындар мен олардың үйлерін қиратуға келген полиция арасында қақтығыс болған. Жаппай қақтығыс кезінде 24 жастағы полицей Әсет Бейсеновтің үстіне белгісіз біреулер бензин құйып өртеп жіберген. Денесінің 70 пайызы күйіп кеткен ол 12 күннен кейін Алматыдағы 12-ауруханада көз жұмған.

«Шаңырақ оқиғасы» бойынша қылмыстық іс қозғалып, сот 2007 жылдың күзінде төрт адам – Арон Едігеевті (Атабек — әдеби бүркеншік есімі) 18 жылға, Құрманғазы Өтегеновті 16 жылға, Ерғанат Тараншиевті 15 жылға және Рүстем Тұяқовты 14 жылға соттаған.

Бұған дейін Ерғанат Тараншиев пен Рүстем Тұяқов шартты түрде мерзімінен бұрын босап шыққан.

Azattyq