Шаңғышы Полторанин жарыстардан уақытша шеттетілді

0

Халықаралық шаңғы федерациясы (FIS) қазақстандық шаңғышы Алексей Полторанинді уақытша жарыстардан шеттетті. Бұл туралы FIS ресми сайтында хабарлады.

27 ақпанда Австрияның Зефеельд қалашығында австриялық және германиялық полицейлер допингке қарсы арнайы рейд жүргізіп, бір қазақстандық, екі австриялық және екі эстониялық шаңғышыны ұстаған. Оларға «допинг ережесін бұзды» деген айып тағылған. 28 ақпанда Қазақстан шаңғы федерациясы қазақстандық шаңғышы Алексей Полтораниннің ұсталғанын растаған.

Австрия полициясының офицері Дитер Чефан халықаралық ақпарат агенттіктеріне бір спортшыны арнайы аппаратпен қан құйып жатқан жерінен ұстағандарын айтқан.

Қазақстандық шаңғышы Алексей Полтаранин 2013 жылы Италияда өткен әлем чемпионатында 50 шақырымға классикалық әдіспен жүгіруде және командалық спринт жарысында қола медаль алған. Әлем кубогы кезеңдерінде оннан астам алтын иеленген. 2011 жылы Алматы мен Астанада өткен Азия ойындарының төрт дүркін чемпионы. 2006, 2010, 2014, 2018 жылғы олимпиада ойындарына қатысқан.

Алексей Полтаранин – Қазақстанда ерекше қамқорлықтағы спортшылардың бірі. Халықаралық жарыстарда көп үміт күттіретін, жүлде алуға мүмкіндігі мол спортшы ретінде ол ұлттық құрамадан жеке, арнайы бағдарламамен жаттығады. Бірнеше жыл бойы эстониялық бапкер Мати Алавер Полторанинді 2018 жылғы Пхенчхан олимпиадасына жеке дайындаған.

Азаттық