Шаңғы федерациясы Полторанинге қатысты түсініктеме берді

0
79

28 ақпанда Қазақстан шаңғы спорты түрлері федерациясы Австрияның Зеефельд қаласында өтіп жатқан әлем чемпионаты кезінде ұсталған шаңғышы Алексей Полторанинге қатысты ақпарат берді.

  • Егер оның допинг қолданғаны шын мәнінде расталса, федерация бұл туралы ресми мәлімет жариялайды. Полтораниннің допингке қарсы ережелерді бұзғаны толығымен дәлелденбейінше және федерация WADA, ХОК, FIS секілді ұйымдардың Алексейге ресми түрде айып таққанына көз жеткізбейінше, біз спортшымызды қорғайтын боламыз, – деді шаңғы спорты түрлері Ұлттық федерациясының баспасөз-хатшысы Самал Наурызова.

Кеше, 27 ақпан күні Австрияда өтіп жатқан әлем чемпионатында Алексей Полторанин 15 шақырымға классикалық әдіспен жарысушылар сынына қатысуы тиіс болатын. Бірақ спортшы жарыс жолына шыққан жоқ.

Сол күні Зефельдте полиция «допинг ережесін бұзды» деп Қазақстанның бір, Австрияның екі және Эстонияның да екі шаңғышысын ұстаған. Жергілкті полиция 27 ақпанда арнайы рейд ұйымдастырып, спортшыларды тексерген.

Алексей Полторанин 2013 жылы Италияда өткен әлем чемпионатында 50 шақырымға классикалық әдіспен жүгіруде және командалық спринт жарысында қола медаль алған. Әлем кубогы кезеңдерінде оннан астам алтын алған. 2011 жылы Алматы мен Астанада өткен Азия ойындарының төрт дүркін чемпионы. 2006, 2010, 2014 жылғы олимпиада ойындарына қатысқан. Ванкуверде командалық жарыста Николай Чебатькомен бірге бесінші орын алған.

Азаттық