Домой Жаңалықтар Шәмша Беркімбаева өмірден озды

Шәмша Беркімбаева өмірден озды

0
2395

Экс-Білім және ғылым министрі Шәмша Беркімбаева өмірден озды. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Facebook парақшасына жариялады, деп хабарлайды kznews.kz тілшісі.

«Бүгін экс-Білім және ғылым министрі Беркімбаева Шәмша Көпбайқызының қайтыс болғаны туралы хабарды үлкен өкінішпен қабылдадым», — деп жазды Аймағамбетов.

Шәмша Беркімбаева еңбек жолын ауыл мұғалімі болып бастаған. Осы жылдар ішінде мектеп директоры, Алматы облыстық партия комитетінің хатшысы, білім министрінің орынбасары, Қазақстанның Қырғызстандағы елшілігінің бірінші хатшысы, Алматы облысы білім басқармасының бастығы қызметтерін атқарды. Сондай-ақ, Қазақстан Парламенті Сенатының депутаты, ұзақ жылдар бойы  ЖенПУ ректоры болды.

«Педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент, академик Шәмша Көпбайқызы еліміздегі білім мен ғылымның дамуына зор үлес қосты.Шәмша Көпбайқызы ауыл мектептерін дамытуға, дарынды балаларды қолдауға жағдай жасауға ерекше көңіл бөлді. Жұмыс кездесулерінде Шәмша Көпбайқызы үнемі менімен тәжірибесімен бөлісіп, кеңестерін айтып, біздің саладағы жаңалықтарды қадағалап отырды. Ұлттық білім мен ғылымның көрнекті тұлғасының кетуі – орны толмас шығын. Шәмша Көпбайқызының туған-туыстары мен жақындарына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамын», — деп жазды Асхат Аймағамбетов.