Шалқарда оқ тиген студенттердің бірі әлі жансақтау бөлімінде жатыр

0

Шалқар қаласында оқ тиіп, ауыр жарақат алған екі студенттің жағдайы
жақсарып келеді. Бұл туралы Азаттыққа 1 тамыз күні Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы Бақытжан Түлкібаева хабарлады.

27 шілде күні Шалқардағы екі ықшам аудан жастары арасында шыққан
жанжал кезінде үш адамға оқ тиген. Соның бірі 21 жастағы
студент Аслан Әбдір ауруханаға жетпей, қайтыс болған.

Басқарма мәліметінше, оқиға болған 27 шілдеде Ақтөбеден Шалқарға санавиациямен бір топ дәрігер жіберілген. Әкімдік өкілі «жаралылардың халі әуелде тасымалға жарамсыз, өте ауыр болды» дейді. Сондықтан дәрігерлер оларды Шалқардағы аудандық ауруханада қалдыру туралы шешім қабылдаған. Жаралылар екі тәуліктен соң ғана облыс орталығына жеткізілген.

— Ақтөбедегі теміржол ауруханасына жеткізілген екі науқастың бірі әлі де
жансақтау бөлімінде жатыр. Екіншісі хирургия бөліміне ауыстырылды. Қазір екеуінің де жағдайы тұрақты, — дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы Бақытжан Түлкібаева.

Бірі — Алматыдағы экономика колледжінде, екіншісі көлік және
коммуникациялар академиясында оқитын студенттер оқиға болған кезде
туған жері Шалқарда жазғы демалыста жүрген.

Аты-жөнін атамауды сұраған Шалқар тұрғынының айтуынша, орталықтағы «Мерей» сауда үйінің жанында қаладағы «Город» және «Селивановка» деп аталатын екі ауданның балалары өзара шекісіп қалған.

Шалқар ауданы әкімі Бауыржан Қаниев «тергеу жүріп жатқанына байланысты ешбір мәлімет бере алмайтынын» айтты. Ақтөбе полициясының мәліметінше, «кісі өлтірді» деген күдікпен 21 жастағы жергілікті тұрғын қамауға алынған. Одан 16 калибрлі шолақ мылтық тәркіленген.

Azattyq