Шалқарда көз жұмған оқушы қайтыс боларынан жарты сағат бұрын анасымен тілдескен

0

Ақтөбе облысы Шалқар ауданындағы төбелес кезінде көз жұмған жеткіншек қайтыс боларынан жарты сағат бұрын анасымен тілдескен. Бұл туралы мақұм жасөспірімінің әкесі айтты деп жазады NUR.KZ.

«Өзегім өртеніп отыр. Баламды жаңа ғана жер қойнына тапсырдым. Ұлым жұлдызым еді, жарқырап өсіп келе жатты. Бокстан Қазақстан чемпионы болған спортшы. Үмітім көп еді… Жұлдыз баламнан айрылдым. Болашақта Олипиада чемпионы болар ма еді… Ол кішіпейіл болатын. Толқып та, ашуланып та тұрмын. Менің балама бір баланың әлі келмейді. Бокстан 70 келі салмақта шығып жүрген бала. Көпшіліктің жабылуымен болып тұр. Қаралы хабарға дейін жарты сағат бұрын балам шешесіне хабарласып үйге келе жатқанын айтты», — дейді марқұмның әкесі Жұмабек Дәулетияров.

Әкесінің айтуынша, жеткіншек сол күні коньки тебуге шыққан. Қонаққа шыққалы жатқан анасына хабарласып, үйде жарты сағаттың ішінде болатынын айтқан екен.

«Ол спортты жақсы көреді. Өзі коньки теуіп жүрген бала. Ол жаққа жібермей қалай ұстап отырайын?! Мен ешкімнің баласына жаманшылық тілемеймін. Өзім ешкімнің ала жібін аттаған емеспін. Баламды да адал етіп өсірдім.  Енді қастандық болмасыншы, жастардың өмірі бұлай қиылмасын деп тілеймін. Қайтейін… Осы жағдайдан кейін ешкім кешірім сұрап келген жоқ.

Бірақ сол кезде болған балалардың ата-аналары қайыр айтып келді. Үйіме кластастары, жолдастары, араласып жүрген одан кіші балалар да келді. Барлық балаларды көрші үйге кіргізіп, дастарханға отырғыздым. Қолдауларына алғыс білдіріп, келесі де мұндай төбелеске бармауларын сұрадым. Енді бізге заң тұрғысынан көмек керек. Іс жабылып қалмай, кінәлі адам жазалансын», — дейді баланың әкесі.

Еске сала кетейік, Шалқар ауданындағы төбелесте 15 жастағы жасөспірім көз жұмған болатын.

Қаза болған оқушы спортпен шұғылданғаны да белгілі болды.

Ал бүгін полция жеткіншектің өліміне күдікті жасөспірім ұсталғанын оқиғаға қатысты қылмыстық кодекстің 99 бабына сәйкес сот алды тергеу амалдары басталғанын хабарлады.

Дереккөз: kaz.nur.kz