Шалқар НҰРСЕЙІТОВ: Егемендік – бартерге салатын тауар емес

0

«Ескерту: Осы постты Қаңтар қырғыны кезінде елді “элита” интернеттен айырып тастаған кезде жазған едім. Эмоцияға ерік беріп, жағдайды рационалды бағалауға мүмкіндігім болмаған шығар деп постты осында жарияламаған едім. Қ.Тоқаевтың бүгінгі “әлемдік аудиторияға” арналған интервьюін көргеннен кейін сол жарияланбаған постты жарияласам деп шештім.

Егемендік — бартерге салатын тауар емес.

4 қаңтарда Қазақстан конституциясы бойынша саяси иерархиядағы екінші адам — сенат спикері М.Әшімбаев Маңғыстаудағы бейбіт митингі жайлы постында “Біз елдіктің маңызды межесінде тұрмыз. Тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай сақтап, егемендігімізді одан әрі нығайту — басты міндетіміз” деп жазды.

6 қаңтарда Қ. Тоқаев “террористтермен күресу үшін” ОДКБ әскерінен көмек сұрағанын жеткізді. Сириядағы кризисті шешуге тырысқан әрі “жусандатқан”, Ауғанстанда талибтермен тіл табысып жүрген, қатарында Е.Карин секілді мемлекетшіл-терроризмтанушысы бар Тоқаев командасы “террористік бандамен” Қазақстан әскерінің күшімен күресіп, “терроризммен күрес” барысында азаматтардың конституциялық құқығын таптамай өзін 19 млн азаматты басқаруға лайық элита екенін дәлелдеуі керек.

М. Әшімбаевтың сөзінің жаны бар. Тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай сақтайтын сәт туды. Бірақ дәл қазір егемендімізге қауіп Әшімбаев мырза меңзегендей бейбіт митингілерден емес, авторитар биліктің қандай жолмен болса да өз билігін сақтап қалу керек деген қалауынан туып тұр.

Мен Тәуелсіз Қазақстанда туып-өстім. Болашақта одақбастар басқаратын “Союзное государство России, Белоруссии и Казахстана”-да тұрғым келмейді. Кейінгі 30 жылда Назарбаев режимі failed state-ке айналдырған Қазақстанымызды алда іс жүзінде құқықтық, демократиялық, әлеуметтік және зайырлы мемлекетке айналдыра алатынымызға әлі де сенемін.

Егемендік — авторитар режимнің билігін сақтап қалу үшін немесе кландар тартысында жеңіске жету үшін бартерге салатын тауар емес».

 Шалқар НҰРСЕЙІТОВ